Inform.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Жасыл қала Алматының көшелері көктем келе көркейе түсті. Ұлттық ою-өрнекпен, арт-нысандармен және ерекше экспозциялармен безендірілген шаһарда мерекелік көңіл-күй сезіледі. Наурызға орай, ертең Алматының барлық 8 ауданында ауқымды концерттік бағдарламалар ұйымдастырылады. Одан бөлек Астана алаңы, Абай алаңы, Жібек жолы даңғылына дейін Панфилов көшесінің бойы – ұлттық мерекені тойлауға қала халқын жинайтын басты алаңдарға айналмақ. Қазір бұл аумақтардың бірінде сахна құрылып жатса, енді бірінде концертке қорытынды дайындық жасалып жатыр.
Фото: Александр Павский / Kazinform21 наурыз сағат 11:00-ден 22:00-ге дейін Астана алаңы ұлттық тойдың ошағына айналады. Мұнда ауқымды мерекелік бағдарлама өтеді, көркем театрландырылған қойылым қойылады. Алаңның жан-жағы интерактивті аймақтар арқылы жандана түседі. Осы мақсатта Абылайхан даңғылынан Назарбаев көшесіне дейін Төле би көшесі жабылып, Қазақ-британ техникалық университетінің алдында жалпы көлемі 1000 шаршы метр болатын, 6 бөліктен тұратын ерекше сахна құрылған.
Фото: Александр Павский / KazinformСондай-ақ Астана алаңында 6 тақырыптық киіз үй тігіліп, алматылықтарды қарсы алуға дайын тұр. Оның ішінде «Ұлы дала әуені» киіз үйінде Абай, Жамбыл, Шәкәрім, Ақан сері, Біржан сал сынды тарихи тұлғалардың музыкалық аспаптары ұсынылады. Робо-киіз үйде қонақтар робототехника бойынша жаңашыл жобалармен танысса, DIGITAL 360 киіз үйінде қабырға мен еденде орнатылған LED-экрандардан ЖИ көмегімен жасалған бейнероликтерді тамашалай алады. Одан бөлек келесі қазақы үйлерде Алтын адам мен сақ дәуірінің жәдігерлері, біз киіз өнерімен жасалған туындылар, танымал алматылық дизайнерлердің киімдерін көрсетілген.
Фото: Александр Павский / KazinformФото: Kazinform / Александр Павский- Қазіргі уақытта бүкіл республика бойынша Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мейрамын мерекелеуге арналған ауқымды дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Еліміздің мәдени орталығы Алматыдағы дайындық та қызу. Мерекенің басты орталықтарының бірі – Астана алаңында 6 тақырыптық киіз үй тігілген. Олардың әрқайсысы қазақ халқының бай мәдениеті мен тарихын жан-жақты ашады, – деді Алматы музейінің жетекшісі Камшат Жиеналиева.
Ал алматылықтар серуендейтін сүйікті аумақтардың бірі – Панфилов көшесінің бойы да (Қабанбай батыр – Жібек жолы) заманауи және дәстүрлі өнер тоғысқан ерекше алаңға айналады. Қала тұрғындары мен қонақтары үшін түрлі мазмұнды белсенділіктер ұйымдастырылады. Қазір мұнда қорапша тәріздес LED-экрандар қойылған. Онда үш тілдегі жазумен қазақтың жеті қазынасы көрсетіліп тұр. Мереке күні Robo DJ-дің шоуы, арнайы концерттік бағдарлама азаматтардың көңіл-күйін көтереді. Сондай-ақ 21-22 наурыз аралығында Арбатта дәстүрлі «КітапFest-2026» кітап фестивалі өтеді.
Фото: Александр Павский / KazinformНаурыз мейрамының бағдарламасы Абай алаңын да қамтиды. Мұнда 21 наурыз күні сағат 12:00-ден 22:00-ге ауқымды концерт ұйымдастырылады. Бір ерекшелігі – мұнда сахна 360 градус форматында орнатылған. Сонымен қатар Абай алаңында Түркия, Әзербайжан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан және отандық қолөнершілердің көрме-жәрмеңкесі болады.
Фото: Kazinform / Александр Павский- Біз арнайы шақыртумен Өзбекстаннан келдік. Қазақстанда мерекенің осындай ауқымда атап өтілуі — үлкен қуаныш. Биыл Наурыз бен Рамазан айтының тұспа-тұс келуі Орталық Азия халықтарын одан сайын біріктіре түсетіні анық. Біз қазақ шеберлерімен өте тығыз байланыстамыз және үнемі ынтымақтастықта жұмыс істейміз. Ертең қолданбалы өнердің негізгі түрлерін ұсынамыз: Риштан өлкесінің мың жылдық тарихы бар қыш бұйымдары, өзбек халқының дәстүрлі кестелеу өнерімен тігілген туындылары, ұлттық киімдер болады, – деді өзбекстандық қолөнерші Әлішер Назиров.
Наурызды мерекелеу аясында 21-23 наурыз аралығында Алматы қаласы музейлер бірлестігі мен ҚР Ұлттық орталық музейі метрополитен бекеттерінде фотокөрме ұйымдастырады. Жолаушыларға қазақ халқының дәстүрі мен мәдениетін бейнелейтін фотосуреттер ұсынылады.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда бір мезетте 11 500 оқушы күй орындап, рекордтар кітабына енді.