Egemen.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
«Қытай – Еуразия» көрмесі «Белдеу және жол» бастамасының маңызды халықаралық алаңдарының бірі саналады. Жыл сайын өтетін бұл жиын Шыңжаң – Ұйғыр автономиялық ауданының Батыс Қытайдағы көлік-логистикалық және сауда орталығы ретіндегі орнын күшейтіп келеді.
Ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Серік Жұманғарин ұйымдастырушыларға алғыс айтып, көрменің жаңа инвестициялық жобаларға жол ашатын, іскерлік байланысты тереңдететін тиімді алаңға айналғанын жеткізді.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин қалыптастырған өзара сенім екі елдің стратегиялық әріптестігін жаңа белеске көтерді. Бүгінде Қытай Қазақстанның ең ірі сауда серіктестерінің бірі болса, Шыңжаң өңірі осы байланыстардың негізгі тірегіне айналып отыр.
– Шыңжаң біз үшін көрші өңір ғана емес, Қытайдың ауқымды нарығына шығатын басты көлік-логистикалық қақпа. Біз ауыл шаруашылығы, азық-түлік, металлургия мен химия өнеркәсібі өнімдерінің экспортын ұлғайтуға дайынбыз, – деді Серік Жұманғарин.
Вице-премьердің пікірінше, Үрімшідегі басқосу өндірістік кооперацияны кеңейтіп, жаңа инвестициялық жобалардың басталуына серпін береді.
Көрме аясында жалпы аумағы 140 мың шаршы метрді қамтитын экспозиция қойылған. Инвестиция, өнеркәсіп, «жасыл» экономика, туризм, жаңа технологиялар мен Жібек жолы кеңістігіндегі ықпалдастыққа арналған алты тақырыптық павильон жұмыс істейді.
Биылғы көрме ауқымы жағынан рекорд жаңартты. Оған әлемнің 49 мемлекеті мен өңірінен делегациялар келген. Бағдарламаға сауда, инвестиция, инновация және өндірістік кооперацияға арналған 80-нен астам іс-шара енгізілген. Солардың бірі – «Қытайға экспорт» бағдарламасы шеңберіндегі Қазақстанның арнайы сессиясы.
Көрмедегі ең ірі экспозициялардың бірі – «Қазақстан» ұлттық павильоны. Мұнда 30-дан астам кәсіпорын өз өнімін ұсынып отыр. Агроөнеркәсіп кешені, азық-түлік, жеңіл өнеркәсіп, сусындар, парфюмерия, косметика мен терең өңделген өнімдер кеңінен қойылған. Түйе сүтінен өндірілген ұнтақ өнімдер, халықаралық талаптарға сай ет пен балық өнімдері келушілердің ерекше қызығушылығын туғызды.
Көрме ресми келіссөздерге де ұласты. Серік Жұманғарин Қытай Мемлекеттік кеңесі Премьерінің орынбасары Дин Сюэсянмен кездесіп, сауда, инвестиция, өнеркәсіптік кооперация және көлік-логистика бағытындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.
Вице-премьер көрмеде ұсынылған технологиялық жаңалықтардың өндірістік әріптестіктің жаңа кезеңін бастауға мүмкіндік беретінін айтты.
– Агрохимия мен дрон өндірісіндегі озық әзірлемелер үлкен қызығушылық туғызды. Біз осы өндірушілер мен инвесторларды Қазақстанға шақыруға дайынбыз. Өндірісті жергіліктендіруге қажетті барлық жағдай жасалады, – деді Серік Жұманғарин.
Келіссөз барысында екі ел арасындағы сауда көлемінің тұрақты өсімі сөз болды. Былтыр өзара тауар айналымы 48,7 млрд долларға жетсе, биылғы бес айда 22 млрд долларды құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 27 пайызға ұлғайған. Қазіргі үрдіс сақталса, жыл қорытындысында бұл көрсеткіш 50 млрд доллардан асады.
– Ендігі мақсат – өзара сауда көлемін 100 млрд долларға жеткізу. Ол үшін 2027–2030 жылдарға арналған сауда-экономикалық ынтымақтастық бағдарламасы мен Жол картасын мүмкіндігінше тез келісу қажет, – деді вице-премьер.
Кездесуде инвестициялық ықпалдастыққа ерекше мән берілді. Тәуелсіздік жылдары Қытай Қазақстан экономикасына 30 млрд долларға жуық тікелей инвестиция салды. Ендігі басымдық – жоғары қосылған құны бар өнім шығаратын өндірістерді дамыту. Әңгіме астықты терең өңдеу, толық циклді металлургия, агрохимия және ұшқышсыз ұшу аппараттарын шығару төңірегінде өрбіді.
Агроөнеркәсіп саласындағы байланыс та нығайып келеді. Өзара сауда көлемі 2 млрд долларға жеткен. Қытай тарапы Қазақстаннан ауыл шаруашылығы өнімдерінің 34 түрін импорттауға рұқсат берді. Тағы тоғыз тауар түрін жеткізу мәселесі келісу сатысында.
Көлік-логистика бағыты да келіссөздердің өзегіне айналды. Қытайдан Еуропаға құрлықпен жөнелтілетін жүктердің 85 пайызы Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Осыған байланысты шекаралық өткізу бекеттерін кеңейту жалғасып жатыр. «Бақты – Аягөз» үшінші теміржол өткелі іске қосылған соң, үш бағыттың жалпы өткізу мүмкіндігі жылына 100 млн тоннаға дейін жетеді. Қытай тарапы бұл жобаны бірлесіп жүзеге асыруға дайын екенін білдірді.
Дин Сюэсян цифрлық экономика, жасанды интеллект, энергетика мен навигациялық технологиялар салаларындағы байланыстарды тереңдетуге қызығушылық танытып, Қазақстан кәсіпорындарын Қытай нарығына шығуда «Қытай – Еуразия» көрмесінің әлеуетін кеңінен пайдалануға шақырды.
Келіссөздер қорытындысында тараптар стратегиялық әріптестікті жаңа мазмұнмен толықтыруға, сауда мен инвестиция көлемін ұлғайтуға, БҰҰ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы және «Орталық Азия – Қытай» форматы аясындағы ықпалдастықты одан әрі тереңдетуге уағдаласты.