Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Ілуде біреуде ғана кездесетін, тұқым қуалайтын ангионевротикалық ісік (ТҚАІ) деген дерт бар. Генетикалық ауытқулардың салдарынан әулеттің ізінен қалмайтын кеселдің қауіпті тұсы да сонда, оның белгілері басқа көптеген ауруға ұқсастығы соншалықты мамандарды да адастырып, кейбір науқастар жылдар бойы өзінде жоқ аурулардан емделіп, тіпті дертін анықтамастан өмірден өтіп кетіп жатады.
Кенеттен басталатын ісік күтпеген күні, жылына кемі 20-27 рет қайталанатындықтан, бұл науқастар ертеңін жоспарлай алмай, үнемі үрей құшағында, қорқынышпен өмір сүреді. Тіпті хирургтердің іштегі ангионевротикалық ісікті басқа аурулармен шатастырып, қажетсіз операция жасаған оқиғаларын да жоққа шығаруға болмайды. Дегенмен диагнозы дер кезінде қойылған жағдайда оның дауасы бар. Ендеше, көпшілік неден хабардар болғаны жөн?
Осы мәселеге орай, «Такеда Қазақстан» компаниясының қолдауымен Алматыда ТҚАІ мәселелеріне арналған паблик-ток түріндегі сараптамалық пікірталас өтіп, кездесуге дәрігер мамандар, пациенттік қауымдастық пен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.
– Биылғы Халықаралық сирек аурулар күні қарсаңында ажал құштырғанша жұрт назарынан тыс қалып жүрген кеселдерге қоғам назарын аудару мақсатында паблик-ток өткізіп отырмыз. ТҚАІ да – дәл осындай сирек кездесетін аурулардың бірі. Мұндай жағдайда дер кезінде қойылған диагностика мен профилактикалық емдеу пациенттердің өмірін ұзартып, денсаулығын бірқалыпты ұстауға тікелей әсер етеді, – дейді «Такеда Қазақстан» компаниясы Медициналық бөлімінің директоры Зарина Қожахметова.
«Үнсіз қауіп» деп те аталатын ангионевротикалық ісік дененің кез келген бөлігінде, ішкі ағзаларында, бетінде, көмейде, іш қуысында, жыныс жолдарында кенеттен пайда болады. Мұндай кезде адамның ерні дүрдиіп, беті домбығып, көздері жұмылып, аяқ-қолдары ісініп шыға келетіндіктен, жұрт көзіне көріне алмай, қиналып қалады. Ең қорқыныштысы - көмейдегі ісік, өйткені науқас дем жетпей, тұншығып өлім құшуы мүмкін. Бірақ ұстамалардың қайсысы тыныс жолдарын жауып қалатынын алдын ала болжау мүмкін емес. Сондықтан мамандар сирек болса да қайғылы жағдайларға душар болып қалмауы үшін жұрттың мұндай да кесел бар екендігінен хабардар болып, белгілерін біліп жүргені жөн деп есептейді.
Әлемдік статистикада тұқым қуалайтын ангионевротикалық ісіну орта есеппен әр 50-100 мың адамның біреуінде кездеседі. Ал елімізде шамамен 700-1500 аралығында пациент бар деген болжам болғанымен, ресми түрде небәрі 100-ге жуық науқасқа нақты диагноз қойылған. Демек, бұл халықтың хабардарлығы әлі де төмен деген сөз.
– ТҚАІ алдын ала болжанбайтындығымен қауіпті. Адам сырттай сап-сау көрінуі мүмкін, бірақ кез келген сәтте ажалмен бетпе-бет келуі ғажап емес. Ал медициналық қауымдастықтың міндеті – пациенттер мен олардың жақындарын бастапқы белгілерін бірден байқап, дер кезінде дабыл қағып, мамандандырылған көмекке жүгінуге үйрету, – дейді «Кардиология және ішкі аурулар ғылыми зерттеу институты» АҚ жанындағы Республикалық аллергологиялық орталықтың басшысы, Алматы қаласының штаттан тыс бас аллерголог-иммунологі Арай Батырбаева.
Пікірталас барысында мамандар алғашқы иммун тапшылығы тобына жататын сирек кездесетін кеселдің тұқым қуалайтындығына, егер отбасының бір мүшесінде ТҚАІ анықталса, бұл оның жақын туыстарын да тексеруден өткізуге түрткі болуға тиіс екендігіне тоқталды.
Паблик-ток түріндегі кездесуге өзі де, қыздары да осы дертпен туған пациент келіп, басынан өткен жағдайды ортаға салды. Тұқым қуалайтын кесел қыздарынан туған жиендеріне берілген, дегенмен ұлдан туған немерелері дін аман көрінеді. Диагноз қойылғанға дейін үрейге беріліп, тіпті ағзасында не болып жатқанын түсінбей келген пациенттер ендігі жерде заманауи препараттарға сүйеніп өмір сүріп жатқанын айтады.
Кездесуде сарапшылар ТҚАІ-ға шалдыққан пациенттерге ем-дом жүргізудің жаңа әдіс, тәсілдері туралы баяндады. Қазірде ұзақмерзімді профилактика ауруды бақылаудың ең тиімді стратегиясы ретінде қарастырылып отыр. Ұзақмерзімді профилактика арқылы ұстамалардың жиілігі мен жанға батуын едәуір төмендетіп, жедел медициналық көмекке жүгіну қажеттілігін азайтуға, пациенттердің денсаулығын айтарлықтай жақсартуға болады.
