Egemen.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
Кейінгі жылдары елімізде әкімшілік сот төрелігін енгізу, конституциялық бақылау институтын күшейту, сот өндірісін цифрландыру сынды бірқатар маңызды реформа жүзеге асырылды. Оның ішінде әкімшілік әділет институтының орны – бөлек. Бұл институт мемлекеттік органдармен қарым-қатынаста жеке және заңды тұлғаларды сот арқылы қорғауда үлкен бетбұрыс жасап, азаматтардың конституциялық құқықтарын жоғары деңгейде қамтамасыз етті.
Осы ретте әкімшілік әділетті «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасының басты белгілерінің бірі ретінде бағалауға болады. Аталған институт Мемлекет басшысының бастамасымен 2021 жылы қолданысқа енді. Яғни Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі (ӘРПК) қабылданып, соның аясында мамандандырылған әкімшілік соттар жұмысын бастады. Бес жылға жуық уақыт ішінде әкімшілік әділет өзінің тиімді, әділ әрі қолжетімді жүйе екенін дәлелдеді.
Әкімшілік істерді қарау өте күрделі үдеріс десек те, сот ісін жүргізудің осы үлгісі өз нәтижесін берді. Жария-құқықтық даулардағы барлық күмән-қайшылықтың жеке және заңды тұлғалардың пайдасына шешілуі мемлекеттік органдардың азаматтар алдындағы үстемдігін жойып, сотта тараптарды толықтай теңестіреді. Ең қолайлысы – әкімшілік істерде соттар шешім шығарумен шектелмейді, оның орындалуын қадағалайды.
Шешім шығаруда азаматтардың пайдасына басымдық беріліп, заңдағы түсініксіз жағдайларда олардың мүддесін көздеу әкімшілік әділет институтының басты ерекшелігі саналады. Сонымен қатар соттың белсенді рөлі, яғни тек дауды шешіп қана қоймай, қажетті дәлелдерді жинауға белсенді қатысуы өз кезегінде қоғамның үшінші билікке деген сенімін нығайтады. Бұдан әрі нақтыласақ, сот өз бастамасы негізінде дәлелдемелер жинап, даудың мән-жайын зерттейді әрі талап арыздағы ресми қателіктерді түзетуге көмектеседі. Бұл ретте дәлелдеу ауыртпалығы мемлекеттік органдарға жүктеледі.
Ресми мәліметтер әкімшілік соттар жұмыс істеген алғашқы алты айда 4 161 іске шешім шығарғанын, соның ішінде 822 әкімшілік акт заңсыз деп танылып, күшін жойғанын растайды. Бұлардың арасында ең көп шағым әкімдіктер мен әділет және салық органдарының актілеріне қатысты. Сондай-ақ бірқатар лауазымды тұлғаға ақшалай өндіріп алу түрінде процестік мәжбүрлеу шарасы қолданылған. Нақты дерекке жүгінсек, 2021 жылдың ІІ жарты жылдығы мен 2024 жылдың маусымы арасында әкімшілік соттарға 87,5 мыңға жуық талап қою түссе, соның 59 пайызы қанағаттандырылған. Ал былтырғы I жартыжылдықта әкімшілік әділет саласында талап қоюлар 7,3 пайызға көбейген. Азаматтар мен бизнестің пайдасына қабылданған шешімдердің 57,8 пайызы, орталық мемлекеттік органдарға қойылған талап қоюлардың 49 пайызы қанағаттандырылып, жергілікті атқарушы органдарға қатысты көрсеткіш 66 пайызға жеткен.
Бұл – қоғамда жылдар бойы қалыптасқан «мемлекеттік органдар барлық уақытта жеңеді» дейтін қасаң көзқарасты жойып қана қойған жоқ, сонымен қатар әкімшілік органдар қызметкерлері мен өзге де лауазымды тұлғалардың қызмет тәртібін қатаң сақтауына түрткі болды. Өйткені бұрын мемлекеттік органдардың мықты ресурсы мен пәрменінен қаймыққан жеке және заңды тұлғалар өз құқықтарын сот арқылы қорғауға мүдделілік таныта бермейтін. ӘРПК халықты серпілтіп, нәтижесінде сотқа жүгінетіндер саны артты. Мемлекеттік органдардың жұмысын бағалауда әкімшілік соттардың шешімдері назарға алынса, қызмет сапасы одан әрі артары анық.
Заңның өзгеруі – уақыт талабы. Соған сәйкес, ӘРПК жаңартылды. Мысалы, Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әкімшілік әділет, норма шығару және заң көмегін ұйымдастыру мәселелеріне енгізілген түзетулер мен толықтырулар әкімшілік рәсімдердің ашықтығын одан әрі арттыру мен іс жүргізу кепілдіктерін күшейтуді көздейді. Жаңа нормада әкімшілік рәсім қатысушыларын өз ұстанымдарын әкімшілік орган не лауазымды адам шешім қабылдамай тұрып білдіру құқығына ие. Сондай-ақ тыңдау жазбаша әрі ауызша түрде өткізіледі.
Тағы бір тиімді тұсы – әкімшілік рәсім қатысушылары әкімшілік іс материалдарымен іс қаралу барысында да, одан кейін де таныса алады. Бұл норма адамның өз құқығын алдын ала әрі тиімді қорғауына мүмкіндік береді. Әкімшілік әділет саласын кеңейтуге оң әсер ететін жаңашылдықтың бірі – әкімшілік шешімдерге шағымдану тәртібіне қатысты өзгеріс. Нақтыласақ, әкiмшiлiк орган, лауазымды адам ӘРПК-да көрсетілген уақытта әкiмшiлiк актiнi қабылдамаса немесе соған әрекет жасамаса, онда осы мерзім өткен күннен бастап олар әкімшілік актіні қабылдаудан, әкімшілік әрекетті жасаудан бас тартты деп есептеледі.
Әкiмшiлiк органға құқықтарды қорғау тәртiбiн әкiмшiлiк актiнi қабылдау сатысында түсiндiру мiндетi жүктелді. 80-бап та өзгерді. Мысалы, ел заңдарына қайшы келмеген жағдайда шағымдарды қарау және оны беру мерзіміне, әкімшілік актісіне шағымдану тәртібіне уәкілеттік берілді. Мұндай норма жеке немесе заңды тұлғаның тиісті түрде ақпарат ала алмау салдарынан өз құқықтарын жедел әрі тиімді қорғау мүмкіндігінен айырылып қалуына жол бермейді. Кодексте көзделген төлемді кейінге қалдыру, айыппұлды азайту не бөліп төлеу тетіктері істің нақты мән-жайын ескеріп, азаматтарға қолайлы жағдай жасауды көздейді.
Бұған қоса кодекс 26-1-тараумен толықтырылды. Оған сәйкес дәлелдеу жүктемесінің ережелері нақтыланды. Мәселен, заңға тәуелді актілерге дауласу жағдайы туғанда оның заңдылығын дәлелдеу міндетін актіні қабылдаған орган көтереді. Осы ереже жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауда белсенді рөл атқаратын әкімшілік сот төрелігінің қағидатымен үндеседі.
Жаңа тарау заңдылығына толығырақ тоқталып өтсек, 167-1-бапта азамат немесе заңды тұлға заңға тәуелді нормативтік құқықтық актінің, оның ережелерінің заңдылығына дау айту туралы талап қоюмен сотқа жүгіне алады. Егер заңға тәуелді нормативтік құқықтық актіні заңсыз қабылдаған құзырлы органдар мен лауазымды тұлғалар оны жоюға қандай да бір шара көрмеген жағдайда сотқа талапты прокурор қояды. Яғни заңға тәуелді нормативтік құқықтық актінің, оның ережелерінің заңдылығына дау айту туралы талап қоюмен жүгінеді.
167-2-баппен айқындалғандай, заңға тәуелді нормативтік құқықтық актінің, оның ережелерінің заңдылығына дау айту туралы әкімшілік істі сот бір ай ішінде қарайды. Сотқа жүгінушінің өз талабынан бас тартуы әкімшілік істі қарамауға негіз болмайды. Заңға тәуелді нормативтік құқықтық актіні қабылдаған уәкілетті органның, лауазымды адамның талапты тануы да сот үшін міндетті емес. Соттың шешімі және оны орындау 167-3-баппен белгіленген. Сотта талап қоюдың негізсіздігі танылған жағдайда оны қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім шығарылады.
Мемлекет басшысы әрдайым Үкімет пен заң шығарушы және әкімшілік органдарға, олардың лауазымды қызметкерлеріне «еститін мемлекетке» айналу қажеттігін ескертеді. Бүгінде ел Президентінің тапсырмасы нәтижесіз емес. Оған Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің халықтық сипатқа ие болғаны дәлел. Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс нормаларын түсіндіру жұмыстары әкімшілік органның қызметін заң шеңберінде атқарылуына, әкімшілік рәсім талаптарының сақталуына, сондай-ақ мемлекеттік органдармен қабылданған әкімшілік актілердің сапасына өзінің тиімді әсерін беріп жатыр.
Жалпы алғанда әкімшілік сот төрелігі мемлекеттегі құқықтық институттардың тұрақты және теңгерімді дамуының әрі заң үстемдігінің кепілі саналады. Сондықтан оның болашағы азаматтардың құқықтарын мемлекеттік органдардың озбыр әрекеттерінен қорғауды күшейтуімен, сот бақылауының аясын кеңейтуімен, процестерді цифрландырумен тікелей байланысты.
Мұрат ТУҒАНБАЕВ,
Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соттың судьясы
Соңғы жаңалықтар
Тұлға • Бүгін, 08:20
Сұхбат • Бүгін, 08:15
Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:10
Аймақтар • Бүгін, 08:05
Аймақтар • Бүгін, 08:03
Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:00
Аймақтар • Бүгін, 07:58
Мирас • Бүгін, 07:55
Өнер • Бүгін, 07:50
Басылым • Бүгін, 07:45
Аймақтар • Бүгін, 07:40
Ғалам ғажаптары • Бүгін, 07:35
Ұлттық ғылым академиясында AI SilkNet Қазақстан–Корея жасанды интеллект орталығы ашылды
Қоғам • Бүгін, 00:28
Капитал нарығы үшін дамудың жаңа кезеңі: KASE басшысы негізгі басымдықтарды атап көрсетті
Қаржы • Бүгін, 00:13
Алматыда «Орталық Азия мұраты» атты жаңа монография таныстырылды
Аймақтар • Бүгін, 00:05