Inform.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
Сарыағаш айналма жолының құрылысы 2025 жылдың сәуірінде басталуы тиіс болған. Өткен жылы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов аталған жолға қажетті қаржының мәселесі шешілгенін мәлімдегенімен, әкімшілік рәсімдердің созылып кеткенін атап өткен еді.
Жақында өткен Ұлттық құрылтайда Президент елдегі көлік инфрақұрылымын дамыту мәселесіне арнайы тоқталып, Сарыағаш қаласы маңындағы көлік қозғалысының тым тығыз екенін қадап айтты. Мемлекет басшысы бұл түйткілді шешудің нақты жолы ретінде биыл Сарыағаш айналма жолының құрылысы басталатынын және жұмыстың сапалы әрі уақытылы орындалуын тікелей өзі бақылауында ұстайтынын мәлімдеді.
Аталған жолдың стратегиялық маңызы зор, өйткені ол халқы тығыз қоныстанған Түркістан облысының төрт бірдей ауданын байланыстырады. Бұл аумақта 500 мыңнан астам тұрғын бар. Оған қоса Өзбекстанмен шекаралас аймақта орналасқан.
Жергілікті тұрғындар мен жүк тасымалдаушылар бұл бағытта көлік кептелісі жиі болатынын, кезек күтіп уақыт жоғалтудан әбден шаршағандарын айтады.
— Жетісай мен Шардара тұрғындары Шымкентке бару үшін осы бір жолды ғана пайдаланады. Алайда жол тар болғандықтан кептеліс көп. Қытай, Өзбекстан, Тәжікстан бағытындағы транзиттік көліктердің бәрі осы жолмен қатынайды. Айналма жол салынса, ол көліктер елдімекенді айналып өтетін еді, — деді жетісайлық тұрғын Марат Жорабеков.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Мейіржан Жалайыровтың айтуынша, жаңа жол өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін арттырып, транзиттік автокөліктердің кедергісіз қозғалысын қамтамасыз етеді әрі жол қозғалысы қауіпсіздігін едәуір жақсартады.
— Сарыағаштан Жетісай бағытындағы жол республикалық маңызы бар болғанымен, III санатқа жатады және тәулігіне шамамен 3 мың автокөлікті өткізуге мүмкіндігі бар. Алайда қазіргі уақытта бұл жолмен тәулігіне 18-20 мыңға дейін көлік қатынап, шамадан тыс жүктеме туындап отыр. Соның салдарынан көлік кептелістері жиілеп, жол-көлік апаттары болып жатыр, — деді ол.
Спикердің айтуынша, Сарыағаш айналма жолының жалпы ұзындығы — 102 шақырым. Ауқымды жобаның жалпы құны — 238,1 млрд теңге.
— Жоба аясында I б санатындағы төрт жолақты жаңа автожол салынады. Ол республикалық маңызы бар А-15 автожолына балама бағыт ретінде қызмет атқарып, Сарыағаш қаласы мен оған іргелес аумақтардағы көлік жүктемесін азайтады. Қазіргі таңда Автомобиль жолдары комитеті тарапынан мердігерді анықтау үшін конкурстық рәсімдер жүргізіліп жатыр. Конкурс аяқталғаннан кейін құрылыс жұмыстары басталады — деді Мейіржан Жалайыров.
Жол құрылысы Қабланбек елдімекенінен басталып, Қызыләскер ауылындағы «Қонысбаев» кеден бекетіне дейін жалғасады. Жоба аясында 9 жолайрық, 26 көпір, 11 теміржол өткелі, 4 демалыс алаңы және 10 ақылы жол аркасын салу көзделген.
Ұлттық сапа орталығы Түркістан филиалының бөлім басшысы Қайрат Шәкірұлының айтуынша, жаңа айналма жолдың құрылысы үш жылға жоспарланған. Бұл жоба Қазақстан мен Орталық Азия арасындағы транзиттік әлеуетті екі есе арттыруға мүмкіндік береді.
— Құрылыс сапасына қатаң талап қойылады. 102 шақырымдық жоба үш лотқа бөлініп жүзеге асырылады, нәтижесінде конкурс арқылы үш мердігерді анықтау көзделіп отыр. Жол пайдалануға берілгеннен кейін А-15 автожолындағы көлік жүктемесі айтарлықтай азаяды, — деді ол.
Бұдан бұрын Түркістан облысындағы Арыстанбаб пен Ясауи кесенелерін жалғайтын 4 жолақты жолдың құрылысы қашан аяқталатынын жазған едік.