Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
«Жазушылықтың азап екенін сезінбей, шын жазушы бола алмайсың» дейді қаламгер. Оны халық шын жазушы деп бағалайды. Әр туындысынан халыққа деген махаббат пен адалдықтың, достыққа берілген шынайы үлгінің иісі аңқып тұрады. Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Әкім Тарази жайлы жылы естеліктерді еске алып, жары, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Роза Мұқановамен сұхбаттасқан едік.
– Әкім Тарази – қазақтың ғажайып тұлғасы еді. Әдебиеттегі биігі бір бөлек, адамгершілік келбеті бір басқа, ғажап адам болғанын қатарластары да, әдебиеттегі іні-қарындастары да жиі жазады. Сіз үшін (жарыңыз ретінде) Әкім аға қандай тұлға болды?
– Әкім ағаңды мен ЖАЗУШЫ деп қараймын. Кез келген адам әке бола алады, жар да бола алады, біреуге аға, біреуге іні болады. Бірақ екінің бірі жазушы бола алмайды. Жазушы деген – тағдырдың сыны да, сыйы да. Жазу – ләззат қана емес, даңқ қана емес, белесі бар, төбесі бар, кедір-бұдыр бұралаң жолы бар. Сол жолда қаламды ғана місе тұтқан тағдыры бар.
Көпшілік жазушының затын танығанымен, өзін танымайды. Әкім Тарази мені өзіне ұқсатты, мен де Таразиды өзіме ұқсаттым.
«Бес тапал» қызық адамдар еді
– Әдебиеттегі бес тапалдың достығы туралы аңыз да, әңгіме де көп. Әсіресе, Сайын Мұратбеков пен Қалихан Ысқақ туралы естеліктерін оқығанда, сүйсініп те, қызығып та қаламыз. Әдебиеттегі бес алыпты жақын қылған, дос қылған қандай қасиет еді?
– Әкім Тарази мәңгілікке аттанған соң, менің сырласым, ең жақын досым, ақылшым ол кісінің күнделіктері болды. Сол күнделіктерінде «бес тапал» жайлы өте көп жазылған. Әкім ағаңның Сайын мен Қалихансыз бір күні өтпегендей. Бәрі бірге бір үйде тұрғандай, бірге өмір сүргендей, бір үйдің баласындай, бір қолдың сағасындай болғаны. Бір-біріне жанашырлығы, әзіл-қалжыңы, кешірімі, сағынышы, мойындауы... Осыншалық жақындықтарын оқи отырып, еріксіз ойланасың, елжірейсің.
Әкім ағаңның «Негртепкен» деген эссесі бар. «Ол негрді тебуге арналған аяқ емес еді, ол Рамазан Тоқтаров деген досымызға арналған аяқ еді» деп майор Сариевке Әкім ағаңның түсініктеме жазатын тұсы осы. Бұл іске Димекеңнің өзі араласып, ол кісіге Мәскеуден Громыко телефон шалып, Қазақстанда ұлтшылдықтың бар екені «әшкере» болып, іс әбден насырға шапқан ғой. Сөйтсе, әлгі тебілген негр Мозамбик республикасының кәсіподақ ұйымының төрағасы екен. Сайын ағам бір жігіт арқылы Әкімге телефон шалады: «Мен Фрунзе ауданындағы милицияда қамаудамын. Шашымды тақырлатып алып тастады» десе керек. Ол кезде қызметтегі адамның шашын сыпырып алып тастау деген қорлық, трагедия. Содан Әкім, Рамазан, Қалихан үшеуі де шашты тақырлатып алдыртып, бір шелек көже жасатып, қамаудағы Сайын ағама алып барған ғой. Жалғыз өзі шаштан да, беделден де айырылып қамауда құлазып отырған Сайын ағам үш досын көріп күлімдеп қарсы алады. Бұлар содан бастап, жаз шыға шаштарын сыпырып алып тастауды әдетке айналдырған. Бұл әрекетті партия ұйымы да, Жазушылар одағындағы коммунист ағалары да ұнатпай, «хувейбиндер!!!» деген атқа телінетіндері осыдан шыққан.
