Сусамыр сескентіп тұр

06.12.2025

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..

Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, өңір­де 26 550 адам эндокриндік ауру­лармен есепте тұр. Оның ішінде, биыл 595 тұрғыннан алғаш рет қант диабеті анықталған.

Қант диабетіне шалдыққан­дардың дені – ересектер. Деген­мен есепте тұрған 200-ден астам бала бар. 

«Облыс халқы 700 мыңнан асатынын ескерсек, тұрғын­дар­дың 1,9%-ы диабетпен өмір сүріп жатыр. Бұл – республикалық дең­геймен салыстырғанда жо­ғары көр­сеткіш. Мәселен, бір жыл іш­ін­де диспансерлік есепке жаңа­дан алынғандардың саны екі еседен көп өскен. 2024 жылы – 595 науқас, 2025 жылы – 1 087 нау­қас есепке алынды», – дейді Денсаулық сақтау басқар­ма­сының басшысы Қайсар Аб­да­лиев.

Дәрігерлердің айтуынша, қант диабеті қазір егде жастағылар ара­сында емес, жастарда да жиі кез­десу­де. Бұған әсер ететін басты се­бептер – артық салмақ, тәтті газ­далған сусындар мен фаст-фуд­қа тәуелділік, қозғалыстың аз бол­уы және стресс пен ұйқының бұзылуы. Сонымен қатар жүкті әйелдер арасындағы гестациялық диабет жағдайлары да жылдан жыл­ға артып барады. Бұл – бола­шақ ананың да, нәрестенің де ден­саулығына төнетін қауіп.

Қант диабеті жиі асқынатын, өмір бойы бақылауды қажет ететін созылмалы ауру екені белгілі. Дұ­рыс емделмеген жағдайда ол адам­ның көру қабілетінің нашар­лау­ы­на, жүрек-қан тамыр ауруларына, бүйрек жеткіліксіздігіне, тіпті аяқ ампутациясына әкелуі мүмкін. Сондықтан бұл тек медицина саласының мәселесі емес. Диабет өңір экономикасына да әсер етеді, еңбекке жарамдылық тө­мен­дейді, емдеу шығындары ар­та­ды. Мамандар Атырау облысын­да қант диабетімен күресті күшейту үшін бірнеше бағытты ұсынып отыр. 

«Біріншіден, алдын алу шара­ларын жүйелеу. Яғни, скринингтік тексерістерді көбейту. Екіншіден, дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыру. Үшіншіден, спорт алаңдарын көбейту, халықты күнделікті спортқа ынталандыру. Төртіншіден, медициналық кө­мекті жақсарту: эндокринолог санын көбейту, инсулин мен қа­жет­ті құралдарды қолжетімді ету», –  дейді Қайсар Абдалиев.

Атыраулық 42 жастағы тұрғын Қалима (есімі өзгертілді – ред.) диабет диагнозын былтыр біл­генін айтады.

«Қант диабеті маған мүлде қа­тысы жоқ деп ойлайтынмын. Өзімді жақсы сезінетінмін, тек қатты шаршаңқылық пен шөл қысатын. Ауруды тексеріс кезінде кездейсоқ анықтады. Енді күн сай­ын қант деңгейін бақылап, тамақтануымды түбегейлі өзгерт­тім. Егер ерте тексерілмесем, жағ­дайым қиындауы мүмкін еді», – дейді ол. 

Науқастың айтуынша, өңірде эндокринологқа кезек көп, дәрі-дәрмекке қолжетімділік мәсе­лелері де бар. «Инсулин аламын, бірақ кейбір өлшеу құралдарын өзім сатып аламын. Әр адамға қол­же­тімді медициналық көмек болса, асқынулар азаяр еді», – дейді ол.

Ғалымдардың зерттеулері қант диабетінің таралуы әлемде тұрақты өсіп жатқанын айғақ­тайды. Қазір шамамен 450 милли­он­ға жуық адам 1 және 2 типті қант диабетімен ауырады. Алайда олардың едәуір бөлігі қажетті ем қабылдамайды, бұл жүрек, бүй­рек, көру қабілеті сияқты басқа да ауыр асқынулардың дамуына түрткі болуы мүмкін.

Қалай десек те, Атырау облы­сында қант диабетінің өсуі – ай­мақтың денсаулық сақтау сала­сының алдында тұрған күрделі мәселенің бірі. Статистиканың өсуі бұл мәселенің тек медицина қызметкерлерінің емес, бүкіл қ­оғамның назарында болуы ке­ректігін көрсетеді. Қазір қол­да­нылатын шаралардың нәтижесі тек бүгінгі емес, ертеңгі ұрпақтың денсаулығына тікелей әсер етеді. 

Баян ЖАНҰЗАҚОВА,

Атырау облысы

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью