Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
Кейінгі кезде шекаралық аумақтарды дамытуға ерекше көңіл бөліне бастады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында шекара маңындағы бұрынғы төрт аудан қалпына келтірілді.
Суретті түсірген – Мерей ҚАЙНАРҰЛЫ
Бүгінде еліміздің 14 облысы көршілес 5 мемлекетпен – Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстанмен шектеседі. 67 аудан мемлекеттік шекара маңында орналасқан, оларда 3,4 млн адам тұрып жатыр. Мемлекеттік шекарадан 50 км-ге дейінгі қашықтықта қоныстанғандықтан, шекара маңындағы аумақ болып саналатын 1 283 елді мекен тұрғындарының саны – 1,7 млн адам. Өткен ғасырдың соңында экономикалық дағдарысқа байланысты бірқатар ауданды біріктіру, белең алған жұмыссыздық, жолдар жөнделмей, көлік қатынасының нашарлауы, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымның тозығы жетуі, кезінде шекаралық аудандарда халық санын тұрақтандыру мақсатында қолданылған жеңілдіктердің жойылуы салдарынан шекара маңындағы 40 ауданда тұрғындар саны азайып кеткен.
Әсіресе бұған климаты қатаң Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында жаппай жол берілді. Осы орайда сарапшылардың айтуынша, Мемлекет басшысының бастамасымен Катонқарағай, Марқакөл, Тарбағатай, Мақаншы аудандарының қайтадан ашылуы шығыс өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізіп отыр
Шекара маңындағы аймақтарда 85,8 мың тұрғыны бар 2 моноқала (Жітіқара, Риддер), 244 мың тұрғыны бар 8 шағын қала (Жаркент, Зайсан, Шемонаиха, Жетісай, Сарыағаш, Шардара, Мамлютка, Булаево) орналасқан. Олардың да бірнешеуінде тұрғындар саны кеміп кеткен.
Өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкес шекара маңындағы аумақтардағы кейбір ауылдық елді мекендердің (АЕМ) нысандармен, көрсетілетін қызметтермен қамтамасыз етілу деңгейі 50 пайыздан аспайды. 1 366 ауылдың 1 242-сі немесе 90,9 пайызы ғана сумен жабдықталған, 664-і немесе 48,6 пайызы ғана газдандырылған.
Қазір шекаралық аумақтарда 1 405 білім беру ұйымы, соның ішінде 710 балабақша, 658 мектеп, 37 колледж жұмыс істейді. Оларда жалпы саны 239 мың сәби мен жеткіншек тәлім-тәрбие алып жүр. Алайда 90-ға жуық білім мекемесінің материалдық-техникалық базасы әбден тозған. 40-қа жуық білім ордасының асханасы, спорттық залы мен кітапханасы жоқ. 10 мектеп – саманнан, 5-еуі – қамыстан, 3-еуі ағаштан салынған. Кейбір мектептерге орталықтандырылған су, кәріз жүйелері тартылмаған. Оның үстіне кейінгі жылдары шекара маңындағы ауылдарда оқушы санының азаюына байланысты 10 шақты мектеп жабылып қалған. Ауылдағы мектеп жабылған соң, басқа елді мекендерге оқуға аттанған оқушылардың соңдарынан ата-аналары да көшіп жатыр. Мұның аяғы сол ауылдардың түбінде жабылуына әкеліп соғады.
Әрине, Үкімет шекаралық аудандардың білім саласын дамытуға көңіл бөлмей отырған жоқ. 2021–2025 жылдары 17 500 оқушыға арналған 39 мектеп пайдалануға берілді, 84 мектепке күрделі жөндеу жүргізілді. Премьер-министрдің тапсырмасына сәйкес «Цифрлық технологияларды қолдану арқылы шағын жинақты ауылдық мектептердің әлеуетін арттыру» қанатқақты жобасы аясында Қостанай (63 мектеп), Ақмола (51 мектеп), Солтүстік Қазақстан (39 мектеп) облыстарындағы 153 шағын жинақты мектепті кеңейту үшін 2024–2027 жылдарға 6,3 млрд теңге бөлінді. Бұл жоба шекара маңындағы ауылдарды да қамтиды.
