Egemen.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
Жаңа оқу жылына дейін мектептер техникалық жабдықталып, жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылуға тиіс. Мұнымен қоса мектептерде ЖИ қолдану стандарты, білім контентін генерациялау ережесі, нәтижелерді бағалау жүйесі бекітілуге тиіс. Ұлттық білім беру дерекқорының жаңғыртылуы нәтижесінде LMS жүйелері, яғни электрондық күнделіктер мен журналдар бірыңғай деректер қоймасына біріктіріліп, «QazTech» мемлекеттік бұлтты платформасына шоғырланатын болады. Қазіргі таңда елімізде 160 мыңнан астам педагог практикалық ЖИ дағдыларын меңгерген. Жасанды интеллектіні білім саласына енгізгенде оқыту форматы мен ресурстарын әзірлеу, қашықтан және офлайн оқытудың үйлесімі ескеріліп, қазақ тіліндегі ЖИ оқулығы мен оқу-әдістемелік құралдарды дайындау көзделіп отыр.
Сарапшылардың пікірінше, Президенттің «Қазақстан Республикасының орта білім жүйесіне жасанды интеллектіні ендіру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қоюы орта білім жүйесінде инновациялық шешімдерді ілгерілетуге ықпал етеді. Жасанды интеллект және цифрлық шешімдер шалғай ауылдар мектебінде қолданылуы оқушылардың да, мұғалімдердің де цифрлық құзыретінің артуына, әдістемелік материалдар мен онлайн ресурстардың қолжетімділігіне ықпал етеді. Білім үрдісін жаңа бағытқа бұрып, сыни ойлау, ақпаратты талдауға кең мүмкіндік туғызады.
Әлеуметтік желінің әлеуетін тиімді пайдаланып, оқушыларына пәнді жаңаша түсіндіріп жүрген Тараз қаласындағы НЗМ физика мұғалімі Мирлан Жусамбаевтың айтуынша, заманауи алгоритмдерді оқу үрдісінде қолдану жаңа білім кеңістігіне жол ашады. Нақты ақпарат қажет болған жағдайда ЖИ көмегімен жылдам жауап алуға болады. Ол оқушының жеке жәрдемшісі бола алады. Оқу үдерісінде есеп шығару деңгейін ескере отырып көмектеседі.
«Тиктоктағы» білім каналыма үлгілік және зертханалық жұмыстарды түсіріп, жүктеп отырамын. Қызықты әрі түсінікті етуге тырысамын. Жүктелген материалдар негізінде оқушылар таныстырылымын әзірлейді. Жаңа білім дағдыларын үйренеді. Осыған қарап оларға интернеттің өңірлерде қолжетімді екенін әрі оқушылар қызығушылығының жоғары екенін байқауға болады. Оны желі пайдаланушылар контенті, кері байланыс нәтижесіне қарап білуге болады», дейді М.Жусамбаев.
Оның айтуынша, оқушылардың ЖИ алгоритмін тиімді қолдану ережесін, этикасын үйрету – мұғалім үшін басты мәселе. Өйткені, оның бірқатар тәуекелі бар. ЖИ көмегімен орындалған үй тапсырмасындағы айырмашылықты мұғалім бірден байқап қояды. Әсіресе алгоритмнің қолданылғаны есептерді шешкенде анық көзге түседі. Мұғалім бір ғана формула қолданса, ЖИ есептің шешімін ұзақ жолмен қарастырады. Қорытындысына оқушы өздігінен құрылымдай алмайтындай шешу жолы түзілуі мүмкін. Сыныпта белсенділік танытпайтын оқушының үй тапсырмасын орындағанда ЖИ көмегіне жүгінгенін түсіну қиын емес және оның жауабы да әрдайым дұрыс бола бермейді. Есеп шығарғанда ол тілдік модель болғандықтан, бірден көзге түседі. Нақты емес ақпарат беруі мүмкін. Сондықтан мұғалім нақты мысалдармен түсіндіруі қажет.
«Qazaq Expert Club» білім саласындағы сарапшысы Бахытжан Дүйсенованың айтуынша, жобаны қанатқақты режімде іске асыруда Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Павлодар, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облыстарындағы шағын жинақты мектептері кездейсоқ таңдалған жоқ. Ресми деректер бойынша осы өңірлерде ауыл мектептерінің, шағын жинақты мектептердің үлесі жоғары. Сондықтан тірек мектеп пен шағын мектептің желілік байланысы, цифрлық контент және қашықтан қолдау көрсету бұл аймақтар үшін басым модель саналады. ЭЫДҰ деректері еліміз өңірлері арасында цифрлық инфрақұрылым мен педагогтердің технологиялық даярлығы бойынша айырмашылықтар бар екенін көрсетеді. 2023 жылы Ұлттық баяндамада мектептердің 99,7 пайызы интернетке қосылғаны көрсетілген. Бірақ сапа біркелкі емес. «Интернет бар» деген көрсеткіш әзірге ЖИ сервистерін тұрақты пайдалануға жеткілікті емес. Оған қоса, ел бойынша бір компьютерге орта есеппен 4 оқушыдан келеді. Елімізде қала мен ауыл мектептері арасындағы интернет сапасы, құрылғылармен қамтамасыз етілуі және ІТ-кадрлар бойынша айырмашылықтар әлі күнге сақталып отыр.