«Бес тапал» расында қызық адамдар еді. Әкім ағаларың он төрт жылдай салт жүріп, өзінен 31 жас кіші маған үйленді. Ол кезде қоғам мұндай «жаңалықты» қабылдай алмайтын, «феодализмнің сарқыншағы», «қараңғылық», «жүгенсіздік», «оңбағандық», тағы басқа гу-гу әңгіме, бірі қолдап, бірі жамандап, бүгінгі әлеуметтік желіде танымал тұлғаларды су түбіне жіберіп жатады ғой, біз де сол кезде елдің аузында қалдық. Сондай бір сәтте бас қосып отырған бес тапал (Сайын Мұратбеков, Қалихан Ысқақ, Рамазан Тоқтаров, Бек Тоғысбаев) оқыс шешім шығарады.
«Әй, Әкім! Біз сені мұндай сәтте жалғыз қалдыра алмаймыз. Біз де қатындарымызды тастаймыз. Болды, шешім осы! Әкеңнің... бұ қатындардың құтырынғаны қашан?! Давно пора!» деп, «айды аспанға шығарып» әркім өз әйелінің кемшілігін баса айтып, әбден талқыға салып, кезек-кезек өз әйелдерін сынға алып, әп-сәтте айнып шыға келеді. Содан бәрі қуанып, қол алысып, терлеп-тепшіп, әйелдерін тастайтын болып тарқасады. Әкімнің де көңілі масайрап, үйге көңілді келеді. Ертеңінде тым-тырыс, одан арғы күні де тым-тырыс. Әншейінде таң атпай тастаяқ қағыстырып, тау кезіп кететіндер жым болған сыңайлы. Ақкөңіл, адал ағаларым аңқылдап барып, жеңгелеріме ашығын айтып қалып, ауыздары күйіп, Әкім Тарази досымен араласудың өзі мұң болып қалған жайы бар. Жеңгелерім «Әкімге ермейсің, бұзыласың!» деп қанша қақпақылдаса да, олар жасырынып келіп, біздің үйде болатын, арқа-жарқа әңгіме құратын.
– Қалихан Ысқақтың «Келмес күндер елесінде» осындай қызықты күндерін, достықтарын әдемі береді. Әкім аға ше? Бес алып туралы не айтатын еді?
– Рамазан Тоқтаров: «Әкім – біздің кеменің капитаны» дейтін. Кеме капитаны достарына қамқор, достарының ауыртпалығын өз мойнына жүктейтін, жауапкершілік артқан тұлға ғой. Әкім ағаңнан достарының бәрі көп қолдау көрді. Себебі Әкім жоғары қызметте болды, қолында билігі болды.
«Менің қызметімнің қызығын көрген Қалихох пен Рамзай» деп әзілдейтін. Көлігі бес тапалдан босамай, өзі жаяу жүретін. Достарының бәрі Әкімнің алдында өмірден кетті. Ол кемеде жалғыз қалған капитандай құлазыды. Достарын сағынғанда олардың кітаптарын қолына алып, алақанымен аялап, әр сөйлемін шұқшия оқып, астын сызып, іштей сөйлесіп отыратын. Кейбір тұстарда жымиып, достарының дауысын естіп отырғандай көңілденетін.
– Сайын Мұратбеков «Басында Үшқараның» деген әңгімесін Әкім досына арнағанын білеміз. Ағаның достарына арнаған көркем дүниесі болды ма?
