Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Шағын және орта бизнес ел экономикасындағы ең серпінді саланың біріне айналды. Оның ІЖӨ-дегі үлесінің артуы кәсіпкерліктің саны жағынан тұрақты өсіп келе жатқанын көрсетеді. Дегенмен сарапшылар ендігі басты міндет бизнесті жаңа деңгейге көтеру екенін айтады.
Орта бизнестің ортаймауы маңызды
Мемлекеттік қолдау құралдары кәсіп ашуға қолайлы жағдай жасап отыр. Бірақ ұзақмерзімді тиімділік үшін кәсіпорындардың кеңеюі, жаңа сатыға өтуі, технологиялық жаңаруы, сондай-ақ нарықтағы бәсекеге бейімделуі шешуші мәнге ие.
Экономист Руслан Сұлтанов ел экономикасындағы ендігі басты міндет – сандық өсімнен сапалық өсімге көшу екенін айтады. Оның пікірінше, өндіріс көлемі мен экспорттың ұлғаюы экономиканың орнықты дамуына толық кепіл бола алмайды. Егер экономикада тұрақты орта буын қалыптаспаса, қызмет көрсету секторы өнімділік жағынан күшеймесе, мұндай өсім ұзаққа бармайды.
«Бүгінде ірі бизнес пен шағын бизнес арасындағы орта қабат әлсіз. Ал қызмет көрсету саласының өсімі көбіне тиімділік есебінен емес, жұмыспен қамту арқылы жүріп отыр. Жетілген экономикада қосылған құнның негізгі өсімін дәл осы орта бизнес пен қызмет көрсету секторы береді. Олар өзгеріске тез бейімделеді, жаңа үдерісті енгізеді, жаңа нарыққа шығады. Сондықтан экономикаға жай ғана саны көп шағын кәсіп емес, өсуге дайын компаниялар керек», дейді Р.Сұлтанов.
Оның айтуынша, кәсіпкерлер кей жағдайда бизнесін дамытуды емес, оны шағын күйінде қалдыруды таңдайды. Өйткені компания өскен сайын жеңілдіктер азайып, талап күшейеді. Сондықтан ендігі міндет – бизнесті сақтап қалу ғана емес, оның кеңеюіне жағдай жасау. Бұл үшін бәсеке, салық, реттеу мен нарықтық қолдау тетіктері өсуге жұмыс істеуі керек.
«Орта бизнес шағын күйде қалғаннан гөрі өсу пайдалы болатын – қызметтер бәсекелесе алатын, мемлекет нарықтың орнын баспайтын, ойын ережелерін қалыптастыратын жерде пайда болады. Әрине, экономика орта қабатсыз өмір сүре алады. Тіпті өсуі де мүмкін. Бірақ қарқыны ұзаққа бармайды», дейді экономист.
Жүйелі кәсіптің жолы ұзақ
«Атамекен» ҰКП Шағын және орта бизнесті дамыту комитетінің төрағасы Гүлбану Майғарина ШОБ алдындағы басты сын-қатер ретінде базалық қаржылық гигиенаның болмауын айтады.
«Өкінішке қарай, шағын бизнестің көбінде әлі күнге дейін өзінің ақша ағыны туралы айқын түсінік жоқ. Ақшалай қаражаттың қозғалысы немесе пайда мен залалдар туралы есептің болмауы алысқа апармайды. Қазіргі өзгеріс кезеңі қиындық қана емес, сүзгі де бола алады. Мен кәсіпкерлерге цифрларға инвестиция салыңдар деп айтамын. Мәселен, мәзір, персонал туралы кез келген шешім деректерге негізделуі керек», дейді Г.Майғарина.
Оның айтуынша, ұзақмерзімді келешекте жағдай тұрақты болады. Бизнеске кемінде 3–5 жылға дейінгі болжамды ойын ережелері керек. Жаһандану дәуірінде және қатаң фискалдық бақылау кезінде жүйелі ойыншы ғана өзін сақтай алады. Комитет төрағасы компаниялардың бірігуі бизнесті аман алып қалудың тағы бір тиімді жолы деді.
