Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
Мейрам Рыспаев — ұлттық қолөнердің бірнеше түрін қатар меңгерген шебер. Бұл оған қанмен дарыған екен.
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform— Атам, кейін әкем бұрын шана мен арба істеген. Оларға көрші ауылдардан да келіп тапсырыс береді екен. Сондай-ақ қайыстан күміспен көмкеріп ат әбзелдерін жасаған. Ал анамыз алаша тоқып, кесте тікті. Құрақ құрады. Отбасында төрт бала: екі ұл, екі қыз — барлығымыз «ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші, қолөнерге жақынбыз, — дейді Мейрам Кагошұлы.
Ол жылқының қылы мен жалынан арқан еседі. Ерекшелігі — бұл жұмысты ата-бабалар қолданған көне тәсілмен орындайды. Арқан есуде «бұрама» деп аталатын құралды пайдаланады.
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / KazinformҮш адам бірігіп, ширатылған қылды тартып отырып, орайды. Осылайша сапасы тексеріліп, жуан-жіңішкелігі реттеліп отырады. Соңында дайын арқанға айналады.
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / KazinformФото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform— Қыл арқан — ата-бабамыздан келе жатқан, ерекше беріктігімен бағаланған бұйым. Ол жылқының жалы мен құйрығынан жасалады. Әсіресе дөнен мен тайдың қылы ыңғайлы, жұмсақ әрі қолға батпайды, қолдануға өте ыңғайлы. Мұндай арқан өте төзімді: жылдар бойы жатса да шірімейді. Сондықтан бұрын қазақтар оны киіз үйдің тартпаларын байлауға пайдаланған. Қар мен жаңбырға, күннің ыстығына да шыдамды. Арқан есу — үлкен шеберлікті талап ететін жұмыс. Қылды сулап отырып, әр талын бір-біріне ұқыптап қосып, жүйелеп отырады. Бұл ұршық иіргенге ұқсайды, бірақ толықтай қолмен жасалады. Дайын болған қыл арқан өте созылмалы әрі берік келеді. Оны тізгінге де, жылқы ұстауға да пайдаланады. Әдетте 10–12 метрге дейін есіледі. Мұндай арқанның тағы бір ерекшелігі — оның жұмсақтығы мен икемділігі. Жылқыға салғанда резеңке секілді созылып, қайта орнына келеді. Сондықтан жылқыны жарақаттамайды, — дейді шебер.
Мейрам Рыспаев қамшы өру өнерін де меңгерген. Оның айтуынша, қамшы — тек тұрмыстық құрал емес, қазақ қоғамында ерекше мәнге ие болған бұйым.
Ертеректе адамдар қамшы арқылы ымдасып, тіпті даулы мәселелерді де шешкен.
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / KazinformФото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform— Бұл қамшының қасиеті өте үлкен. Бірақ оны көбі біле бермейді. Бұл қамшымен құрылтайда көп мәселе шешілген. Әр жүздің үлкен ақсақалдары жиынға келгенде осы қамшымен ымдасып, қамшымен сөйлескен дейді. Дауларды осы қамшымен тоқтатқан. Бір-біріне қарсы келмеген, айғайламаған. Шешімге қарсы шықса қамшыны ортаға лақтырған. Сондай-ақ үй иесі қамшысына қарап-ақ қонақ жайлы біраз нәрсені білген. Мәселен қамшыны қолға сығымдап қысып кіру — дауға келгеннің белгісі болса, белге қыстырып келу — қонақ болуға ниетті екенін білдірген. Ал асығыс жолаушы қамшысын етігінің қонышына тығып кірген, — дейді Мейрам Рыспаев.
Шебердің айтуынша, қамшының әр бөлшегінің өз атауы бар: сабы, басы, бүйірі, алақаны, өрімі — бәрі де ата-бабадан қалған атаулармен аталады. Өрілген тұсын «шежемей» деген. Мұның өзі халқымыздың тұрмысындағы тәртіп пен мәдениеттің жоғары болғанын көрсетеді.
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform— Қамшы бірнеше өрім болады. Өру үшін қайыстан таспа жұқа етіп тілінеді. Кейін өргенде дөңгеленіп шығуы үшін таспаның шеттерін қыру керек. Өрген кезде әр таспаны қатты тартып отырмасаң, бос болып қалады. Мен өзім қамшы сабына көбіне тобылғы пайдаланамын. Ол майысқанымен сынбайды, берік келеді, — дейді шебер.
Мейрам Кагошұлы бала кезінен әкесінің қасында жүріп, аңшылық пен тері илеудің де қыр-сырын меңгерген. Үйдегі түлкі ішік — соның дәлелі.
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform— Бұл — ата-бабамыздан келе жатқан дәстүрлі киімдердің бірі — түлкі ішік. Бұдан да ірі бағалы түрі бар, оны қасқыр ішік деп атайды. Бұрын мұндай ішіктерді құдалық кезінде сыйға тартқан. Менің жұбайым тіккен мына ішікті дайындауға 24 түлкінің терісі жұмсалды. Кезінде өзім аңшылықпен айналыстым, бірақ 2005 жылдан бері бұл кәсіпті доғардым. Қазір қажетті теріні аңшылардан сатып аламын. Оларды өзім тұздап, илеп, толық өңдеуден өткіземін, — дейді ол.
Мейрам ағаның зайыбы Әлия Рыспаева да өнерден алыс емес. Анасының жанында жүріп, тігіншілікті үйренген ол кейін осы мамандық бойынша білім алып, фабрикада жұмыс істеген.
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / KazinformТұрмысқа шыққаннан кейін ауылға көшеді. Қазір ауруханадағы жұмысынан қолы босағанда ұлттық нақыштағы бұйымдар — оюлы жастықтар мен түрлі сәндік заттар тігіп, тапсырыс қабылдайды.
Рыспаевтар отбасы қазақтың ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрін қайта жаңғыртуды басты мақсат санайды. Соның бірі — ләңгі ойыны. Мейрам Рыспаев ләңгіні өзі жасап, немерелеріне, көрші балаларға таратады. Ләңгі — ертеде доптың орнына қолданылған ұлттық ойын. Ол баланың ептілігін, шапшаңдығын дамытады.
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform— Ләңгі жасау үшін қойдың терісі пайдаланылады. Оның жүнінің ұзын болғаны маңызды, себебі ойын кезінде жерге жеңіл түседі. Сондай-ақ қорғасын арнайы тігіледі. Осылай дайындалған ләңгі ойнауға өте ыңғайлы болады, — дейді Мейрам Рыспаев.
Осылайша Рыспаевтар отбасы ұлттық құндылықтарды сақтап қана қоймай, оны кейінгі ұрпаққа үйретіп, дәріптеп келеді.
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / KazinformБұған дейін сүр ет қосылған наурыз көже Солтүстік өңірде қалай әзірленетінін жазған едік.