Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Шикізатты сыртқа шығарумен шектелмей, оны ел ішінде өңдеп, дайын өнім өндіру – экономиканы әртараптандырудың тиімді жолы. Осы бағытта Абай облысының Мақаншы ауданында маңызды жоба жүзеге асты. Аудан орталығында DI-NUR ЖШС-ның күнбағыс тұқымын қайта өңдеу және өсімдік майын өндіру зауыты іске қосылды.
Жаңа өндіріс орнының ашылу салтанатына облыс әкімі Берік Уәли қатысып, кәсіпорынның өңір экономикасындағы маңызына тоқталды.
– Бүгін біз облысымыздың, соның ішінде Мақаншы ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін стратегиялық маңызы зор инвестициялық жобаның жүзеге асуына куә болып отырмыз. Бұл – өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге бағытталған маңызды жоба, – деді аймақ басшысы.
Шынында да, Мақаншыдағы жаңа зауыттың жөні бөлек. Біріншіден, бұл – ауылдағы өндіріс. Екіншіден, мұнда ауыл шаруашылығы өнімін жай ғана жинап, сатуға емес, оны өңдеп, қосылған құны жоғары өнім шығаруға басымдық берілген. Үшіншіден, кәсіпорынның шекаралық аймақта орналасуы экспорттық мүмкіндіктерге жол ашады.
Жобаның жалпы инвестициялық құны 7 миллиард теңгені құрайды. Заманауи технологиялармен жабдықталған кәсіпорын тәулігіне 300 тонна күнбағыс майын өндіруге қауқарлы. Сонымен қатар мұнда тәулігіне 500 тоннаға дейін күнбағыс дәнін тазалау және құрама жем өндіру мүмкіндігі бар. Бұл көрсеткіштердің өзі өндірістің ауқымын аңғартады. Ең бастысы, кәсіпорын жергілікті ауыл шаруашылығы үшін жаңа өткізу нарығын қалыптастырады. Яғни диқанның еңбегі егістіктен кейін аяқталмайды. Өнімді өңдеу, сақтау, тасымалдау және өткізу бағытында жаңа экономикалық тізбек қалыптасады. Өндірістің іске қосылуы жұмыспен қамту мәселесіне де оң ықпал етеді. Кәсіпорында 20 тұрақты және 100 маусымдық жұмыс орны ашылады. Ауыл тұрғындары үшін бұл – тек жұмыс орны емес, тұрақты табыс пен жаңа кәсіптік дағдыларға жол ашатын мүмкіндік.
Жобаның тағы бір ерекшелігі – негізгі инвестордың осы өңірдің тумасы болуы. Серік Рамбаевтың туған жеріне инвестиция салып, Мақаншыда ірі өндіріс орнын іске қосуы – елге қызмет етудің, туған жерге жанашырлық танытудың нақты үлгісі.
Мақаншының географиялық орналасуы кәсіпорынның келешегіне де үлкен мүмкіндік береді. Ауданның Қытаймен шекаралас болуы – сыртқы нарыққа шығуға берілген маңызды артықшылық. Бүгінде әлемдік нарықта аграрлық өнімге сұраныс жоғары. Ал дайын өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін оның сапасы, өндіріс технологиясы және логистикасы қатар жүруі керек. Осы тұрғыдан келгенде, Мақаншыдағы зауыттың орналасқан жері ұтымды.
Алдағы уақытта кәсіпорын өнімін экспортқа шығару көлемін ұлғайтуға мүмкіндік бар. Бұл аудан экономикасына жаңа қаржы ағынын әкеліп, кәсіпкерліктің дамуына серпін бермек.
Мақаншының болашағын айқындайтын басқа да ірі жобалар бар. Соның бірі – «Аягөз–Бақты» теміржолының құрылысы. Бұған қоса, Алакөл жағалауындағы инвестициялық жобалар, Бақты ауылындағы мультимодальды құрғақ порт пен логистикалық парк құрылысының басталуы ауданның экономикалық әлеуетін түбегейлі өзгертуі мүмкін.
Демек, Мақаншы енді тек ауыл шаруашылығы өнімін өндіретін аудан емес, өндіріс пен логистика тоғысқан маңызды экономикалық аумаққа айналуға бет алып келеді.
Мақаншыдағы зауыттың іске қосылуы – облыстағы агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі жүйелі жұмыстың бір бөлігі.
Биыл өңірде агроөнеркәсіптік кешен саласындағы Жол картасы аясында жалпы құны 23,7 миллиард теңге болатын алты ірі агрожобаны іске асыру жоспарланған. Биыл ақпан айында «Агролидер KAZ» ЖШС-ның бұршақты және майлы дақылдарды қайта өңдеу зауыты жұмысын бастады. Ал жыл соңына дейін QAZAQ-ASTYQ GROUP ЖШС базасында 8,3 миллиард теңгеге тазартылған май өндірісін, Eurasia Agro Semey ЖШС базасында 7,7 миллиард теңгеге ірі ет өңдеу зауытын іске қосу көзделіп отыр.
Бұл – өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге бетбұрыс жасалғанын көрсетеді. Мемлекеттік бағдарлама аясында 2031 жылға дейін агроөнеркәсіп саласында 90 ірі агрожобаны іске қосу жоспарланған. Мұның түпкі мақсаты – ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу көлемін арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу, ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту және экспорттық әлеуетті күшейту. Бүгінде ауыл экономикасын тек егін егіп, мал өсірумен шектеу жеткіліксіз. Заманауи агроөнеркәсіп – өндіріс, өңдеу, логистика және экспортты бір арнаға тоғыстыратын тұтас жүйе. Мақаншыдағы жаңа зауыт осы тізбектің маңызды буыны болмақ.
Аудандық ақсақалдар кеңесінің мүшесі Әбен Разуев жаңа өндірістің ашылуын мақаншылықтар үшін маңызды оқиға ретінде бағалады. Оның айтуынша, ауылдық жерге инвестиция тарту – елді мекеннің әлеуметтік жағдайын жақсартып қана қоймай, тұтас ауданның келешегіне әсер ететін фактор. Расымен де, бір өндіріс орнының айналасында талай кәсіптің тамырына қан жүреді. Тасымал, қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы шикізатын жеткізу, техникалық қызмет көрсету, сауда-саттық сияқты салалардың дамуына жол ашылады. Ал жаңа жұмыс орындары халықтың тұрақты табыс табуына мүмкіндік береді.
Мақаншыда іске қосылған күнбағыс майын өндіру зауыты – осы өзгерістердің бастауы. 7 миллиард теңгелік инвестиция ауылға жаңа өндіріс әкелсе, өндіріс өз кезегінде жаңа жұмыс, жаңа нарық және жаңа мүмкіндік әкеледі. Ең маңыздысы, бұл – жобаның ауылда жүзеге асуы. Өйткені ел экономикасының берік іргесі тек ірі қалаларда емес, ауылдағы өндірістің қуатымен де қаланады.
Мақаншыдағы зауыттың шамшырағы шекара шебіндегі елді мекеннің жаңа экономикалық дәуірге қадам басқанын аңғартады. Ендігі міндет – осы өндірістің қуатын тиімді пайдаланып, жергілікті шикізатты барынша өңдеп, сапалы өнімді ішкі және сыртқы нарыққа шығару. Шикізаты бар елдің мүмкіндігі көп. Ал сол шикізатты дайын өнімге айналдыра алған елдің қуаты одан да мығым. Мақаншыдағы жаңа зауыт – осы ұстанымның нақты көрінісі.
Эльмира ЖҮРСІНБЕКҚЫЗЫ,
Абай облысы