Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
– Ринат Рифхатұлы, әңгімеміздің басын биылғы Жаңа Конституцияның жаңалықтарынан бастасақ...
– Конституциялық реформалар – уақыттың сынынан туындаған қадам. Негізгі заң да, өзге құқықтық нормалар да қоғамның даму үрдісіне қарай үнемі бейімделіп, жаңғырып отырады. Мемлекет басшысы ел дамуының жаңа кезеңіне айқын әрі ауқымды міндеттер белгілеп берді. Бүгінде жаһандық геосаяси ахуал шиеленісіп, айналамыздағы елдердің құрылымы күрт құбылып жатқан алмағайып заманда Президентке стратегиялық шешімдер қабылдауға толық мүмкіндік беруге тиіспіз. Себебі ол – осы жасампаз бағыттың бастауында тұрған, бұл жолдың қайда апарарын білетін тұлға.
Жақында Түркия Президенті еліміздегі негізгі заңның өзгеруіне қарап, Анадолы түріктері де конституциясын жаңғырту қажет екенін аңғартты. Алда түркі халықтары мекендеген елдердің бәрінде осындай өзгерістер болуы мүмкін.
Ал қазіргі конституциялық өзгерістердегі көңіліме қонатын басты мәселе – тарихи орнымыздың айқындалуы. Негізгі заңның преамбуласында Алтын Орда мемлекеті мен Түркі қағанатының заңды мұрагері екеніміз белгіленді. Мұның өзі – оң өзгеріс деуге тұрарлық дүние. Жаңа Конституцияда Мемлекет басшысы бір-ақ мерзімге, 7 жылға сайланады. Сонымен қатар Президенттің жақын туыстарының мемлекеттік лауазым иеленуіне тыйым салынды. Біле білген адамға бұл – үлкен өзгеріс, демократиялық құндылықтарды құрметтеудің көрінісі.
Сондай-ақ жерасты байлықтарының 51 пайызы мемлекет меншігінде қалуы да көңілден шықты. Бұл заңды Мәжілісте әзірлеп, кейін Ата заңда бекіттік. Мұның игілігін ертеңгі ұрпақ көреді.
– Биыл Мәжілістің құрылғанына 30 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында бұл институт қандай белестен өтті? «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасы қаншалықты іске асып жатыр?
– Отыз жылдың ішінде біраз тарихи кезеңді бастан өткердік. Қазір сегізінші шақырылым жұмыс істеп жатыр. Әр шақырылымның өзіне тән қызметі болды. Әсіресе алғашқы шақырылымның көтерген жүгі ерекше. Бұрынғы заңдардың бәрін жаңа заманға бейімдеу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Қалай болғанда да, осы 30 жыл ішінде парламентаризм институты үлкен белестерден өтті. Оның нәтижесін кейінгі ұрпақ бағалай жатар.
Бүгінде Парламент тарапынан Үкімет мүшелерін бақылау және заң жобаларын қадағалау тетіктері күшейді. «Ықпалды Парламент» қағидаты мүмкіндігінше өз қызметін тиімді атқарып келеді. Ал «Есеп беретін Үкіметке» келсек, Үкімет пен халық арасындағы тікелей байланыста белгілі бір олқылықтың бары рас.
Мәжіліске келетін азаматтарға әрдайым есік ашық. Арнайы қабылдау бөлмесі де, қабылдау кестесі де бар. Тіпті одан тыс уақытта да депутаттардың кабинетінде кездесуге мүмкіндік жасалған. Келген адамдар «министрге жете алмай жүрміз», «әкімнің қабылдауына кіре алмай жүрміз» деп жатады. Қазір Парламент Үкімет пен халықтың арасындағы дәнекер рөлін атқарып отыр. Ал осы екі тетік бірдей тиімді жұмыс істегенде ғана «Күшті Президент» қағидаты толық жүзеге асады. Мемлекет басшысының бұл бастамасында осындай терең мән жатыр.
– Бір сөзіңізде «Парламент төрағасы Ерлан Қошанов болмаса, мен де партияға бармас едім» депсіз. Осыны тарқатып айтып берсеңіз.
