Inform.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
- Данияр, өнерге қалай келдіңіз?
- Сурет салумен сегіз жасымнан бастап айналысамын. Балалық қызығушылығым уақыт өте келе саналы таңдауыма, кәсіби мамандығыма айналды. Өнерге алғашқы қадамым өнер мектебінен басталды. Онда алты жыл бойы бейнелеу өнерінің негіздерін меңгердім. Кейін Ақтау қаласындағы өнер колледжінің кескіндеме мамандығына оқуға түсіп, кәсіби қалыптасу кезеңіне аяқ бастым. Колледж қабырғасында суретші Болат Әділұлының сыныбында білім алып, негізгі арнайы пәндерді осы ұстазымнан үйрендім.
Фото: Данияр Жаниязовтың жеке мұрағатынан- Алғашқы үлкен шығармашылық еңбегіңіз жайлы айтып өтсеңіз?
- Колледжді төрт жылдан кейін тәмамдап, «Бәйге» сюжетінде дипломдық жұмыс жаздым. Сол еңбектен кейін өзімді нағыз суретші ретінде сезіндім. Бұл жұмысқа үш ай уақытымды арнадым. Осы кезеңде Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейіне барып, көркем мұраларды зерттедім. Әбден ізденіп, толғанып жазған алғашқы ауқымды жұмысым осы болды. Дәл осы шығармашылық кезеңнен кейін сурет салуға деген ниетім біржола қалыптасып, бұл саланы өмірлік бағыт ретінде таңдадым.
- Өнер жолын таңдауда қандай ішкі толғаныстар мен қиындықтарды бастан өткердіңіз?
- «Нақты суретші боламын ба?» деген сұрақ көп мазалады. Өйткені суретшінің жолы - қиын жол. «Өмір бойы сурет салып күн көре аласың ба, тапсырыс берушілер табыла ма, адамдарға жұмыстарың ұнай ма?» деген ойлар болды. Болашағыма қарасам, белгісіздік көп еді.
Фото: Данияр Жаниязовтың жеке мұрағатынанСоған қарамастан, колледжде оқып жүрген кездің өзінде кәсіби ортаға бейімделе бастадым. Екінші курстан бастап тапсырысқа сурет салып, портреттер жаздым. Теориялық білімімді тәжірибе жүзінде сынадым. Бұл маған көп көмектесті. Уақыт өте келе қабырғаға роспись, муралдар салумен айналыса бастадым. Қала ішінде танымал болдым, тұрақты клиенттік базам қалыптасты. Бұл колледжді бітірген соң немен айналысатынымды нақты түсінуге жол ашты.
- Жоғары оқу орнына түсу жоспарыңыз болды ма?
- Оқуды аяқтағаннан кейін Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы барып көрдім. Бірақ ол уақытта толыққанды оқуға дайын емес екенімді сезіп, «Әлі ойланамын» деп шештім. 2023 жылдан бері еңбек етіп, кәсіби тұрғыда дамып келемін.
Фото: Данияр Жаниязовтың жеке мұрағатынанБірақ Ресейде білім алуды жоспарлап жүрмін. Атап айтқанда, С.Г. Строганов атындағы Ресей мемлекеттік көркем-өнеркәсіп университеті немесе Илья Репин атындағы Санкт-Петербург көркемөнер академиясы – мақсаттарымның бірі. Егер бұл жоспарлар орындалмаса, Еуропаға немесе АҚШ-қа барып жұмыс істеп, кәсіби деңгейімді көтергім келеді.
- Өнерге бейімділік отбасыңыздан дарыды ма?
- Иә, нағашы жұртымнан. Анам – дизайнер, киім тігумен айналысады. Нағашыларым да қолөнерге жақын, шебер жандар. Өзім бала күнімнен балға мен шегені серік етіп өстім. Ал сурет салуға қызығушылығым сегіз жасымда оянды. Компьютерлік «Mortal Kombat» ойынын ойнап отырып, кейіпкерлерін салғым келді. Адам анатомиясы мен эстетикасы қатты қызықтырды. Портрет салудан шабыт алатынмын.
