Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
Алайда жуырда БЖЗҚ-дағы қаражатты емдеу мақсатына пайдалану тоқтатылды. «Отбасы банкінің» басқарма төрайымы Л.Ибрагимова бұл шектеудің 6 айға созылатынын мәлімдеді. Осы уақыт аралығында медициналық көмекке бағытталған зейнетақы жинақтары жан-жақты зерттеліп, сарапталмақ. Азаматтарға шекті мөлшерден асқан қаражатын шешіп алудың басқаша мүмкіндіктері ұсыныла ма?
Негізі, бұл – басы ашық сұрақ. Өйткені зейнетақы жинақтары осыған дейін кейбір ауруларды емдеу мақсаттарына берілді және тиімсіздігін көрсетті деп айтсақ, қателеспейтін шығармыз. Зейнетақы жинағында шекті мөлшерден асқан соманы халық орфандық ауруларларға, реконструктивті және қалпына келтіру (пластикалық) операцияларға, радионуклидтік және радиойодтерапия, радиохирургиялық емдеуге, протон терапиясына, офтальмологиялық жән стоматологиялық қызметтерге пайдаланып келген еді.
Біз бұл жерде әрбір дертке, емдеу әдістеріне жеке-жеке тоқталып отыруды мақсат етпейміз. Көз аурулары мен тіс ауруларынан басқа аурулардың кейбірі сирек кездесетін, ал басқалары қатерлі аурулар екені анық. Яғни, қисынды түрде айтатын болсақ, шекті мөлшерден асқан зейнетақы қаражатын пайдалану үшін бірінші кезекте сирек кездесетін әрі қатерлі аурулармен ауыратын азаматтарға басымдық беріліп келген. Бұл жерде тағы да «бірақ» деген мәселе шығады.
Мысалы, медициналық көмек алу бағытының тоқтап қалуына әсер еткен нәрсе – радиохирургия бойынша өтінімдердің көбейіп кетуі. Бұрын ол бойынша өтінім бір айда 10 шақты ғана болса, қаңтарда өтінімдер саны 7 мыңға жеткен. Елімізде протон терапиясы мен радиохирургиялық емдеу көбіне лайықты жабдықталған, білікті дәрігерлер шоғырланған «Нейрохиурургия ұлттық орталығы» АҚ, Ұлттық ғылыми онкология орталығы және Ядролық медицина және онкология орталығында жүзеге асатынын ескерсек, Отбасы банкінің еліміздің басқа да аймақтарындағы клиникалардан түскен өтінімдерден сақтануы – қалыпты нәрсе. Сондай-ақ Отбасы банк 7 мыңның артында мыңдаған заңсыздықтың жасырынып жатқанын да білмей отырған жоқ. Себебі былтырғы жылдың қыркүйегінде стоматологиялық бағыт бойыша қаражат алуды тоқтатып қойған еді, енді жел радиохирургия жақтан соқты. Ауырмаса да ауырған адамның кебін кигендер радиохирургиялық емді жағалай бастады. Ал қатерлі ісіктер мемлекет есебінен тегін емделетіні басқа әңгіме...
Жалпы, стоматология бойынша шектеу 2024 жылдың шілдесінде басталды. Алдымен Отбасы банк протездеу және имплантаттау бойынша қымбат тұратын стоматологиялық қызметтерге қаржы беруді тоқтатты. Біржолғы зейнетақы төлемдері жөніндегі уәкілетті оператор Отбасы банк мұны қызметтік тексерулер барысында жалған құжаттарды пайдалану, сондай-ақ нақты медициналық қызметтерді көрсетпеу фактілерімен түсіндіріп, 2024 жылғы 10 тамыз бен 2025 жылғы 1 ақпан аралығында қаражат беруді тоқтатуды жоспарлаған. Сол қызметтік тексерудің соңы 2025 жылдың 15 қыркүйегінен бастап 2026 жылдың 15 сәуіріне дейін enpf-otbasy.kz платформасында тіс емдеуге өтініш қабылдаудың уақытша тоқтатылуына ұласты. Банктің мәліметінше, 2021 жыл мен 2025 жылдың аралығында Отбасы банкінің enpf-otbasy.kz платформасы арқылы тек «Стоматологиялық қызметтер» бағыты бойынша 757 млрд теңге аударылған. Соның 222,61 млрд теңгесі 20 стоматологиялық клиникаға түскен. Бұл клиникалардың жартысының Атырауда, ал қалғандарының Алматы мен Астанада орналасуы да зейнетақы жинақтарын пайдалануда заңсыздыққа жол берілгенін көрсетіп тұр.