– Бізде адами фактор деген бар. Бір адаммен мінезің жараспаса, ортақ пайым қалыптаспаса, ол кісімен жақын қарым-қатынас орнату қиын. Бұрынғы биліктің үлкен сыншыларының бірі болдым. Қазіргі билікте бұрынғы құрамнан ауысқан адамдар аз болғандықтан, кейбірімен белгілі бір деңгейде түсінісе аламын деп санаймын.
Ал Ерлан Жақанұлымен, қателеспесем, 2021 жылы «Алатау» дәстүрлі театрына басшылық етіп жүрген кезімде бірге сапарға шықтық. Сол кезде әңгімелесіп, жақын таныстық. Ортақ қызығушылықтарымыз бар екен. «Amanat» партиясына келгенде де оның тың өзгерістер жасай алатынына сендім.
Осыдан бес жыл бұрын домбыра ұстап айтысып жүрген адамға Мәжіліс мінберіне келу – күрт әрі күрделі өзгеріс. Егер адам қазақы болмысын қадірлемесе, дәстүрін, тілін, өнері мен мәдениетін шын сүймесе, менің онымен тіл табысуым қиын. Ерлан Жақанұлы – ауылда ата-әжесінің тәрбиесін көріп, қазаққа тән құндылықтарды бойына сіңіріп өскен азамат. Осындай мемлекет қайраткерінің жанында жүріп, қазаққа титтей де болса пайдамды тигізсем, соны жетістік деп санаймын.
– Сіз Мәжіліс мінберіне келгелі қандай заңдардың қабылдануына тікелей ықпал ете алдыңыз?
– Қабылданған заңдар аз емес. Мысалы, мұғалімдердің мәртебесін көтеру мақсатында оларға қоқан-лоқы көрсету, физикалық немесе моральдық қысым жасауға қатысты жауапкершілікті күшейттік. Ұстаз ұлықталмай, ұлттың өсуі қиын.
Сол секілді дәрігерлердің мәртебесін арттыру бағытында да жұмыс атқарылды. Тіпті жедел жәрдем жүргізушілерінің өміріне қауіп төндіру немесе олардың жұмысына кедергі келтірудің өзі ауыр салдарға әкелетінін бәрі түсінуі керек.
Бұдан бөлек, білім сапасын арттыру мақсатында колледждердің мәртебесін көтеру, университеттерді рейтингілеу секілді заңнамалық өзгерістер енгіздік. ҰБТ-ны заң жүзінде мемлекет қарамағына қайтардық. Халықаралық олимпиадаларда жүлде алған жас ғалымдар мен оқушыларға мемлекет тарапынан 5 миллион теңгеге дейін бір реттік сыйақы берілетін болды. Оларды дайындаған ұстаздарға да 500 мың теңге көлемінде төлем қарастырылды.
Мәжіліске келгелі мүгедектігі бар жандардың қоғамда өзін еркін сезінуіне жағдай жасайтын бірнеше норманы реттедік. Сонымен қатар жастардың денсаулығына зиян келтіретін энергетикалық сусындарды 21 жасқа дейінгі азаматтарға сатуға тыйым салатын норма енгіздік. Осындай мақтанышпен айтатын тұстарымыз да, кемшілігімізді мойындайтын сәттеріміз де бар. Әсіресе Салық кодексіне келгенде, кей жерде табандылық жетіспеді.
– Қаңтар құрбандарын ақтау мәселесін де көтердіңіздер. Бұдан қандай нәтиже болды?
– Қоғамдық қабылдауға 60-тан астам адам өтінішпен келді. Қазір Қаңтар оқиғасына қатысты 63 адамның екеуі ақталды. Басқа өтініштер де қаралып жатыр. Мінберден сот шешімдеріне қатысты мәселелер айтылды. Парламент Мәжілісінің регламентіне сәйкес сот істеріне араласуға құқығымыз жоқ. Бірақ халықтың өтінішіне үн қатып, мәселені көтеруге тиістіміз.
– 2023 жылы «ең төменгі жалақы 300 мың теңге болуы керек» деген мәселе көтеріп, қоғамда үлкен резонанс тудырдыңыз. Бұл бастама қаншалықты нәтижесін берді?
– Біріншіден, бұл – менің жеке пайымым. Оның заң жүзінде бірден бекітілмейтінін білдім. Мақсатым – ең төменгі жалақы Үкіметтің өз қаулыларына сәйкес медианалық жалақының жартысына тең болуы керек екенін жеткізу еді. Ол кезде медианалық жалақы шамамен 300 мың теңгенің айналасында болды. Демек, оның жартысы 150 мың теңге болуы керек, 80 мың емес.
Шын мәнінде, осыдан үш жыл бұрын бір отбасының ең төменгі күнкөрісіне кемінде 300 мың теңге қажет еді. Қазір шығын одан да артты. Біз оны нақты есептеп те көрдік. 2025 жылы бұл мәселе тағы көтерілді. Серік Мақашұлы «Үкіметтің есебімен келіңіздер» деді. Есептеп бардық. «Барлығы қымбаттап жатыр, ең төменгі жалақы қашан өседі?» деген сауал қойғанымызда, «алдағы уақытта өседі, әзірге дабыра қылмай тұра тұрыңыздар» деген жауап алдық. Қазір күтіп отырмыз. Алда нәтижесі болады деп сенемін.
– Сіз Абай облысының тумасысыз. Жаңа құрылған облысқа Үкіметтің назары жеткілікті деп ойлайсыз ба?
– Мұны бөлінген бюджет көлемі мен атқарылып жатқан жұмыстан-ақ байқауға болады. Мысалы, «Қалбатау – Майқапшағай» жолының салынып бітуі – соның дәлелі. Жаңадан құрылған облыстардың ішінде Абай облысының әлеуеті әлдеқайда жоғары деп айтуға болады. Бұл – өңірдің көп жылдан бері жете алмай жүрген несібесінің өзіне қайтуы деп қабылдау керек.
Мәжіліс депутаттарынан бастап облыс әкіміне дейінгі мемлекеттік қызметкерлердің басты мақсаты – Үкімет бөлген қаражатты халық игілігіне жұмсап, өңірдегі өмір сапасын жақсарту болуға тиіс. Бізде бір жылдың ішінде облыстан 20 мың адамның көшіп кеткені туралы мәлімет бар. Бұл – алаңдатарлық жағдай.
– Абай облысындағы жағымды өзгерістерді айттыңыз. Енді «осылай болса екен» дейтін қандай ұсыныстарыңыз бар?
– Облыста денсаулық сақтау саласын толық реформалау қажет. Қазір үш аурухананың құрылысына ғана қаражат бөлініп, жұмыс басталды. Өкінішке қарай өңірдегі ана мен бала өліміне қатысты статистика өте нашар.
Қазір Мәжілісте Семей полигоны аумағында тұратын тұрғындарға экологиялық өтемақы төлеу мәселесін көтеріп жүрміз. Мұндай тәжірибе әлемде бар. Нұртай Сабилянов бұл мәселені 20 жылдан бері айтып келеді.
Мәдениет саласында да өзгерістер байқалады. Театр басшысы ауысты, филармонияға Секен Тұрысбек келді. Руханиятта жаңғыру бар, бірақ әттеген-ай дейтін тұстар да аз емес.
Абай облысы – Алаштың астанасы, тұңғыштар мекені. Бұл өңірдің басты брендіне айналуы керек. Алаш қайраткерлерінің ескерткіштерін орнату, көше атауларын жүйелеу мәселесі маңызды. Мысалы, Шәкәрім қажыдан қалған екі ғана тарихи мұра бар. Бірі – оның сүйегін Құрқұдықтан алып келген чемодан, қазір Абай музейінде сақтаулы. Екіншісі – Саят қора. Ол ашық аспан астында тұр, жаңбыр мен желдің әсерінен тозып барады. Мұны қорғауға алу қажет. Сондай-ақ Әбілпейіз хан, Ер Жәнібек, Дулат, Ақтамберді жырау, Алаштың алғашқы құрбандарының бірі Ғази Нұрмағанбетов секілді тарихи тұлғалардың есімдерін ұлықтау мәселесі де маңызды. Жалпы, мәдениет пен идеология саласында атқарылатын жұмыс көп.
– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Бақытбек ҚАДЫР,
«Egemen Qazaqstan»