– «Басында Үшқараның» әңгімесін неге Әкімге деп арнағанын оқырман қауым да, әдебиет зерттеушілері де біле бермейді. Оның сыры бар. Әкім Таразидың «Аяз бен Бибі» әңгімесін оқыған адам «Басында Үшқарамен» ұқсастықты байқайды. Мұндағы диалогтар кино тілінің тәсілінде жазылған. Диалог табиғатын образ жасауға шеберлікпен енгізуді прозаға әкелген – Әкім Тарази. Бұл менің сөзім емес, Әкім Тарази шығармаларына қатысты Мұхтар Мағауиннің сөзі. Расында да, солай. М.Әуезовтің «Қараш-қараш оқиғасы» повесінің киносценарийін жазған Әкім ағаңның стилінен де мұны айқын аңғарасың. Оқиғаны диалогқа құру шеберлігі кинода бүгінге дейін күрделі. Әкім Тарази сарыла баяндаудан, әспеттеп суреттеуден, сөзден-сөз тудырғанды қызықтап кетпейді. Сондықтан дәстүрлі әдебиеттің бағытынан өзге жол тапты. Бәлкім, оқырман үшін сонысымен де ерекше. Сайын аға «Басында Үшқараның» әңгімесінде Әкімнің осы диалог құрудағы шеберлігіне еліктеген. Аталмыш әңгімені Әкім Таразиға арнауының шынайы себебі «Аяз бен Бибі» әңгімесінің Сайын Мұратбековке әсері болғандығы.
Жаны жалғыздықты жақсы көрді
– Әкім ағаның Андрей туралы әңгімесінде айтылмай қалған ойлар жоқ па?
– «Андрей» арқылы Әкім Тарази өте күрделі мәселені қозғады. Қазақ әдебиетінде көтерілмеген тың тақырып. Бірақ байқайсыз ба, тақырыпты жалаулатпайды, геноцид деп алаулатпайды, инемен шабақтағандай, төбе-құйқаң шымырлайтындай жазылған. Ұлтқа жасалған қиянатты Манананың образы арқылы көрсетеді. Манананың трагедиясына ортақтасқан болып, бір ұлттың басынан өткен нәубеттің сырын ашады.
«Андрейден» ұлттың жан жарасын, ұлтты жоюдың небір қитұрқы әдісін, аз ұлттардың басынан кешкен ортақ трагедиясын көреміз. Автор екпінді қайда қою керектігіне, қалай қою керектігіне шебер. Автор қазақ жайлы бірде-бір сөз айтпайды, Манананың образы арқылы қазақты танисың. Бұл шығарманы Тарази 80 жасында жазды. Неге осынша жадында ұзақ ұстағанын кім білсін... Кеш жазылса да, қазақ әдебиетінің олжасына айналғаны рас. «Андрей» – спектакльге де, киноға да сұранып тұрған өзекті тақырып.
– Отбасынан жырақ, Сайын ағаның үйін паналап, біраз уақыт жалғыз жүрген екен. Сізді сол уақытта кездестірді ме? Екі бірдей шығармашылық адамын табыстырған не нәрсе?
– Әкім ағаң: «Тәкен аға (Әлімқұлов) екеуміздің бағымызға Жазушылар одағының шығармашылық үйі салынды» деп есіне алатын. Негізі, Әкім Тарази басшы қызметте болғандықтан, тұрмысы өте жақсы болған. Ол кісіде бәрі болды, қызмет те, үй де, күй де, бедел де... Бірақ сол өміріне көңілі толмады, жаны дауаламады, үнемі қашып жүрді, жалғыздықты жаны жақсы көрді, бәлкім, жазушы болғандықтан болар.
«Жігіт ағасы атанып, қырық жеті жасқа толғанда тағы қаштым, елу төрт жасымда стандарттан құтылуға және бір құлшыныс жасадым: Алла жар болып, бұл талпынысым мақсат биігіне анық жол ашқан сияқты. Өмірлік серігім де өзіммен кәсіптес, өзіммен армандас. Сонымен бар ғұмырым қашумен өтіп келеді. Қашқанда – құтылып, іздегенде – тауып жүргенге не жетсін! (Әкім Тарази «Тәж» кітабы, «Өзім туралы», 2003 ж).