Мен көпбалалы отбасының тұңғышымын. Ата-анам бастапқыда алаңдады. «Нақты осы саланы қалайсың ба?» деп жиі сұрайтын. Өзімде де сенімсіздік болды. Бірақ оларды бәрі жақсы болатынына сендірдім. Студент кезімнен жұмыс істеп, болашағымды өз қолыммен қалыптастыруға тырыстым. Бүгінде ата-анам толық қолдайды.
Фото: Данияр Жаниязовтың жеке мұрағатынан- Қазіргі жұмыстарыңыз туралы айтып өтсеңіз?
- Қазір сурет салумен қатар қабырғаға роспись, муралдар жасаймын. Мейрамханаларға, компьютерлік клубтарға, бизнес орталықтар мен кеңселерге, ғимарат қасбеттеріне сурет салдым. Қанша цифрландыруға өтсек те, қолөнер мен сурет салу өзектілігін жоғалтпайды. Қабырғаға тұсқағаз жапсырғаннан гөрі, сурет салу интерьерге ерекше атмосфера сыйлайды.
Менің жұмыстарымды облыстық Әбіш Кекілбайұлы атындағы музейдің «Табиғат» залынан көруге болады. Бұл залды командамен үш ай бойы жасақтадық. «Қызыл кітапқа» енген жан-жануарлардың мүсіндерін жасап, қабырғаларды безендірдік.
- Бір туындыны орындауға қанша уақыт кетеді?
- Майлы бояумен бір картинаны салуға 15 сағаттан астам уақыт жұмсаймын. Қабырға суреттері көлемі мен күрделілігіне қарай бір-екі аптада аяқталады. Үлкен жобалар бір айдан аса уақыт алуы мүмкін.
Көпшілік «шабытты қайдан аласың?» деп сұрайды. Осы кезде ұстазым Тынышбек ағамның сөзі еске түседі: суретшіге шабыт керек емес, алдымен жұмысты бастау керек. Шабыт жұмыс барысында келеді. Күтіп отыра алмайсың.
Фото: Данияр Жаниязовтың жеке мұрағатынанБұдан қоса, режиссураға қызығамын. Бұрын мультфильм салатын мультипликатор болуды армандадым. Анимация ерекше шабыт береді. Режиссер де - суретші. Бұл сала да терең білімді талап етеді. Кітап оқығанды жақсы көремін, кейіпкерлерді талдап, детальдерді елестеткенді ұнатамын.
- Шығармашылық сапарларыңыз туралы айтып берсеңіз?
- Арт-экспедициялар кәсіби өсуіме үлкен әсер етті. Өзбекстанның бірнеше қаласында, Қырғызстанда жеті күн этюд жаздым. Кейін Алматыда көрме ұйымдастырдым. Қайтар жолда Қазақстанның барлық өңірін аралап, этюдтер салдым. Былтыр Түркияға барып, Ресей арқылы Кавказға өтіп, Грузияның Батуми мен Тбилиси қалаларын ақ кенепке түсірдім. Түркияның жиырмадан астам қаласын араладым.
Өзбекстанда 12-ге жуық, Түркияда 14-тен астам, Грузияда төрт этюд жаздым. Бұл сапарлар этюдтің шынайы мәнін түсінуге көмектесті.
Фото: Данияр Жаниязовтың жеке мұрағатынан- Қазір қандай картиналарға сұраныс жоғары?
- Қазір үй интерьеріне арналған картиналарға тапсырыс көп түседі. Сондай-ақ Маңғыстаудың көрікті жерлері - Бозжыра, Шерқала, киелі Бекет ата мешіті бейнеленген туындыларым сұранысқа ие. Картина - есте қалатын, креативті әрі премиум деңгейдегі сыйлық қой.
Болашақта әлемдік деңгейде көрмелер өткізіп, халықаралық суретшілермен коллаборациялар жасағым келеді. Алдағы уақытта Ақтауда жеке көрме ұйымдастыруды жоспарлаймын.
Бұған дейін, Ақтауда қыста теңізге шомылатын тұрғындар көбейгені туралы жазған болатынбыз.
Фото: Данияр Жаниязовтың жеке мұрағатынан