Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
Форумға қатысушылар құрамының ауқымдылығы Қазақстанның тау-кен металлургия кешеніне деген халықаралық қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетті. Пленарлық отырыста сөз сөйлеген Үкімет басшысы өткен жылдың экономикалық қорытындыларына тоқталды. Оның айтуынша, 2025 жылы ел экономикасы 6,5 пайыздық өсім көрсетіп, ішкі жалпы өнім көлемі алғаш рет 300 млрд доллардан асты.
Бұл нәтижеге қол жеткізу Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған технологиялық жаңғыруға, инвестиция тартуға, өнеркәсіп пен адами капиталды дамытуға негізделген экономикалық саясаттың жемісі екені атап өтілді.
«Еліміздің жаңа Конституциясы осы бағыттың институционалдық негіздерін бекітеді. Ол меншік құқығы мен инвестицияларды қорғау кепілдіктерін күшейтеді, заң үстемдігі қағидаттарын нығайтады әрі елдің ұзақмерзімді экономикалық дамуы үшін берік негіз қалыптастырады. Тау-кен металлургиясы кешенін одан әрі дамыту ісінде бұл мәселе айрықша маңызға ие. Жер қойнауын пайдалану, металлургия мен терең өңдеу салаларындағы ірі жобаларды жүзеге асыру қомақты инвестиция мен ұзақмерзімді инвестициялық циклдерді талап етеді. Сондықтан институттардың орнықтылығы, реттеудің болжамдылығы мен бизнес тарапынан сенімнің жоғары деңгейі саланың тұрақты дамуын қамтамасыз ететін негізгі шарттардың біріне айналып отыр», деді О.Бектенов.
Саладағы негізгі басымдықтың бірі – геологиялық барлау жұмысын күшейту. Жаңа кен орындарын анықтау, минералдық-шикізат қорын толықтыру мен инвестициялық жобалардың жаңа легін қалыптастыру осы бағытпен тікелей байланысты.
Президент тапсырмасына сәйкес елімізде жер қойнауын геологиялық зерттеудің ауқымды бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Қазақстан аумағын егжей-тегжейлі геологиялық картаға түсіру жұмысы басталды. Нәтижесінде, зерттелетін жер қойнауының аумағы 2 млн шаршы шақырымнан асады. Ал 2026–2028 жылдары геологиялық барлауға шамамен 470 млн доллар көлемінде мемлекеттік инвестиция бағытталмақшы.
Геология саласын технологиялық тұрғыдан жаңғырту мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Елімізде жарияланған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында геологиялық барлау мен жер қойнауын пайдалану саласына заманауи цифрлық шешімдерді енгізу жұмысы жеделдетіліп жатыр.
Қазір жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай цифрлық платформасы жұмыс істейді. Сол арқылы 22 мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Лицензия беру мен жер қойнауын пайдаланушылардың міндеттемелерін бақылау үдерістері автоматтандырылған. Бұған қоса 4,6 млн-нан аса бастапқы геологиялық ақпарат цифрлық форматқа көшірілді.
Ендігі міндет – жинақталған деректерді тиімді талдап, жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану арқылы жаңа кен орындарын іздеуді жеделдету мен минералдық-шикізат қорын игерудің тиімділігін арттыру. Премьер-министрдің айтуынша, тау-кен металлургия кешені алдағы уақытта тек өндіріс көлемін арттырумен шектелмей, терең өңдеу мен жоғары технологиялық өнім шығаруға бет бұруы қажет.
«ТМК саласы өз дамуын өндірісті ұлғайту арқылы ғана емес, бұған қоса тереңірек өңдеуге әрі қосылған құны жоғары өнім шығаруға көшу арқылы да жалғастыруға тиіс», деді О.Бектенов.
Бұл бағыттағы нақты нәтижелер де бар. Кейінгі екі жыл қатарынан жалпы құны 1 млрд доллардан асатын жобалар іске қосылып, катодты мыс, ферросилиций, ферроқорытпа секілді өнімдер өндіріле бастады. Абай облысында құны 1,5 млрд доллардан асатын мыс балқыту зауытының құрылысы жүріп жатыр. Жоба толық іске қосылған кезде бүгінде сыртқа шығарылатын мыс концентратының басым бөлігі ел ішінде өңделеді.
Павлодар облысында жылына 300 мың тонна алтын-мыс концентратын өңдеп, 15 тоннаға дейін алтын өндіретін гидрометаллургиялық комбинат салынып жатыр. Ал Қарағанды облысында «Qarmet» компаниясы металлургиялық өндірісті жаңғырту жұмысын жүзеге асыру қарсаңында тұр. Соның аясында қосылған құны жоғары өнімдер шығарылып, автомобиль өнеркәсібіне қажетті болат өндірісі жолға қойылмақшы.
Еліміз бұл ретте халықаралық әріптестік аясын кеңейтуге де ерекше мән беріп отыр. АҚШ, Қытай, Еуропалық Одақ, Жапония мен Корея Республикасының жетекші компанияларымен бірлескен жобалар қолға алынып отыр. Мұндағы мақсат – инвестиция тартумен ғана шектелмей, технология трансферін қамтамасыз ету, өндірісті жергіліктендіру мен жаңа индустрияға қажетті білікті мамандар даярлау.
Конгресс аясында ұйымдастырылған көрмеде де саланың жаңа мүмкіндіктері кеңінен таныстырылды. Биылғы экспозицияға Аустралия, Германия, Италия, Қазақстан, Канада, Қытай, Ресей, Сауд Арабиясы, АҚШ, Өзбекстан, Финляндия, Франция, Чехия, Швеция мен Эстониядан келген 69 компания қатысты. Оның 40-ы – отандық кәсіпорындар.
Премьер-министр «Qarmet», «Kazzinc», «Kazakhmys», «KAZ Minerals», «XCMG», «ERG» секілді жетекші компаниялардың көрмесін аралап, АҚШ, Швеция мен Сауд Арабиясы бизнес-павильондарымен танысты. Көрмеде өндірісті цифрландыру, автоматтандыру, экологиялық қауіпсіздікті күшейту, қайта өңдеу индустриясын дамыту мен инженерлік қызметтерді жетілдіруге арналған озық технологиялық шешімдер ұсынылды.
Astana Mining & Metallurgy 2026 алаңында көтерілген мәселелер еліміздің шикізат экспорттаушы ел ретіндегі дәстүрлі рөлінен біртіндеп алыстап, терең өңдеу мен жоғары технологиялы өндіріс орталығына айналу бағытын таңдағанын көрсетті. Бұл мақсатқа жетуде геологиялық барлау, цифрландыру, инвестициялық тұрақтылық пен халықаралық технологиялық серіктестік шешуші рөл атқарады.