Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
Астананың әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты блогер Ерболат Жанәбіловке қатысты отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылық жасау бойынша істі жабық отырыста қарады, деп хабарлайды Tengrinews.kz соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сот 30 қыркүйекте Ерболат Жанәбілов үйде жанжал шығарып, жұбайының қолынан ұстап, осылайша оның тыныштығын бұзғанын анықтады.
"Аталған әрекеттерде қылмыстық құқық бұзушылық белгілері болмаған. Жанәбіловтың әрекеттері Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-бабы 1-бөлігі бойынша отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылық ретінде сараланды", - деп хабарлады сот.
Анықтама: ҚР ӘҚБтК-нің 73-бабы 1-бөлігіне сәйкес, құқық бұзушымен отбасы-тұрмыстық қатынастардағы адамдарға сыйламаушылық көрсетіліп, былапыт сөйлеу, қорлап тиісу, кемсіту, үй тұрмысындағы заттарды бүлдіру және олардың тыныштығын бұзатын, тұрғын үйде жасалған басқа да әрекеттер, егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса, ескерту жасауға не 20 сағат мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға немесе 5 тәулікке әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады.
Құқық бұзушылықтың жасалғаны іс бойынша жиналған материалдармен, оның ішінде әлеуметтік желідегі бейнежазбамен расталды.
Сот отырысында Ерболат Жанәбілов хаттамада көрсетілген мән-жайларды растап, кінәсін мойындады, сондай-ақ жұбайымен татуласу ниетін білдірді. Блогер жұбайымен татуласу туралы жазбаша келісімді ұсынып, ол іс материалдарына тіркелді.
"Жәбірленуші Төлегенова сотта күйеуі ұрып-соқпағанын, олардың арасында сөзге келіспеушілік болғанын түсіндірді. Сондай-ақ күйеуімен татуласу ниетін растап, татуласу туралы келісімге өз еркімен, шын ниетімен, қандай да бір қысымсыз қол қойғанын көрсетті", - делінген сот хабарламасында.
Тараптардың расталған жазбаша татуласу келісімі негізінде сот тараптардың татуласуына байланысты іс жүргізуді тоқтату туралы шешім қабылдады. Қаулы заңды күшіне енген жоқ.
Сот неге мұндай шешім қабылдады?Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 64-бабына сәйкес, осы кодекстің 73-бабында көзделген әкімшілік құқық бұзушылықтарды алғаш рет жасаған адамдар жәбірленушімен, арыз берушімен, оның ішінде медиация тәртібімен татуласқан және келтірілген зиянды өтеген жағдайда, сот оларды әкімшілік жауаптылықтан босатуы мүмкін.
"Іс материалдарымен Жанәбіловтің бұрын осындай құқық бұзушылық жасағаны үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылмағаны, құқық бұзушылықты алғаш рет жасағаны, өз кінәсін толық мойындағаны және жасаған ісіне өкінетіні анықталды. Сот жауаптылықты ауырлататын мән-жайларды анықтаған жоқ", - деп хабарлады сот.
Бұған дейін блогер Ерболат Жанәбілов сот алдында қайта жауап беретіні хабарланған болатын.
Әлеуметтік желідегі видео, полиция және отбасы-тұрмыстық жанжалКүні кеше Жанәбіловтер отбасы Эльмира Төлегенованың әлеуметтік желідегі жазбаларынан кейін тағы жұрт назарына ілікті. Блогер күйеуімен жанжал болғанын айтып, одан және оның туыстарынан киім бөлмесіне тығылып, есікті ішінен іліп алғанын мәлімдеді. Видеода ол қолы қызарғанын да көрсеткен.
Кейін Төлегенова күйеуі тарапынан физикалық күш көрсету болмағанын нақтылады. Оның айтуынша, күйеуі екінші телефонын тартып алмақ болған соң, ол киім бөлмесіне қамалып алған. Сондай-ақ блогер қазір ажырасу процесі жүріп жатқанын хабарлады.
Астана Полиция департаменті 30 қыркүйекте әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу кезінде аталған жазбаны анықтағанын хабарлады. Оқиға орнына барған полицейлер отбасылық-тұрмыстық жанжал дерегін растады.
Төлегенова арыз жазудан бас тартқанына қарамастан, оның күйеуіне қатысты отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылық жасағаны үшін әкімшілік материал толтырылды. Сондай-ақ ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Іс бойынша шешімді сот қабылдауы тиіс.
Бұған дейін Ерболат Жанәбілов пробациялық бақылау талаптарын бұзғаны белгілі болған: 28 тамызда сағат 22:00-ден кейін ол көрсетілген мекенжайда болмаған. Бұл факт бойынша материалдар да сотқа жолданды.
Тағы оқыңыз: “Бұл жеке мәселе деп есептеймін“: Жанәбіловтің ісі бойынша сотқа БАҚ қатыспайды
Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу