Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Театр өнерінің шығармашылық тынысын кеңейтіп, жаңа қойылымдардың көркемдік деңгейін саралауға бағытталған дәстүрлі «Алтын сақа-2026» VIII театрішілік жаңа қойылымдар фестивалі биыл айрықша мазмұнда өтті. Бұл жолғы өнер додасы Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының 80 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп, ұжым тарихындағы маңызды мәдени оқиғалардың біріне айналды.
Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында 2016 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келе жатқан фестиваль алғашында балаларға арналған қойылымдар байқауы ретінде басталып, уақыт өте келе ауқымы кеңейіп, бүгінде театр репертуарын толықтырған жаңа спектакльдердің кәсіби деңгейін бағалайтын ірі шығармашылық алаңға айналды. Актерлер мен режиссерлер арасындағы көркемдік бәсекені күшейтті. Биылғы фестиваль осы үрдісті жалғастырып қана қоймай, оны мазмұндық тұрғыдан тереңдете түсті. 2025–2026 жылдары театр репертуарына енген жеті жаңа қойылым бір сахнада тоғысып, көркемдік сапа мен шығармашылық ізденістің өзіндік өлшеміне айналды.
Фестиваль шымылдығы Е.Шварцтың «Күлбикеш» ертегісімен түрілді. Бұл қойылым ғана емес, театрдың негізгі мұраты жас көрерменді тәрбиелеу мен эстетикалық талғам қалыптастыру идеясын айқын көрсеткен рәміздік бастау болды. Спектакль алдындағы думанды іс-шара, цирк әртістерінің өнері мен ертегі кейіпкерлерінің балалармен жүздесуі театр кеңістігін нағыз мерекелік алаңға айналдырды.
Фестиваль бағдарламасы одан әрі қарай да алуан бағыттағы қойылымдармен жалғасты. Атап айтсақ, «Қорғансыз» спектаклі ұлттық драматургияның терең психологиялық иірімін ашса, «Перзентхана» бүгінгі қоғамдағы адам тағдыры мен моральдық таңдауларды сахна тілімен жеткізді. Ал «Гамлет. Соңғы күндер» қойылымы классикалық мәтіннің заманауи интерпретациясы арқылы көрерменді жаңа ой кеңістігіне жетеледі. Классика мен қазіргі заман үндестігі «Шие бағы» мен «Ревизор» қойылымдарында айқын көрінді. А.Чехов драмасындағы уақыт пен тағдыр философиясы нәзік берілсе, Н.Гоголь комедиясы қоғамдағы келеңсіз құбылыстарды өткір сатира арқылы әшкереледі. «Бәрі жақсы...» спектаклі фестивальдың финалдық аккордына айналып, қарапайым өмірдің астарындағы күрделі мәнді көрерменге сезіндіре білді.
Қойылымдарға Анар Еркебай, Темур Рашидов, Тигран Мартиросян сынды халықаралық деңгейдегі сарапшылар кәсіби баға берді. Олардың әр спектакльден кейінгі талдаулары театр ұжымына бағыт беретін маңызды бағдар болды. Өнер думанының мазмұнын байытқан тағы бір оқиға – көрерменмен тікелей байланыс орнатуға бағытталған ашық алаңдар. Театр фойесінде өткен фан-кездесулер мен спектакльден кейінгі талқылаулар өнерді қабылдаудың жаңа мәдениетін қалыптастырды. Көрермен енді бақылаушы ғана емес, шығармашылық үдерістің белсенді қатысушысына айналды.
Фестивальдың және бір ерекше жобасы – «Театр түні». Бұл кеште көрермен сахна сыртындағы тіршілікті көруге мүмкіндік алып, спектакльдің қалай дүниеге келетінін, актер мен режиссердің ізденісін көзбен көрді. Осы арқылы театрдың «тірі ағза» екені тағы бір мәрте дәлелденді.
Ал фестиваль аясында өткен «80 жылдық тарих пен тағылымдағы сахналық дәстүр, актерлік мектеп және көркемдік мұра» атты дөңгелек үстел театрдың өткені мен бүгінін сабақтастырған тағылымды жиын болды. Онда Байділда Қалтаев, Мәкіл Құланбаев, Алтынбек Кенжеков сынды сахна саңлақтарының мұрасы еске алынып, әртістердің ұлттық театр өнеріндегі орны айрықша атап өтілді. Айтулы тұлғалар атындағы арнайы жүлделер тағайындалды. Атап айтсақ, Алтынбек Кенжеков атындағы арнайы жүлде «Гамлет. Соңғы күндер» спектакліндегі Клавдий рөлі үшін Еділ Рамазановқа, Мәкіл Құланбаев атындағы арнайы сыйлық «Шие бағы» қойылымындағы Леонид Гаев бейнесі үшін Жомарт Зейнәбілге, ал Байділда Қалтаев атындағы жүлде «Ревизор» спектакліндегі Дуанбасы рөлі үшін Ерлан Кәрібаевқа табысталды.
Сонымен қатар қорытынды кеште фестиваль жеңімпаздары анықталып, үздік актерлік жұмыстар мен қойылымдар арнайы марапаттар иеленді. Осылайша, «Алтын сақа-2026» фестивалі қойылымдар бәйгесі ғана емес, театрдың бүгінгі тынысы, көркемдік деңгейі мен болашақ бағыт-бағдарын айқындайтын маңызды мәдени алаң екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Соңғы жаңалықтар
Аңдатпа • Бүгін, 09:15
Мәдениеттер тоғысындағы «Forte trio»
Өнер • Бүгін, 09:13
Қоғам • Бүгін, 09:10
Шаруашылық • Бүгін, 09:07
Саяхат табысын еселеуге не кедергі?
Туризм • Бүгін, 09:05
Өрт сөндіру техникасымен толықты
Аймақтар • Бүгін, 09:02
Астанада халықаралық кітап жәрмеңкесі өтеді
Көрме • Бүгін, 09:00
Аймақтар • Бүгін, 08:57
Дәстүр мен жасампаздықты тұтастандырған Түркістан
Туризм • Бүгін, 08:55
Руханият • Бүгін, 08:53
Әдебиет • Бүгін, 08:50
Пікір • Бүгін, 08:48
Шикізаттан композитті өнімге дейін...
Ғылым • Бүгін, 08:45
Театр • Бүгін, 08:43
Жаңарған музей – жаңғырған тарих
Мәдениет • Бүгін, 08:40