Сонымен, шекті мөлшерден асқан зейнетақы жинағын ем алу мақсатында пайдалану тоқтап тұр. Кез келген ҚР азаматы өзінің шекті мөлшерден асқан жинағын пайдаланғысы келетіні жасырын емес. Бірақ Отбасы банк еліміздегі жұмыс істейтін (шекті мөлшерден асқан жинақ жұмыс істейтін адамдарда бар) барлық адамның сирек кездесетін және қатерлі аурулармен ауырмайтынын, көп мөлшердегі сомаға тіс емдетпейтінін ескере ме? Әлде шекті мөлшерден асқан қаражатты алу біржола тоқтай ма? Ал бұл мәселеге қатысты сарапшылар қандай пікірде?
Айбар ОЛЖАЙ,
экономист, сарапшы:
– Мен әу баста шекті мөлшерден асқан қаражатты алу туралы идеяға қарсы болдым. Ол базалық зейнетақыға қосымша қаржы ретінде қарастырылған, зейнетке шыққан кезде берілуге тиіс қаражат екені белгілі және 40 жылдан кейін өз жемісін беру керек еді. Біз оған жеткізбей парша-паршасын шығардық. Тек 1,3 трлн теңге тұрғын үйге кетіп қалды. Шекті мөлшерден асқан қаражатты алудың түрлі жолы ұсынылған соң түрлі қитұрқылық болатыны даусыз.
Бір бағытта көп өтініш түскеннен кейін оны тоқтата тұру – бейнелеп айтқанда, өртті сөндіру жұмыстарына ұқсайды.
Бұл жүйені қайта қарау керек деп есептеймін. Меніңше, зейнетақы қорының функциясын әу бастағы қалпына келтіру керек. Иә, заңды бұзғандар жазаға тартылар, өтініш бергендер тиісті қаржысын алар. Бірақ шекті мөлшерден асқан қаражатты мұндай жолмен сыртқа шығарғаннан гөрі активтерді ірі компанияларға басқартып, адам қолы ала алмайтындай ғып жасау керек шығар деп ойлаймын. Жалпы, бұл мәселені 2027 жылдан кеш қалдырмай шешу керек.
Раушан ТАСШОИНОВА,
қаржыгер, сертификатталған салық кеңесшісі,
ACCA халықаралық ұйымының мүшесі:
– Бұл мәселе бойынша халықаралық тәжірибеге назар аударсақ, белгілі бір заңдылықты көруге болады. Мәселен, Сингапурда зейнет-ақы жүйесінде медициналық және зейнетақылық қаражаттар бөлек есептеледі, ал медициналық шығындар қатаң шектеулер мен нақты тарифтер арқылы ғана жүзеге асады. Жалпы алғанда, дамыған елдердің басым бөлігінде зейнетақы қаражаты медициналық қызметтер нарығына еркін жіберілмейді: кей елдерде мұндай мүмкіндік мүлде жоқ, ал кейбірінде ол қатаң қаржылық және институционалдық шектеулермен ғана іске асады.
Барлық модельдің ортақ қағидасы бір: жүйе техникалық тұрғыда заңбұзушылыққа жол бермейді немесе мұндай бұзушылықтың бағасы тым қымбат болады.
Қазақстандық модельде дәл осы элементтер жетіспеді. Бақылау көбіне декларативті сипатта қалып, жауапкершілік нақты айқындалмады. Сондықтан төлемдерді уақытша тоқтату шарасы амалсыздан қабылданған шешім болды. Алайда осы үзілістен кейін ережелерді жай ғана «реттеп», терең өзгеріссіз қайта іске қосса, бұрынғы схемалардың қайта қайталану қаупі жойылмайды.
Енді негізгі сұраққа келсек, алдағы уақытта БЖЗҚ мен Отбасы операторы емдік мақсаттағы қаражатты бағыттау барысында нені ескеруі керек?
Менің ойымша, ең алдымен, барлық салымшыны бірдей шектеу әділетті ме деген сұраққа жауап беру қажет. Шекті мөлшерден асқан қаражаты бар азаматтардың бәрі бірдей сирек немесе қатерлі аурумен ауырмайтыны рас. Сол сияқты олардың барлығы қымбат стоматологиялық қызметке жүгінбейді. Демек, жүйе «бәріне ортақ тыйым» қағидатынан бас тартып, тәуекелге негізделген, сараланған басқару моделіне көшуі қажет.
Бұл медициналық және қаржылық шешімдерді қатаң ажырататын, медициналық ұйымдардың нақты жауапкершілігін белгілейтін, тарифтердің ашықтығын қамтамасыз ететін және ең бастысы – заңбұзушылық схемалар экономикалық тұрғыдан тиімсіз болатын бақылау моделін құруды талап етеді.
Зейнетақы – бүгінгі шығын емес, ертеңгі қауіпсіздік. Демек, зейнетақы қаражаты қысқамерзімді шешімдердің емес, ұзақмерзімді қаржылық тұрақтылықтың құралы ретінде қарастырылуға тиіс.
Айгүл СЕЙІЛ