Ол кісі жалғыздыққа құмартты, жалғыздықты қызықтады, өзін сақтаудың жолы – жалғыздық деп түсінді. Ақырында жалғыздықтан да қашты. Қашу, қашу... Адам ақиқатты іздеп қашады. Сана түкпірінде өтірік өмірді, алдамшы тіршілікті, көзбояушылықты, сатқындықты анық сезінген кезде қашатын болар.
Өзінің айтқаны бар еді, «елде мұғаліммін, жас отбасымын... Ешкімге айтпай, ата-анамнан да жасырып, әскерге сұранып кетіп бара жатқан жерімнен папамның досы: «Әй, сен Үкеңнің баласымысың?» деп, папама хабарласып, мені жолдан түсіріп алып қалды. Сонда әкем: «Отбасыңнан қашудың жолы бұл емес, балам!» деді. Ұстаздық қызметімді тастап, ауылдан Алматыға қаштым, Алматыдан Мәскеуге қаштым...» дегені бар.
– Ағаның жазу машығы қандай еді? Күндіз, түнде?..
– Күніне жарты бет болса да, тіпті екі сөйлем болса да жазатын. Жасы тоқсан екіде болса да, соңғы сағатқа дейін қолынан кітабы мен қаламы түспей кетті. Ғажап адам.
Жай жатып, ерте оянатын. Серуендегенді жақсы көрді. Өзін-өзі қатты сынға алатын. Дастарқан басында отырып алып ұзақ сөйлейтіндерге ыза болатын, уақытты өлтіріп отырғандарға күйінетін. Сөйте тұра, өзінің ерекше жақсы көретін, ұғысатын адамдары болды, оларға уақыт өлшемін аямай жомарттық жасайтын. Оның ішінде мен де бармын...
Арманы – қазақтың санының өсуі болды
– Толстойдың «Ясная полянасы» орыс жазушыларының ортақ әдебиет үйіне айналды. Қазақ жазушыларында сондай ортақ үй болса деген ой болды ма?
– Қазақ жазушыларының тұрмысының мүшкіл болғанына қатты намыстанатын. Мүшкіл дегенді «мүсәпір» деген мағынада айтып отырмын. Қазақ жазушыларына ешкім пана болған жоқ. Қазір ойлап қарасам, 100 жылда музей боларлық дәрежеде бірде-бір жазушының өзі тұрған, өмір сүрген тұрмыс салтын көрсететін ҮЙІ жоқ екен. Өйткені оларға үй салып алатындай еңбекақысы, қаламақысы берілген жоқ. Классиктердің барлығы дерлік билікке алақан жайып өткендер. Мұқағали Мақатаев, Бердібек Соқпақбаев, Тәкен Әлімқұлов, Кемел Тоқаев, Әкім Тарази, Сайын Мұратбеков, Қалихан Ысқақ, Мұхтар Мағауин, Әбіш Кекілбаев, Фариза Оңғарсынова «коммуналка» үйлерде көпшілікпен бірге ортадан төмен, қоңыр күй кешкендер. Намысына тырысып, бәрі де «бөрі арығын білдіртпей» ғұмыр кешіп өтті дүниеден. Тоғышарлардан мемлекетке не қалады, қаймана қазаққа тоғышарлардың қандай еңбегі қалды?.. Ал жазушылардан қалған мұра – балабақшадан, мектеп оқушылары мен студенттерге дейін жетіп, халықтың мұрасына айналып кетті емес пе? Арасы Жер мен Көктей емес пе?..
Жазушы өлгеннен кейін оның есімін ұлықтап, мәңгі есте сақтау үшін тұрған үйі қайта салынбайды ғой, «Өлдің Мамай, қор болдың...», жазушыны тіршілігінде қолдау керек.
Жазушыларды мемлекет жалға алған жоқ!!! Жазушы күнде тумайды. Жазушы елу жылда бір туса туар. Жазушыны құндылық деп ұққан жөн.