«Шағын дәмхана немесе дүкеннің жалғыз өзіне маркетингті, логистиканы, кәсіби есепті жүргізу қиынға соғады. Біз бизнеске саналы түрде кеңеюге қадам басуды ұсынамыз. Мысал ретінде, бизнестің бірігуі немесе франчайзингке ауысу. Үш-төрт компания біріккенде олардың әкімшілік шығыны бәріне бөлінеді. Бұл – мемлекетке де ұғынықты, өйткені ашық сектормен диалог жүргізу оңайырақ. Біз қалайда ақылды, технологиялық әрі қаржылық сауатты ұлттық бизнесті қалыптастыруымыз қажет және сондай кезең басталып та кетті», дейді Г.Майғарина.
Сарапшы кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған қазіргі қадамдар туралы да айтты.
«Таза парақ» тәсілі арқылы кәсіпкерлер 31 наурызға дейін салықты бұрын салынған айыппұл мен өсімақысыз төлеуге мүмкіндік алды. Бұл – жаңа құқықтық алаңда қарызсыз жұмыс бастауға шынайы мүмкіндік. Сондай-ақ қазір «Іскер аймақ» мамандандырылған диалог алаңымыз бар. Онда еліміздің өңірлеріндегі бизнес пен билік тікелей өзара іс-қимыл жасайды. Сонымен қатар отандық бизнесті франшизаға айналдыруға, халықаралық нарыққа шығуға көмектесетін кәсіпкерлерге арналған «KazBrand» ұлттық реалити-конкурсы бар», дейді ол.
Өсімнің бір тірегі – онлайн сауда
Кәсіпкерліктің кеңеюі ең алдымен еңбек нарығындағы оң өзгерістен анық байқалады. ШОБ секторында бүгінде
4,5 млн адам еңбек етеді. Бұл – бұрнағы жылмен салыстырғанда 3,4%-ға артық көрсеткіш (4,37 млн адам). Яғни ел экономикасындағы әрбір екінші еңбеккердің қызметі – ШОБ-пен байланысты деген сөз.
Саладағы өсім өндіріс көлемінен де айқын көрінеді. Былтыр үшінші тоқсанда ШОБ субъектілерінің өндірген өнімі мен көрсетілген қызмет көлемі 73,1 трлн теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 28% жоғары (57,1 трлн теңге).
Ranking.kz бас директоры Седред Асретов ШОБ қарқынына маркетплейстердің де әсері үлкен екенін айтады. Себебі ШОБ-тың ІЖӨ-дегі үлесінің өсуі елде маркетплейстер қызметінің кеңею кезеңімен сәйкес келеді.
«2018 жылға дейінгі көрсеткішке қарасақ, ШОБ үлесі іс жүзінде тұрақты сипатта болды, жылдар бойы өзгерген жоқ. Ол кезде ШОБ үлесі 25–26%-ды құрайтын. Бірақ 2018 жылдан кейін біз жыл сайын тұрақты өсімді көріп отырмыз. Бүгінде оның ІЖӨ-дегі үлесі 40%-ға жуықтады. Маркетплейстер де мұнда басты локомотив рөлін атқарды», дейді ол.
Сонымен қатар Седред Асретов платформалардағы сатушылардың құрылымын нарықтың салалық сипаттамасы ретінде қарастыруға болатынын айтады.
«Статистиканың өзі маркетплейстердегі сатушылардың кім екенін көрсетіп отыр. Барлық сатушының 90%-ы – шағын және орта бизнес кәсіпкерлері. Олар үшін маркетплейс тауар қоятын сөре ғана емес, толыққанды жұмыс орнына айналды. Бұрын қойма, логистика, ІТ-инфрақұрылым туралы бас қатыратын еді. Ал қазір платформалық шешімдер бұл қажеттіліктің бәрін жауып, кәсіпкерге тек өнімге көңіл бөлуге мүмкіндік беріп жатыр», дейді С.Асретов.
Мемлекеттік қолдау тетіктері
Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау ШОБ-тың маңызды тірегі болып қала береді. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, қазір несие бойынша сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау мен «Даму қоры» ұсынатын мемлекеттік кепілдіктер кәсіпкерлер арасында сұранысқа ие.
