Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Татарстан Республикасының делегациясын Республика Раисы Рустам Минниханов бастап келді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Омбы қаласында болған Қазақстан мен Ресейдің ХХІІ өңіраралық ынтымақтастық форумында өңірлер арасындағы өзара іс-қимыл екіжақты ынтымақтастықты нақты мазмұнмен толықтырып, тату көршілік байланыстарды нығайтудың маңызды тетігі екенін атап өткен болатын. Петропавлдағы кездесу – осы ұстанымның нақты көрінісі.
Ресми делегацияны облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов бастаған топ қарсы алды. Қарсы алушылардың ішінде татар этномәдени орталығының мүшелері, қоғам белсенділері болды. Солтүстік Қазақстан облысы мен Татарстанды ғасырлар қойнауынан жалғасқан ортақ тарих, рухани жақындық және өзара сыйластық байланыстырады. Татарстан делегациясының құрамында 200-ден астам татар мәдениетінің көрнекті өкілі жүрді.
Сапар аясында Петропавл қаласында көрнекті татар ақыны, ойшылы әрі ағартушысы Ғабдолла Тоқайдың ескерткіші салтанатты түрде ашылды. Ғ.Тоқайдың әдеби мұрасы – түркі дүниесінің баға жетпес рухани қазынасының ажырамас бөлігі, ұрпақтар сабақтастығының, бірлік пен рухани тұтастықтың айқын рәмізі. Сонымен қатар делегация қаладағы «Дін-Мұхаммед» атты татар мешіті мен «Мағжан орталығы» мәдени-ағарту орталығына соқты.
Татар зиялылары қазақтың ұлт ақыны Мағжан Жұмабаевтың шығармашылық мұрасын зерттеуге, насихаттауға, сақтауға елеулі үлес қосты. Бұл халықтар арасындағы мәдени және рухани байланыс тамырының тереңдігін көрсетеді. Татарстан Республикасы – Солтүстік Қазақстан облысының негізгі экономикалық серіктестерінің бірі. Өнеркәсіптік, ғылыми және инвестициялық әлеуеті жоғары өңірмен ауыл шаруашылығы, машина жасау, медициналық жабдықтар, электр техникалық өнімдер және құрылыс индустриясы салаларында бірлескен жобалар табысты жүзеге асырылып келеді.
Кездесу барысында дамудың жаңа мүмкіндіктері талқыланды, ынтымақтастық туралы бірқатар меморандумға қол қойылды. Бұл құжаттар бірлескен жобаларды іске асыруға, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге, Солтүстік Қазақстан облысы мен Татарстан Республикасы арасындағы стратегиялық әріптестікті жаңа деңгейге көтеруге берік негіз болады.
Татарстаннан келген қонақтарға арналған «Қызылжар сабантойы» мерекесі ашық аспан астында мерекелік көңілді жағдайда өтті. Мұнда қазақ пен татардың әндері шырқалып, билері мен ойындары халықтың көңілін шат-шадыман қылды. Дәстүр мен мәдениетті дәріптеген бұл айтулы іс-шара халықтар арасындағы достықтың, туыстықтың, өзара құрмет пен рухани байланыстың жарқын көрінісіне айналды.
Сабантой аясында ұлттық салт-дәстүрлер кеңінен насихатталып, театрландырылған қойылымдар, концерттік бағдарламалар, қолөнер шеберлерінің көрмелері, ұлттық ойындар мен спорттық жарыстар ұйымдастырылды. «Осындай ауқымды іс-шаралар халықтар арасындағы достық байланысты нығайтып, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал етеді, Қазақстан мен Татарстан арасындағы бауырластық қарым-қатынастың нығаюына одан әрі серпін береріне сенемін», деді мерекелік жиынды ашқан облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
ПЕТРОПАВЛ