Әкім Тарази 75 жасқа дейін (62 шаршы метр) екі бөлмелі үйде тұрды. Шығармаларын жазу үшін пәтер жалдайтынбыз. Ол кезде Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанға еңбек сіңірген қайраткер, «Құрмет» орденінің иегері, Халықаралық «Кафка» сыйлығының лауреаты еді ғой.
Әкім ағаңның «Қорқау жұлдыз» романының ағылшын тіліне аударылуын және Англияда жарық көруін қамтамасыз еткен Қасым-Жомарт Кемелұлы болды. Ол кісі Сыртқы істер министрі еді. Бүгінде қайсы Сыртқы істер министрі жазушыға осындай мүмкіндік жасай алды?
«Қорқау жұлдыз» романы әйгілі Amazon баспасында жарық көріп, алғашқы айларда-ақ миллионнан аса тиражбен дүниежүзіне тарады. Демек, қазақ әдебиеті, қазақ жазушысы әлемдік сұранысқа ие! Бірақ оның құнын кім біліпті, кім сұрыптапты, кім бағалапты...
Егер Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекет басшысы болмағанда, Әкім Таразидың «Еңбек Ері» атағын алуы да неғайбыл еді.
Әлі есімде, Әкім Таразидың 90 жылдығы қарсаңында бір министрдің шабына шоқ түскендей, «мұндай іс-шараны өткізе алмаймын» деп бас тартқаны. Ол, тіпті біздің классик жазушыларымыздың затын да, атын да, шығармаларын да білмейтіні көрініп тұратын.
– Шынымен, жазушының ең үлкен арманы қандай еді? «Армансыз адам – ақымақ адам» дейтіні бар екен.
– Арманы қазақтың санының өсуі болды. Әкім ағаңның маған жиі қоятын бір ғана сұрағы болатын. «Қазақтың саны қаншаға жетті?» Ол кісінің жазу үстелінде қалған мына жазуларды мысалға келтіре аламын, қарап көріңіз:
«Ресейде 667 мың, Өзбекстанда 2 млн, Қытайда 1 млн 462 000, Қазақстанда 11.750.000, Орынборда 136 мың» деген жазбалар. Қазақ –21.942.000. (Өсім – 289.363) 2020 жыл» деп қолын қойыпты да қағаздың бір бұрышына «Зейнетақы: 168 мың 182 тенге» деп көрсетіпті.
Міне, Таразидың арманы. Ол халқын сүйді. Халқының тағдырын өз тағдырынан, беделін өз беделінен жоғары қойды. Мұндай адамдар өте сирек. Ұлтты сүюден гөрі пайдалануға, тұлғаны құрметтеуден гөрі қорлауға бейім қоғамда өмір сүріп жатырмыз.
– Ал ағаны не қуантатын еді?
– Алпамыс пен Арузаның, менің жетістіктеріме қуанатын.
– Әкім Таразидың пьесалары театрларда көп қойылмай кетті. Неге?
– Өткен жылы Мәдениет министрлігіне ұсынысымды айттым, театрға қаржы бөлер деп үміттенемін. Өкінетінім, өзі бар кезде «Махамбет» пьесасы қойылмады. «Махамбет» жаңа драматургияның бастауы еді. «Махамбет» – қазақтың санасына сілкініс жасаған шығарма. «Махамбеттің» жазылғанына 20 жылдан асып барады.
Маған оның күнделіктері ұнайды
– Жазушының «Әдебиетті ұлықтағанда ұлт ұтады» деген әдемі сөзі бар. Әкім ағаның шығармалары жиі ұлықталып жүр ме?
– Қазақ халқы аман болса, қазақ өз тілінде сөйлейтін болса, Әкім ағаңның шығармалары ұлықталады да әрі мәңгі жасайды да. Қазіргі қоғамда жазушылардан гөрі жазармандар басым. Біздің билік басындағы жігіттер жазушы мен жазарманды ажырата алмайды, құлақтарына кім сыбырласа, соның сыбырынан әріге аса алмайды. «Көп айтса көнді, жұрт айтса болды – Әдеті надан адамның» (Абай).
– Ағаны аялап, ардақтап күттіңіз. Бабын жасадыңыз, бағын да аштыңыз деуге болар (Еңбек Ері атанды). Қазір ол кісі жоқ. Артында қалған мол мұрасын насихаттау тарапында қандай да бір іс-шаралар бар ма?
– Мен кейде ойлаймын, жазушының құны оның отбасының ғана құндылығы емес қой. Ол кісінің күнделіктерін реттестіріп жатырмын, қолжазбаны компьютерге теру де оңай жұмыс емес. Денсаулығыма байланысты бірде жұмыс жүреді, бірде тоқырап қалады. Күнделік – жазушының сыры, табиғаты, болмысы. Ол жас жазушылар үшін, киносценаристер үшін құнды. Жазушының көркем шығармасы бөлек, күнделіктері мүлде бөлек. Маған ол кісінің күнделіктері өте қатты ұнайды. Өзі бар кезде де айтатын едім. Бәлкім, өзім туралы өте көп жазылғандықтан болар. Мен, тіпті Таразидың күнделіктерін жариялауды оқырманнан қызғанамын. Себебі КҮНДЕЛІК – тірі, жанды, эмоциялы...
– Ағаның жазам деген дүниесінің бәрі қағазға түсті ме?
– Иә, ол кісі он үш том шығармалар жинағын толық шығарды. Әңгіме, повесть, романдары, драматургиясы, киносценарийлері, аудармалары. Өзі он үш санын жақсы көретін. Ал мақалалары мен сұхбаттары, күнделіктері жарыққа шыққан жоқ. Ол кісіге: «Күнделіктеріңізді жариялауға рұқсат бересіз бе?» деп сұрағаным бар. «Жариялауға болар, саған сеніп тапсырамын!» деді, бірақ ол күнделіктерді қалай шығаруға болады, оған кім демеуші болады, білмеймін... Үлкен жұмыс. Орыс әдебиетінде де, әлем әдебиетінде де жазушының күнделіктері ең құнды шығармасы ретінде бағаланады. Көрерміз...
– Ұлы мен қызының жазушылық жолды жалғағанын қалайтын ба еді?
– Алпамыстың мамандығы инженерия болғанымен, бала кезінен әдебиетке, тарихқа құмар. Бірде бізге шетелден көтеріңкі көңіл күйде хабарласты. Қуанышының себебін сұрағанымызда, жазып жүрген шығармасы жайлы айтып қалды. Әкесі екеуміз Алпамыстың жазатынын сонда бірақ білдік, ол өзі де байқамай айтып қалды. Ағылшын тілінде жазады. Мәселе жазушы болар, болмас, бірақ жаза білу, жазудың ләззатын сезіну, құдіретін сезіну ерекше қасиет деп білемін. Балалардың жазушы болғанын ағаң да, мен де қалаған жоқпыз. Ғылымға ден қойғанын, нақты мамандық иесі болғанын қаладық.
– Ал Алпамыс пен Арузаның бойынан ағаға тән қандай қасиетті көресіз?
– Екеуі де ағаңа қатты ұқсайды. Салмақты, сабырлы балалар.
– Тарази мектебі ше? Жалғасып жатыр ма?
– Шәкірттеріне ризамын. «Шәкіртсіз ұстаз – тұл!» деген. Ағаңның шәкірттері Әкім Тарази шығармаларымен ауызданды, тереңірек оқып таныды, ұстаздың алдын көріп өсті. Жақында TARAZI club құрылды. Бұл игі бастамаға себепкер болған ұйымдастырушы, мемлекет және қоғам қайраткері – Әлихан Бәймен. Болашақта осы клубтың төңірегінде игілікті жұмыс атқарамыз деп ойлаймыз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен
Гүлзина БЕКТАС