Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
Марш жетекшісі, Бітімгерлік операциялар орталығы бастығының орынбасары, полковник Бақытжан Жетпісовтың айтуынша, бұл іс-шара командалық рухты нығайтып, әскери қызметшілердің дене даярлығын сынады.
– Сарбаздарға ең жақын буын саналатын сержанттар барлық деңгейдегі командирлердің сенімді тірегі әрі жеке құрамды даярлау, тәрбиелеу және әскери тәртіпті нығайту ісіндегі маңызды буын саналады. Олардың тәжірибесі мен кәсіби дағдылары еліміздің Қарулы күштерінде ғана емес, халықаралық деңгейде де жоғары бағаланады. Оларға құрмет ретінде экологиялық бағытта марш жасадық. Бұл бастама әскери қызметшілердің төзімділігін шыңдауға әрі күрделі жағдайларда іс-қимылды жетілдіруге мүмкіндік берді. Қазіргі таңда отандық әскери қызметшілер, оның ішінде сержанттар да БҰҰ-ның Голан жоталарындағы және Ливандағы бітімгерлік миссиялары құрамында қызмет атқарады, – деді полковник Б.Жетпісов.
Сержанттар күнінің тарихы кәсіби сержанттар корпусының қалыптасуымен сабақтас. 1996 жылы 1 шілдеде Президент Жарлығымен Қорғаныс министрлігінің Кадет корпусы құрылып, кіші командирлерді даярлаудың жаңа жүйесіне жол ашылды. Бұл шешім кәсіби сержанттар корпусын қалыптастырудың берік негізіне айналды. Оның маңызы ескеріліп, 2021 жылы 1 шілде ресми түрде Сержанттар күні болып белгіленді.
Қазақстан Қарулы күштерінің бас сержанты, шебер-сержант Темірбек Халықовтың айтуынша, 30 жылда кәсіби сержанттарды даярлаудың заманауи жүйесі қалыптасты. Бүгінде олар жауынгерлік даярлықтың жоғары деңгейін қамтамасыз етіп, бөлімшелердің күнделікті қызметін ұйымдастыруда маңызды рөл атқарады.
– Сержанттардың кәсібилігі, беделі, білімі мен жеке үлгісі әскери қызметшілердің жауынгерлік даярлығының деңгейіне, моральдық-психологиялық ахуалына, бөлімшелердің жүктелген міндеттерді орындауға дайындығына тікелей әсер етеді, – деді ол.
Қарулы күштерде сержанттар құрамын даярлау жүйесін жетілдіруге де ерекше көңіл бөлінеді. Кәсіби шеберлікті арттыру мақсатында жыл сайын «Үздік сержант» жалпыәскерлік байқауы өткізіледі. Оған қатысушылар өздерінің теориялық дайындығы мен қызметтік міндеттерін орындауға қажетті тәжірибелік дағдыларын көрсетеді. Сонымен қатар жеңімпаздар Қарулы күштер атынан халықаралық жарыстарға қатысады.
Оған қоса, Қарулы күштердің оқу-әдістемелік базасы да жетілдіріліп келеді. Қазіргі заманғы қарулы қақтығыстардың тәжірибесі ескеріле отырып, әскери қызметшілердің жауынгерлік даярлығында қолданылатын нормативтер жинағы қайта әзірленді.
Сержант кадрларын даярлау еліміздің бес әскери колледжінде он түрлі мамандық бойынша жүзеге асырылады. Олардың түлектері Қарулы күштердің түрлері мен әскер тектерінде қызмет атқарады.
Осыдан бірер күн бұрын Кеңес Одағының батыры, Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледжде оқуды аяқтаған 100 кадет кәсіби сержанттар корпусының қатарына қосылды. Іс-шара барысында Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, генерал-майор Асқар Мұстабеков жас түлектерді құттықтап, Отан алдындағы абыройлы қызметтеріне табыс тіледі.
– Бұл – жаңа буынның сапқа қосылу күні. Түлектеріміздің арасында оқуда, әскери тәртіпте, қоғамдық өмірде ерекше көзге түсіп, колледжді үздік дипломмен аяқтап отырған сегіз оқу озаты бар. Үздік дипломдар – болашақ мінсіз офицерлік және сержанттық мансаптарыңыздың берік іргетасы. Енді осы биіктен түспеңіздер. Сіздерге зор жауапкершілік жүктеліп отыр. Әскери серт бердіңіздер, енді Отанға деген адалдық өмірлік бағдарларыңыз болуға тиіс, – деді генерал-майор.
Салтанатты рәсім аясында сержанттар Қарулы күштер сержантының ар-намыс кодексін қабылдап, сержанттар корпусына қабылдау рәсімінен өтті. Бұл – әскери қызметке адалдықты, жоғары жауапкершілік пен кәсіби міндетке беріктікті айқындайтын маңызды дәстүр.
– Осы айтулы күнде бізге сапалы білім, темірдей тәртіп және Отанға деген шексіз махаббатты бойымызға сіңірген колледждің басшылығына, ұстаздарымызға, командирлерге барлық түлектер атынан алғысымды айтамын. Сіздер бізді заманауи әскери біліммен сусындатып қана қоймай, Бауыржан Момышұлының тактикалық көрегенділігі мен Сағадат Нұрмағамбетов атамыздың мемлекетшілдік қасиетін бойымызға сіңірдіңіздер. Отан алдында берген әскери антымызға өмір бойы адал болуға уәде береміз, – деді оқу үздігі сержант Өміржан Тасболатов.
Сержанттар корпусы – ел армиясының өзегі, әскери басқару жүйесінің негізгі тірегі. Кіші командирлердің кәсібилігі, тәжірибесі мен борышқа адалдығы әрдайым жоғары бағаланады.