Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..
Кейбір суретке көз салып, көңіл қойғанда бояуды емес, болмысты, уақытты көресің. «Forte Kulanshi Artspace» галереясындағы белгілі суретші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сембіғали Смағұловтың көрмесі көңіл түкпірінде дәл сондай әсер қалдырды. Бұл – қабырғаға ілінген картиналар жиынтығы емес, жады мен жаратылыстың, тарих пен бүгіннің арасындағы үнсіз әңгіме.
Тоқсаныншы жылдар. Ел еңсесін тіктеп, тәуелсіздікпен бірге өзіне қайта үңілген шақ. Сол кезеңде өнерге келген суретшілерге қылқалам – жай кәсіп емес, рухани миссияға айналды. Тамырды тану, тегіңді түгендеу, ұмыт қалған кеңістікті қайта елестету – бұл буынның басты мұраты еді. Оларға сурет тек бояу емес, жауапкершілік болды. Жанартаудай атқылап, санаға сілкініс, ойға қозғау сала келген осы толқынның алдыңғы легінде көрнекті қылқалам шебері Сембіғали Смағұлов тұр. Ал оның шығармалары — сананың ояну сәтінен қалған көркем куәлік.
Иә, суретші кенептерінде уақыт тоқтамайды. Сенбесеңіз, суреткер сырына, Сембіғали сарынына үңіліп көріңізші. Кенепке түскен бейнелердің өзі сөйлеп тұрған жоқ па? «Темірқазық» – бағыт қана емес, рухани тұрақ. «Ұмай» – ұмыт қалған аналық қорғау. «Самұрықтың самғауы» – қайта тірілуге деген сенім. Олар оқылмайды, іштей сезіледі. «Арқайым», «Көшпелі әлем», «Номад наме» сынды туындыларда кеңістік шексіз, ал уақыт шартты. «Құнанбай» мен «Абай» – өз алдына бөлек биіктік. Бұл атаулар – жай ғана тақырып емес, мәдени код. Олар адамды баяғы бағзыға жетелейді, бірақ өткенге байлап қоймайды. Керісінше, бүгінгі болмысқа сұрақ қояды. Өткен мен бүгіннің арасындағы диалог, міне, дәл осы жерден басталады.
Сембіғали Смағұловтың картиналарында нақты сюжеттен гөрі ішкі қозғалыс басым. Абстракция – қашу емес, жинақтау тәсілі. Фольклор мен музыка сарыны да осы кеңістікте еркін тыныстайды. «Құрманғазы», «Құлагер», «Есекей» секілді жұмыстарға ой жүгірткенде өзгеше қоңыр үн естілгендей болады. Күйдің екпіні, ат тұяғының дүбірі, даланың тынысы – бәрі де бояу арқылы сөйлейді. Бұл – көзбен көруден гөрі, жүрекпен сезінетін өнер.
«Кенептің алдына келген сәтте бейне өзінен-өзі көріне бастайды. Сол кезде өзімді суретші емес, тек құрал ретінде сезінемін. Түнде сызған эскиз таңертең басқа түсті, басқа тынысты талап етеді. Холстпен дауласа алмайсың. Егер мен көрінген бейнені тыңдамай, өз ойымды таңсам, туынды тұйықталып қалады. Өйткені өнер бұйрықты емес, келісімді қалайды. Сурет салу – ойлап табу емес, есту. Нағыз бейне тек соған берілген адамға ғана ашылады», дейді суретшінің өзі шығармашылық шеберханасы турасында толғанып.
