Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..
СҚО ҚАЖ департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, №48 мекемеде ат әбзелдерін жасайтын арнайы цех ашылған. Сотталғандарды бұл кәсіпке шебер Владимир Осипов үйреткен. Ол бұл салада 12 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді және 2021 жылы өндірісті жолға қойып, жазасын өтеушілерді жұмысқа алды. Қазір цехта 11 адам жұмыспен қамтылған.
Фото: СҚО ҚАЖД- Кәсіпті толық меңгерту үшін арнайы мамандарды шақырдым. Олар сотталғандарды тігуге және материалдармен жұмыс істеуге үйретті. Орта есеппен алғанда, бұл кәсіпті толық игеру үшін шамамен үш ай уақыт қажет, - дейді Владимир Осипов.
Сотталғандар ер-тоқым, жүген, ноқта, тізгін, үзеңгі, қамшы және басқа да қажетті бұйымдарды жасайды. Сонымен қатар былғарыдан белдік, қарғыбау да істейді.
Фото: СҚО ҚАЖДФото: СҚО ҚАЖД- Бұл жұмыс үлкен ұқыптылықты, мұқияттылықты және төзімділікті талап етеді. Мәселен, бір белдікті дайындауға жарты күнге жуық уақыт кетсе, бір күнде алты жүгенге дейін жасауға болады. Дайын өнімдер тек СҚО-да ғана емес, еліміздің басқа өңірлерінде және шетелде де сұранысқа ие, - дейді кәсіпкер.
Жазасын өтеушілердің бірі бұрыннан қолөнерге жақын болған екен. Оның айтуынша, бала кезінде атасы қамшы өрген. Сотталғанға дейін әртүрлі салада тас қалаушы, ағаш шебері және дәнекерлеуші болып жұмыс істеген. Владимир Осиповтың цехына жұмысқа орналасқаннан кейін тері мен киізден бұйым тігуді үйреніп, қамшы өруді толық меңгеріп алды.
Фото: СҚО ҚАЖД- Бұл жұмыс мен үшін тек табыс көзі немесе уақыт өткізу емес. Сапалы бұйымдар жасап, ұлттық дәстүрлерді сақтауға пайдам тисе екен деймін. Бостандыққа шыққанда да керек болады, - дейді сотталған.
Сонымен қатар өңір мекемелерінде ағаш өңдеумен де айналысады. Сотталғандар ұлттық нақыштағы бұйымдар - сандықтар, астау, үстелдер және басқа да тұрмыстық заттарды жасап, оларды қазақы ою-өрнектермен безендіреді.
Мамандардың айтуынша, ұлттық қолөнерді дамыту сотталғандардың еңбек дағдыларын қалыптастыруға, тәртіп пен жауапкершілікті арттыруға ықпал етеді. Ал алған білім мен тәжірибе бостандыққа шыққаннан кейін оларға жұмысқа орналасуға немесе жеке кәсіп ашуға негіз бола алады.
Фото: СҚО ҚАЖДЖалпы №48 мекемеде шамамен 650 сотталған жазасын өтеп жатыр. Соның 415-і жұмыспен қамтылған. Мекеме аумағында алты жеке кәсіпкер сотталғандарды еңбекке тартып отыр.
Бұған дейін СҚО-да сотталғандарға көмек көрсететін ЖИ кеңесші іске қосылатынын жазған едік.
Фото: СҚО ҚАЖД