«Қазір субсидиялау тетігі экономиканың басым секторындағы шағын кәсіпкерлік субъектілеріне қолжетімді. Кәсіпкерлер үшін кредит мөлшерлемесі – жылдық 13,2%. Несиелеу мерзімі – 3 жылға дейін, қарыздың ең жоғары сомасы – 200 млн теңге. Былтыр субсидиялау аясында 3,3 мың жобаға 365,7 млрд теңге несие берілді. Қолдау көлік және қоймалау, өңдеу өнеркәсібі, сауда, білім, денсаулық сақтау, туризм, құрылыс, агроөнеркәсіптік кешен мен қызмет көрсету салаларын қамтиды», дейді министрліктің баспасөз қызметі.
Кәсіпкерлерді қаржылай қолдаудың тағы бір құралы – кепілдік қорлары. ШОБ-қа арналған кепілдік қоры қаржыландыру көлемі 7 млрд теңгеге дейінгі жобаларды қолдайды. Тіпті кепілмен қамтамасыз ету жеткіліксіз болса да, кәсіпкерлерге несие алуға көмектеседі. Былтыр осы құрал арқылы 509,2 млрд теңге сомасында 3,1 мың жобаға қолдау көрсетілді. Оның 282,5 млрд теңгесі – берілген кепілдіктер.
Ал ірі инвестициялық жобаларға арналған кепілдік қоры 7 млрд теңгеден асатын бастамаларды қолдауды көздейді. Бұл құрал ірі жобалардың жүзеге асуына жол ашады. Былтыр осы бағытта 5 жобаға 94,2 млрд теңге көлемінде қолдау көрсетіліп, кепілдік сомасы 21,8 млрд теңгені құрады.
Былтырдан бастап кәсіпкерлерге арналған «Өрлеу» бағдарламасы іске қосылды. Жаңа жеңілдікті бағдарлама аясында жылдық мөлшерлеме 12,6% болып белгіленген. Ал бір қарыз алушыға 7 млрд теңгеге дейін қаржы беріледі.
Бағдарламаның негізгі мақсаты – өндірісті кеңейту, кәсіпорындарды жаңғырту, жаңа жұмыс орындарын ашу, экономиканы әртараптандыру. Қаржыландыру, ең алдымен, өңдеу өнеркәсібі, агроөңдеу, логистика, білім, денсаулық сақтау секілді басым салалардағы жобаларға бағытталған. Былтыр осы бағдарлама арқылы
2,2 мың жобаға 588,2 млрд теңге көлемінде несие берілді.
Қысқасы, ШОБ бүгінде еңбек нарығы мен ішкі нарықтың негізгі тіректерінің біріне айналды. Ендігі кезеңде мемлекеттік қолдаудан бөлек, бизнестің технологиялық жаңаруы, қаржылық сауаты және орта буынға дейін өсуі шешуші рөл атқарады. Нарық талабына тез бейімделіп, жүйелі даму жолын таңдаған кәсіпорын ғана ұзақмерзімді бәсекеде ұтады.
Соңғы жаңалықтар
Қоғам • Бүгін, 08:40
Спорт • Бүгін, 08:35
«Атырау» футбол клубы да жекешеленеді
Футбол • Бүгін, 08:30
Таза су тапшылығы қашан жойылады?
Мәселе • Бүгін, 08:25
Наурызнама • Бүгін, 08:20
Қоғам • Бүгін, 08:15
Дәстүр • Бүгін, 08:10
Он сегіз мың бала асық ойынын дәріптеді
Дәстүр • Бүгін, 08:05
Тұлға • Бүгін, 08:00
Кәмелетке толмаған қызды зорлады деген күдікке ілінген қызметкер ауруханада қайтыс болды
Оқиға • Бүгін, 00:50
Дональд Трамп: Иранға қарсы соғыста АҚШ-қа НАТО елдерінің көмегі қажет емес
Әлем • Бүгін, 00:37
Астана – Щучинск тасжолындағы жабық дәретхана үшін филиал директоры қызметінен босатылды
Оқиға • Бүгін, 00:23
Атырау облысындағы отбасы өлімі: Күдіктіге тағы бір айып тағылды
Оқиға • Кеше
Ақтөбе облысында жол апатынан жүргізуші мен төрт жолаушы қаза тапты
Оқиға • Кеше
Grand Slam турниріне қатысатын Қазақстан құрамасының тізімі жарияланды
Спорт • Кеше