Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..
Жетісу облысында туризмді дамыту бағытындағы ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Әсіре-се Балқаш пен Алакөл көлінің жағалаулары толықтай жаңарып келеді. Ең ғажабы оған жақын орналасқан ауылдар заманға сай түрленіп, демалушылардың көңілінен шығып отыр. Мәселен, Балқаш жағалауына бет алған саяхатшылар үшін Лепсі – өңірдің басты қақпаларының бірі. Сондықтан мұнда салынып жатқан жаңа теміржол вокзалының маңызы ерекше. Тамыз айында пайдалануға берілуі жоспарланған нысан өңірдің көлік инфрақұрылымын жақсартып қана қоймай, жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын жаңа деңгейге көтермек. Бүгінде құрылыстың 45 пайызы аяқталған. Мердігер ұйым директорының бірінші орынбасары Медет Омархановтың айтуынша, іргетастың монолитті-бетон жұмыстары толық аяқталып, ғимарат қабырғалары қаланып жатыр.
«Құрылыс нысанының жалпы аумағы – 617 шаршы метр. Вокзал ғимараты барлық заманауи талаптарға сай . Жобада күту залы, сауда алаңы, балалы жолаушыларға арналған бөлме, демалыс аймағы, санитарлық тораптар мен әкімшілік-техникалық бөлмелер қарастырылған», дейді М.Омарханов.
Суретті түсірген – Жұмабай Мұсабек
Жаңа вокзалдың іске қосылуы Балқашқа келетін туристер легін арттыруға да оң ықпал етеді. Өйткені сапалы көлік инфрақұрылымы – туризмнің дамуына тікелей әсер ететін негізгі факторлардың бірі. Турист үшін алғашқы әсер көбіне вокзалдан немесе жолдан басталады. Сондықтан Лепсіде бой көтеріп жатқан бұл нысан өңірдің туристік әлеуетін арттыруға қызмет етпек.
Туризмнің табысты дамуы қауіпсіздік мәселесімен де тығыз байланысты. Осы мақсатта ауылдағы полиция пунктінің ғимараты толық жаңғыртылып, заман талабына сай келтірілген. Мұнда қызметкерлер үшін асхана мен демалыс бөлмесі ашылып, екінші қабатта жатақхана бөлмелері жабдықталған. Бүгінде пунктте бес қызметкер жұмыс істесе, туристік маусым кезінде олардың саны 25 адамға дейін артады. Сонымен қатар Балқаш көліндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін тәулік бойы қызмет атқаратын құтқару бөлімшесінің 12 маманы жұмыс істейді. Бұл шаралар өңірге келетін қонақтардың қауіпсіз демалуына мүмкіндік береді.
Лепсі ауылындағы тағы бір маңызды нысан – 30 орынды ауылдық аурухана. Биыл сәуір айында басталған күрделі жөндеу жұмыстарының 30 пайызы орындалған. Жөндеу жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады. Сарқан аудандық орталық аурухананың директоры Алтай Шұлғаубаевтың айтуынша, аурухана соңғы рет 2010 жылы жөнделген.
«Ғимаратты заманауи талаптарға сай жаңарту қажеттілігі бұрыннан туындаған болатын. Бұл медициналық қызмет сапасын арттыру үшін өте маңызды. Әсіресе туристік маусым кезінде Лепсіге келетін қонақтар саны артады. Өткен жылдың өзінде ғана бізге 800 адам медициналық көмекке жүгінді. Сондықтан аудандық ауруханадан қосымша мамандар тартылып отырады, жақын уақытта тағы үш дәрігер келеді», дейді А.Шұлғаубаев.
Қазіргі уақытта науқастарды жергілікті емхана қабылдап жатыр. Лепсі ауылына арнайы іссапармен барған облыс әкімі Бейбіт Исабаев келесі жылы емхана ғимаратына да жөндеу жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Бұл ауыл тұрғындары мен туристер үшін медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін одан әрі арттыра түспек.
«Балқаш жағалауының туристік әлеуеті өте жоғары. Сондықтан біз тек демалыс орындарын көбейтіп қана қоймай, туристер мен жергілікті тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға басымдық беріп отырмыз. Лепсі ауылында жүзеге асырылып жатқан бұл жобалар өңір туризмінің дамуына тың серпін береді деп сенемін», деді Б.Исабаев.
Жалпы, шалғай ауылдарда жүзеге асқан жарқын жобалар туризмді дамытудың кешенді үлгісін көрсетеді. Туристерді тарту үшін тек табиғи байлық жеткіліксіз. Оларға қолайлы жол, сапалы көлік қатынасы, қауіпсіз орта және уақтылы медициналық көмек қажет. Бүгінде Лепсіде қолға алынған жұмыстар осы талаптардың барлығын қамтып отыр.
Жетісу облысында туризм экономиканың маңызды драйверлерінің біріне айналып келеді. Сондықтан өңірде жүзеге асырылып жатқан әрбір инфрақұрылымдық жоба тек ауылдың емес, тұтас аймақтың дамуына қызмет етеді. Ал Лепсіде салынып жатқан жаңа вокзал, жаңғыртылған полиция пункті мен жаңарған аурухана – Балқаш жағалауын туристер үшін тартымды бастама. Көлді жайлы демалыс орнына айналдыру жолындағы маңызды қадамдардың бірі болмақ.
Жетісу облысы