«Бұл айырмашылықты шағын жинақты мектептердің құрылымы айқын көрсетеді. Қазіргі кезде елімізде 2 500-ден астам шағын жинақты мектеп бар, бірақ онда тек барлық оқушының 5 пайызға жуығы ғана білім алады. Мемлекеттік мектептердің 70 пайыздан астамы ауылдық жерде орналасқан. Осы ретте Солтүстік Қазақстан облысында ауыл мектептерінің үлесі 88 пайыз болса, Қостанай облысында 80 пайызды құрап, дәл осы өңірлерде шағын жинақты мектептердің көрсеткішінің жоғары екенін көрсетіп отыр. Демек, «Qazaq Digital Mektebi» сияқты шешімдер үшін негізгі нысана – осы аймақтар. Сондықтан жобаны іске асыруда өңірлік ерекшеліктер басты назарда болуы қажет», дейді Б.Дүйсенова.
ЖИ құралдары білімге қолжетімділікті кеңейтіп, ерекше білім қажеттілігі бар балаларды қолдауда тиімді механизм ретінде қарастырылып отыр. Оған қоса «UNESCO және ЭЫДҰ зерттеулеріне сәйкес ЖИ білім үрдісінде оқушылардың оқу жетістіктерін талдап, мұғалімнің уақытын да үнемдейді. Академиялық адалдықтың бұзылуы, оқушылардың дайын жауаптарға тәуелділігі, жалған ақпараттың таралуы, дербес мәліметтердің қауіпсіздігі негізгі тәуекелдер қатарында. Жобаны іске асыру барысында өңірлер арасындағы цифрлық теңсіздікті ескеру маңызды.
Ресми мәлімет бойынша «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 2027 жылдың соңына дейін халықтың 100 пайызын интернетпен қамтып, ауылдық елді мекендерді 90 пайыз оптикалық байланыспен қамту жоспарланған. Осы орайда сарапшы, біріншіден педагогтердің цифрлық және ЖИ құзыреттілігін арттыру бойынша ұлттық деңгейде тұрақты оқыту бағдарламаларын енгізу қажеттігін атап өтті. Екіншіден, білім саласында ЖИ қолданудың этикалық стандарттары мен деректер қауіпсіздігіне қатысты нормативтік база әзірленуге тиіс. Үшіншіден, ауыл және қала мектептері арасындағы цифрлық алшақтықты азайтуда интернет пен техникаға қолжетімділікті теңестіру. Сонымен қатар қазақ тіліндегі сапалы цифрлық контентті дамытып, ұлттық білім платформасының бірыңғай экожүйесін қалыптастыру стратегиялық маңызға ие.
«Практикалық шешім – «алдымен офлайн, кейін синхрондау» қағидаты. Яғни контент пен тапсырма мектеп құрылғысына алдын ала жүктеліп, жергілікті сервер не кэш арқылы сабақ кезінде интернетсіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуі маңызды. Ал байланыс пайда болғанда дерек синхрондалуы керек», дейді сарапшы.
Ал мұндай модельге PDF/видеоның жеңіл нұсқасы, жүктелетін сабақ пакеттері, мұғалімге арналған офлайн әдістемелік модульдер, SMS/мессенджер арқылы қысқа кері байланыс кіреді. Бұл тәсіл халықаралық тәжірибеге де сәйкес келеді. UNESCO-ның 2020 жылғы дағдарыс контексіндегі қашықтан оқыту жобаларының 70 пайызында радио, теледидар, ұялы телефон пайдаланылған, ал пандемия кезінде онлайн платформалардың әлем оқушыларының шамамен төрттен біріне ғана жеткенін көрсетті. Демек, шалғай ауыл үшін «онлайн ғана емес», көпарналы аралас архитектура да қажет. Жоба мақсатына сай іске ассын десек, аймақтардағы мектептер интернет желісімен ғана емес, жаңа технологиялық мүмкіндіктермен де толыққанды қамтылғаны абзал.
АЛМАТЫ