Үкімет шекаралас аудандардың денсаулық сақтау саласына да назар аударып, ғылыми орталықтар мен ғылыми зерттеу институттарымен бірлесіп, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында денсаулық сақтау ұйымдары желісінің мемлекеттік нормативін жетілдіру жұмысын жүргізді. Қазір тұрғындар саны 50 адамға дейінгі АЕМ-де медициналық қызметкер үйде қызмет көрсетеді. Бұрын шағын ауылдарда мұндай мүмкіндік болмаған. Қазір тұрғындар саны 500 адамға дейінгі АЕМ-де медициналық пункт құрылады. Бұрынғы талап бойынша бұл көрсеткіш 800 адамға дейін еді. Тұрғындар саны 500-ден 1 500 адамға дейінгі АЕМ-де фельдшерлік-акушерлік пункт ашылуға тиіс. Ол үшін бұрын 800-ден 1 500 адамға дейін болуы талап етілетін. Тұрғындар саны 1 500-ден 5 мың адамға дейінгі АЕМ-де дәрігерлік амбулаториялар ашу көзделеді (бұрын 1 500-ден 10 мың адамға дейін). Ал, 5 мыңнан астам тұрғыны бар АЕМ-де медициналық-санитарлық көмек орталығы болуы керек. Бұған қоса, жергілікті атқарушы органның шешімі бойынша 5 км-ден астам радиуста медициналық ұйым болмаған кезде тұрғындар саны 50 адамнан кем АЕМ-де медициналық пункт құруға рұқсат етіледі.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында былтыр республикалық бюджет есебінен шекара маңындағы 29 АЕМ-де 36 жобаны іске асыруға 9,8 млрд теңге қаржы жұмсалған. Премьер-министрдің тапсырмасына орай шекара маңындағы ауылдарды дамыту мақсатында олардың әрқайсысына бизнес өкілдері мен квазимемлекеттік сектор компаниялары бекітіліп жатыр. Осы жұмыс аясында шекаралық облыстардың әкімдіктері 168 бизнес субъектісімен шекара маңындағы 105 АЕМ-де жалпы сомасы 3,2 млрд теңгеге жуық 216 жобаны жүзеге асыру туралы меморандумдар жасасқан.
Еліміздің өңірлік дамуының 2025–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасында да шекара маңындағы ауылдар тұрғындары үшін жағымды жаңашылдық бар. Нақты айтқанда, олардың бизнес-бастамаларын қолдауға гранттар беру, шалғай шекара маңындағы ауылдық округтер тұрғындарының жалақысына үстемеақы төлеу, төтенше табиғи-климаттық жағдайлары бар шалғай шекара маңындағы аудандардың тұрғындары үшін еңбек өтілін есептеудің ерекше нормаларын енгізу, сондай-ақ қандастар мен қоныс аударушыларды шекара маңындағы елді мекендерге орналастыру мәселелері қарастырылады.
Жалпы, Президенттің тапсырмасына сәйкес ел өңірлерін дамытуға бағытталған мемлекеттік стратегиялық құжаттар мен бағдарламаларда шекаралық аумақтарға қолдау көрсету шаралары қамтылған. Әйтсе де, аталған құжаттарда көзделген шекара маңындағы елді мекендерге берілуге тиісті жеңілдіктер толық іске асырылмай келеді. Себебі олар әртүрлі нормативтік актілерде қарастырылған, ал үйлестіруші уәкілетті орган бекітілмеген. Бұл ретте Канада, Норвегия, Аустралия сияқты аумағы үлкен, халқының саны аз елдердің тәжірибесі шекара маңындағы аумақтарды дамыту мақсатында жергілікті тұрғындарға мемлекет тарапынан әртүрлі жеңілдік беру тиімді екенін көрсетіп отырғанын ескерген жөн.
Әзірге шекара маңындағы ауылдық елді мекендерден тұрғындардың үдере көшуі толастамай тұр. Сондықтан Үкімет Мәжілістегі «Amanat» партиясы фракциясының депутаттары әзірлеген, тұрғындардың тұрақтауын ынталандыру, ішкі көші-қонды реттеу үшін шекаралық аудандарға арнайы мәртебе беруді, соның ішінде шекара маңындағы ауылдардағы шағын жинақталған мектептер, медициналық пункттер, амбулаториялар мен емханалар үшін белгіленген нормативтерді қайта қарауды көздейтін «Қазақстан Республикасының шекаралық аумақтарын дамыту туралы» заң жобасын қарауды тездетсе, құба-құп.
Соңғы жаңалықтар
Шекара маңындағы ауылдар қайта өркендеу кезеңіне аяқ басты
Ауыл • Бүгін, 09:40
Цифрлық трансформацияның жаңа кезеңі
Пікір • Бүгін, 09:38
Суперкомпьютердің мүмкіндігі мол
Технология • Бүгін, 09:35
Ғалам ғажаптары • Бүгін, 09:30
Басқа басылымдардан: Қазақстан мен Өзбекстан Бейбітшілік кеңесінің Жарғысына қол қойды
Басылым • Бүгін, 09:28
Жоғары білімге ЖИ-ді енгізу нені өзгертеді?
Білім • Бүгін, 09:25
Соғыста да адамзаттық қағидаттар сақталуы шарт
Әлем • Бүгін, 09:23
Кітап қорын толықтыруда нені ескеру керек?
Мәдениет • Бүгін, 09:20
Білім • Бүгін, 09:15
Мәдени құндылықты сақтау жайы байыпталды
Саясат • Бүгін, 09:12
Мемлекеттілік тарихының бедерлі белестері
Пікір • Бүгін, 09:10
Бизнес және жайлы іскерлік орта
Саясат • Бүгін, 09:07
Пікір • Бүгін, 09:05
Қазына қаржысы мақсатсыз жұмсалмауға тиіс
Қаржы • Бүгін, 09:02
Қоғам • Бүгін, 08:57