Inform.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Қоршауы опырылып түсті
Ертіс өзенінің екі жағалауында орналасқан Семей шаһарында 3 көпір бар. 1929 жылы Түркістан-Сібір теміржолының бір бөлігі ретінде теміржол көпірі салынған болатын. Ол Сібірді Орталық Азиямен байланыстырды. 1964 жылы автогуж көпірі (Қазір ел арасында «Ескі көпір» деп аталып кеткен) пайдалануға берілді. Ал 2000 жылы жапондық компания салған әйгілі аспалы көпір бой көтерді.
Осы үшеуінің ішінде автогуж көпірінің жағдайы ең нашар. Семейліктер үнемі көпір жолының шұрық тесік екеніне шағымданып келді. 2013 жылы ол ресми түрде «апатты жағдайдағы нысан» деп танылған. 2022 жылы оның тура қасына жаңа көпірдің құрылысы басталып, екі жылдан кейін аяқталады деп жоспарланды. Бірақ жоба құнының қымбаттауы мен қаражаттың бөлінбеуі салдарынан аяқталған жоқ.
Фото: Абай облысы әкімдігінен2024 жылы «Ескі көпір» қоршауы опырылып түсті. Қатты желдің салдарынан ұзындығы 15 метр болатын қоршау құлап кеткен. Құлаған қоршаулар оптикалық байланыс желілерін зақымдап, сол жақ жағалау тұрғындары интернетсіз қалды. Кейін қоршауларды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.
Ал 2025 жылдың тамызында автогуж көпірінің асфальты толық жаңартылды.
Фото: Абай облысы әкімдігінен– Ұзындығы 1 шақырымға жуықтайтын жолдың ескі асфальт қабаты қырып алынып, орнына қалыңдығы 6 см жаңа тасты-мастикалық асфальт төселді. Бұған дейін мұнда жылдамдық сағатына 40 шақырым болса, енді автокөліктер 60 шақырым жылдамдықпен жүреді, - деп хабарлады Абай облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Жаңа көпірдің ұзындығы қандай болмақ?
Бірақ бұл осыдан төрт жыл бұрын салынып басталған жаңа көпір салынбайды деген сөз емес. Kazinform тілшісінің сауалхатына жауап жолдаған Абай облысы жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Уәлиев көпір құрылысы 2026 жылдың соңына дейін өз мәресіне жететіндігін мәлім етті.
Фото: Абай облысы әкімдігінен– «Семей қаласының автомобиль көлік көпірін реконструкциялау» нысанының құрылысы бойынша қазіргі таңда жобада қарастырылған 9 тіректің 8-і тұрғызылды. Сонымен қатар 9 мың тонна көлемінде көпірдің аралық құрылысының металл конструкциясы сатып алынып, оның ішінде 3,3 мың тоннасы монтаждалған. Көпір құрылысы аяқталғаннан кейін жобаға сәйкес Шәкәрім және Тәңірберген көшелерін қосатын болады. Сонымен қатар көпірдің екі жағынан жаяу жүргіншілер жолы қарастырылған. Жобасы 2022 жылы жүзеге асырылып басталған көпірде көлік қозғалысын қамтамасыз ету 2026 жылдың соңына дейін жоспарланып отыр, - дейді ол.
Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары жоспарланған кестеге сейкес жүргізіліп келеді. Жобаға сәйкес көпір құрылысының негізгі параметрлері:
– көпірдің жалпы ені – 23 метр
– жаяу жүргіншілер жолы – 2,25 метр
– көпір өткелінің жалпы ұзындығы – 809 метрді құрайды.
Фото: Абай облысы әкімдігінен Фото: Абай облысы әкімдігіненБұған дейін БАҚ-та жаңасы салынған соң ескі көпірдің Арбатқа айналатыны жайлы ақпарат тараған еді. Ерлан Уәлиевке осы сауалды да қойдық.
– Қолданыстағы автокөлік көпірін жаяу жүргіншілер аймағына, яғни Арбатқа айналдыру мүмкіндігіне қатысты шешім жаңа көпірдегі құрылыс-монтаждау жамыстары толық аяқталғаннан кейін қосымша қарастырылатын болады, - деді басқарма басшысының орынбасары.
Еске салсақ, осыған дейін Орал қаласында көлік жүктемесін азайтатын жаңа көпір салынатыны хабарланған.