Ал жылқы бейнесі – суретшінің көркем әлеміндегі басты кейіпкер. Жылқы – Сембіғали Смағұлов үшін жануар ғана емес, мінез, болмыс, еркіндіктің метафорасы. Жеңіс Кәкенұлының Сембіғали Смағұловты «жылқы мінез суретші» деп тануы да сондықтан. Қылқалам шебері «Саңлақ» атты мақаласында кейіпкерін «графика» десең – сыза алатын, «кескіндеме» десең – жаза алатын, «мүсін» десең – балшық илеп, мыс құятындай қылып, картина танығыш, композиция дегенді сонадайдан «оқығыш» етіп жаратқан» деп сипаттай келе: «Сембіғали Абзалбекұлы десем, көз алдыма оның шығармасындағы жылқылар образы келеді, көкейге Қамбар ата бейнесі қоса түседі. Ол – еркіндік рәмізі, ер қанаты жылқыны шығармасына кілт қылып алды да, «Сыншы», «Ертең бәйге», «Бұғаусыз тұлпар», «Аңшылар», «Сұлтан Бейбарыс», «Жалаңтөс батыр», «Кентавр биі», «Мың жылқы» деп, «Түйтенің көк шағыры» деп күллісін тізсек, ұзақ бір керуенге жүк болатын ұзын сонар картиналарының өн бойын ылғи қыл құйрықтыға толтырды» деп шабыттана жазады.
Иә, Сембіғали Смағұлов – тек суретші емес, кеңістікті ойлайтын мүсінші де. Қылқұйрық бейнесі оның кенептерінде ғана емес, елорда ендіктеріне ерекше эстетика сыйлап, қала кеңістігінде де жарқырап тұр. «Астана Опера» театрының ұшар басындағы аспанға ұмтылған жылқылар – еркіндіктің мүсінге айналған сәті іспетті. Ал «Қазақ елі» монументі, «Үш арыс» ескерткіші, «Көк түркілер әлемі», «Құс жолы» – бұлар бас қаланың көркі ғана емес, уақыттың таңбасы. Осындай туындылар арқылы оның есімі отандық өнер тарихына әлдеқашан жазылып қойған.
Өйткені Сембіғали Смағұловтың өнері ұран емес. Ол айқайламайды. Оның тілі – сабырлы. Бірақ сол сабырдың ішінде терең сілкініс жатыр. Тыныштықтың өзінде салмақ бар. Әр картина – сұрақ. Әр образ – ишара. Мұнда пафос та, артық түсіндіру де кездеспейді. Әр картина ұзақ үнсіздікке шақырады. Әр образ көрерменді өз ішіне үңілуге мәжбүр етеді. Сембіғали Смағұловтың өнері дайын жауап ұсынбайды. Ол сұрақ қояды. Ал сол сұрақпен қалу – көрермен үшін ең үлкен сый.
Соңғы жаңалықтар
Оқушыларға барлық жағдай жасалған
Білім • Бүгін, 07:40
Білім • Бүгін, 07:30
Білім • Бүгін, 07:20
Тағы бір колледж халықаралық ынтымақтастықтың жаңа деңгейіне шықты
Қазақстан • Кеше
Әлем және Азия рекорды: Қазақстан мергендері жалпыкомандалық есепте көш бастады
Спорт • Кеше
Бейбітшілік кеңесі туралы тағы бір мәлімет: Ақорда түсініктеме берді
Қазақстан • Кеше
Богданович мұздығында қар көшкіні қаупі жоғары
Оқиға • Кеше
Олимпиада-2026: Фристайл-акробатикадан ел намысын кімдер қорғайды?
Спорт • Кеше
Екі облыс аумағындағы автожол жабылды
Қоғам • Кеше
23 қаңтарда Астанада бірінші ауысым оқушылары қашықтан оқиды
Елорда • Кеше
«Тәуелсіздік ұрпақтары» – 2025 грантының жеңімпаздары марапатталды
Марапат • Кеше
Қазалыда теміржол үстінен өтетін аспалы көпір ашылды
Аймақтар • Кеше
Отаншыл маман даярлауды басты мақсат санаймыз
Пікір • Кеше
Мемлекет басшысы Давоста бірқатар кездесу өткізді
Президент • Кеше
Мемлекет үніңізге құлақ ассын: eOtinish-ке қанша хат келіп түседі?
Қоғам • Кеше