Кездесуде тележүргізуші Вера Захарчуктың «Медицина KZ» авторлық бағдарламасынан тұқым қуалайтын ангионевротикалық ісінуге арналған үзінді ұсынылды. Бағдарламада пациенттердің бастан өткерген бүкпесіз оқиғалары арқылы сирек аурулармен алысып жүрген жандардың қандай жағдайлармен бетпе-бет келетіні боямасыз баяндалған. Жылдарға созылған белгісіздік, тіпті ертеңгі күнді жоспарлай алмау, кеш қойылған диагноз, емделу жолындағы кейбір кедергілер олардың өміріне тікелей әсер ететіні айқын көрініс табады. Бағдарлама үзіндісі медициналық терминдер мен статистиканың ар жағында нақты адам тағдырлары тұрғанын тағы бір мәрте еске салып өтті.
Сарапшылар жиынды қорытындылай келе, пациенттік қауымдастықтар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін бір алаңда тоғыстырған ашық диалог жауырды жаба тоқымай, оны шешудің жолдарын жүйелі түрде қарастыра отырып, заманауи медицинаның озық мүмкіндіктері жөнінде де хабардарлықты арттыруға ықпал ететіндігін атап өтті.
«Такеда Қазақстан» компаниясы туралы
«Такеда Қазақстан» – бас кеңсесі Жапонияда орналасқан, адамдардың денсаулығын жақсартуға, бүкіл әлемге жарқын болашақ қалыптастыруға бағытталған Takeda жаһандық биофармацевтикалық компаниясының бөлімшесі. Компания пациенттердің өмір сапасын арттыратын дәрілік препараттарды әзірлейді, негізгі терапевтік әрі бизнес бағыттары бойынша терапияға қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Аталған бағыттарға гастроэнтерология, қабыну аурулары, сирек кездесетін аурулар, қан плазмасына негізделген терапия, онкология, неврология, вакциналар кіреді. Құндылықтарға негізделген, инновацияға ұмтылған жетекші биофармацевтикалық компания ретінде Takeda пациенттерге, қызметкерлерге, тұтастай планетаға қамқорлық жасауды өз міндетіне айналдырған. Әлемнің 80 елi мен аймағындағы қызметкерлер компанияның екі ғасырдан астам уақыт бойы қалыптасқан миссиясы мен құндылықтарын басшылыққа алады.
Қазақстанда компания 2013 жылдан бері жұмыс істейді. Компания портфелінде 20-дан астам препарат, оның ішінде 10 инновациялық әрі өмірлік маңызды өнім бар. «Такеда Қазақстан» пациенттердің өмір сапасын жақсартуға, терапияның қолжетімділігін арттыруға бағытталған инновациялық шешімдерді дамытуға жүйелі түрде инвестиция салып келеді. www.takeda.com/kk-kz/
Ақпарат «Такеда» компаниясының қолдауымен тек ақпараттық мақсатта ұсынылды. Ауруды диагностикалау немесе емдеу мәселелері бойынша өзіңіздің емдеуші дәрігеріңізге жүгініңіз.
«Такеда Казахстан» ЖШС, Қазақстан Республикасы, 050000, Алматы қаласы, Қонаев көшесі, 77, 6-қабат, Тел.: +7 (727) 244 40 00 Электрондық пошта: Kazakhstan@takeda.com
АЛМАТЫ
Соңғы жаңалықтар
Ризабек Айтмұхан жаңа салмақта ел чемпионы атанды
Күрес • Кеше
«Егемен Қазақстан» фото тілшісі Ерлан Омаров «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды
Марапат • Кеше
Елімізде 30 елді мекенді су басу қаупі бар
Су тасқыны • Кеше
Сарапшы: Елімізде жоғары жылдамдықпен жүретін тасжолдарда жылдамдық режимі біркелкі емес
Қоғам • Кеше
Асхат Аймағамбетов: Қызметкерлерге скринингтен өту үшін жылына 3 күнге дейін демалыс беріледі
Қоғам • Кеше
Жетісу облысындағы балабақшада қауіпті қалдықтар сақталған
Оқиға • Кеше
Мәжіліс мемлекеттік қызмет туралы заң жобасының жаңа редакциясын бірінші оқылымда мақұлдады
Қоғам • Кеше
Ертең еліміздің басым бөлігінде тұман түседі
Ауа райы • Кеше
Көкшетауда 136 млн теңге жинаған қаржы пирамидасының ұйымдастырушыларына үкім шықты
Оқиға • Кеше
Алматыда «ҚазТАГ» агенттігінің басшысы Әсет Матаев ұсталды
Оқиға • Кеше
Қазақстандық әуе компаниясы Дубайға рейстерді 19 сәуірге дейін тоқтатты
Қоғам • Кеше
Әкімдер қызметі қандай көрсеткішпен өлшенуі керек?
Экономика • Кеше
Шекара қызметінің сарбаздары үйлеріне орала бастады
Әскер • Кеше
«Ұлттық киім» шеруі: Елордалық тұрғындар дәстүрлі киіммен көпшілікті тәнті етті
Мереке • Кеше
Астанада жолаушылар автобусы апатқа ұшырады
Қоғам • Кеше