Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..
Қытайлық құрылысшылар мен арнайы жер сорғыш кемелер Оңтүстік Қытай теңізінде жаңа жасанды арал жасаудың негізгі кезеңін аяқтады. Vantor компаниясының спутниктік суреттеріне жасалған талдау мен сарапшылардың бағалауынша, Қытай Парасель архипелагындағы бұрын таяз әрі су басып жатқан рифті небәрі 10 айдың ішінде ірі құрлық нысанына айналдырған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Жасанды түрде кеңейтілген аумақ шамамен 600 гектарды алып жатыр. Бұл рифті Парасель аралдарындағы ғана емес, бүкіл Оңтүстік Қытай теңізіндегі Қытайдың ең ірі нысандарының біріне айналдыруы мүмкін.
Құрылыс ауқымы мен инфрақұрылымыOSINT-зерттеушілер жер бедерінің өзгеруі мен жер сорғыш кемелердің жұмысын алғаш рет 2025 жылдың аяғында тіркеген. Бір жылға жетпейтін уақыт ішінде теңіз айдынының келбеті түбегейлі өзгерген.
Ұзындығы мен пішініПайда болған құрлық жолағы шамамен 6 шақырымға созылған. Аралдың солтүстік-батыс бөлігінде ұзындығы 3 шақырымнан асатын түзу жағалау қалыптасқан. Сарапшылардың пікірінше, бұл жер ауыр авиация мен стратегиялық бомбалаушы ұшақтарға арналған тұрақты ұшу-қону жолағын салуға қолайлы.
Терең су айлағыPortNews мәліметінше, аралда ұзындығы 680 метрлік айлақ салынып қойған. Рифтің лагунасы Қытай жағалау күзетінің ірі кемелерін, жабдықтау кемелерін және теңіз жасақтарын қабылдап, оларға қызмет көрсетуге мүмкіндік беретін терең су айлағына айналдырылған.
Алғашқы нысандарСпутниктік суреттерден сұр шатырлы 50-ден аса ғимарат, тікұшақ алаңы, ірі әкімшілік немесе қойма нысанының іргетасы, сондай-ақ, жеке бетон зауыты мен жылжымалы электр станциялары байқалған.
Стратегиялық мәні және Тайвань факторыСтратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының (CSIS) және Lowy зерттеу институтының сарапшылары Бейжің 2017 жылдан бері алғаш рет арал аумағын жасанды түрде ұлғайту жұмыстарын қайта жандандырғанын атап өтті.
PLATracker платформасының әскери сарапшылары Оңтүстік Қытай теңізінің солтүстік бөлігінде база орналастыру Тайвань төңірегіндегі жағдай шиеленісе қалған жағдайда айрықша маңызға ие болатынын айтады. Мұндай нысан Қытайға Баши бұғазына апаратын бағыттарды бақылауға, сондай-ақ әуе шабуылына қарсы қорғаныс, радиоэлектрондық күрес және радиолокациялық бақылау жүйелерінің қамту ауқымын Вьетнам мен Филиппин бағытына қарай кеңейтуге мүмкіндік береді.
Тараптардың ұстанымы1974 жылдан бері Парасель аралдарына қатысты Қытаймен егемендік дауын жүргізіп келе жатқан Вьетнам билігі бұл құрылысты халықаралық құқықтағы қалыптасқан жағдайды тікелей бұзу деп санайды.
Ал Қытайдың мемлекеттік ақпарат құралдары мен сарапшылары нысан азаматтық мақсатта салынып жатқанын айтады. Олардың айтуынша, ол гидрометеорологиялық бақылау жүргізуге, кеме қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және ашық теңізде іздестіру-құтқару жұмыстарын атқаруға арналған.
Еске салайық, маусымда Қытай Тайвань аралының шығысындағы суларда теңіз заңнамасының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған арнайы операция бастаған еді. Ресми мәлімдемеде оның мақсаты Қытайдың теңіздегі әкімшілік құзыретін жүзеге асыру, маңызды акваторияларда патрульдеу мен кеме қозғалысын бақылау мүмкіндігін күшейту, теңіз қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ұлттық құқықтар мен мүдделерді қорғау екені айтылған.
2025 жылдың аяғында Қытай Тайвань маңында ауқымды әскери жаттығу өткізді.
Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Жазылу