Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
Сайлауалды бағдарлама – партия мен кандидаттың қоғам алдындағы саяси міндеттемесі. Осы арқылы кандидаттар елді дамыту жөніндегі өз көзқарасын, басымдықтары мен нақты жоспарларын ұсынады. Сондықтан оның орындалуы ең алдымен саяси жауапкершілікпен өлшенеді. Кандидат пен саяси партияның орындалмаған уәдесі үшін елімізде заң шеңберінде әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылмаған.
Сайлауалды бағдарламалардың орындалуын кім бақылайды?Саясаттағы ең үлкен баға – сайлаушының сенімі десек, бағдарламалардың да орындалуындағы бас төреші – халықтың өзі. Партиялар жұмысын саралауда бұқаралық ақпарат құралдары, қоғамдық ұйымдар мен тәуелсіз сарапшылар да мониторинг жүргізіп, түрлі рейтингтер мен есептер арқылы саясаткерлердің жұмысына қоғамдық бақылау жасайды. Дауыс беру алдында сайлаушылар осы критерийлерге қарап сайланбалы орган өкілдеріне баға береді. Сондай-ақ партиялардың өз ішінде де ішкі бақылау тетіктері жұмыс істейді. Ұйымдар өздерінің сайлауалды бағдарламаларының орындалуын қадағалап, депутаттарының қызметіне талдау жүргізіп отырады.
Уәдесін орындамаған депутатты мандатынан айыру мүмкін бе?
Конституциялық реформадан кейін Қазақстанның заң шығарушы органы жаңа модельге көшті. Құрылтай депутаттары енді бірмандатты (мажоритарлық) округтер арқылы емес, партиялық тізім бойынша сайланады.
Бұған дейін «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 13-2-тарауында бірмандатты округтен сайланған депутатты сайлаушылардың сенімінен айырылған жағдайда, оның ішінде сайлауалды бағдарламасын орындамағаны үшін мандатын кері қайтару рәсімі көзделген еді. Алайда бұл норма тек мажоритарлық жүйеде сайланған депутаттарға қатысты болды. Қазіргі жағдайда депутаттар партиялық тізім арқылы сайланатындықтан, сайлаушылардың жеке депутаттың мандатын кері қайтарып алу мүмкіндігі қарастырылмаған.
Дегенмен бұл депутаттар мен партиялардың жауапкершілігі жойылды деген сөз емес. Азаматтар жоғарыда аталған сараптамалық талдауларға сүйене отырып, өз таңдауы арқылы баға береді.
Әлемдік тәжірибеде қалай?Абзал Құспан: Сайлаудың сапасы партиялардың кадрлық әлеуетіне байланысты болады
Көптеген демократиялық елдерде де сайлауалды уәделердің құқықтық форматынан саяси сипаты басым. Соған қарамастан әлемнің бірқатар елдерінде саясаткерлердің сайлауалды уәделерін қоғамдық бақылауға арналған арнайы платформалар жұмыс істейді. Мәселен АҚШ-тағы PolitiFact, Канададағы PolitiMeter пен Украинадағы «Слово и дело» жобалары кандидаттардың сайлау кезінде берген уәделерін тіркеп, олардың орындалу барысын ашық түрде жариялап, қоғамға тұрақты есеп ұсынып келеді.
Талдау жұмыстары кезеңінде сайлауалды бағдарламалардың толық орындалмауына әсер ететін факторлар да ескеріледі. Олардың қатарында экономикалық дағдарыс, бюджет тапшылығы, инфляция мен сыртқы геосаяси ахуал да бар. Сондай-ақ коалициялық басқару жағдайында партиялар серіктестерімен келісімге келіп, бастапқы бағдарламаларына өзгерістер енгізуге мәжбүр болуы да мүмкін.
Еске сала кетейік, елімізде Құрылтай сайлауы 23 тамызға белгіленді.