24.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
Былтыр Қазақстанның қатысуымен 69 халықаралық келісімге қол қойылды. Оның басым бөлігі қазақ тарапының бастамасымен жүзеге асты. Бұл жайлы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Бұдан бөлек, 154 инвестициялық келісімшарт жасалды. Бұл ел басшылығының сыртқы саясаттағы серпінді жұмысының жемісі. Алыс-жақын шет елдермен арадағы алыс-беріс пен барыс-келіс қарқыны қалай?
Былтыр Қазақстан президенті 23 мәрте шетелге шығып, 20 жаһандық жиынға қатысты. 43 рет шетелдік әріптестерімен телефонмен тілдесті. Ал өзге мемлекеттердің басшылары қазақ еліне 30 мәрте табан тіреді. Нәтижесінде, 70 млрд доллардан асатын коммерциялық келісімге қол қойылды. Мұның барлығы мұқым елдің ертеңі үшін істелген жұмыстың бір парасы.
Азамат Байғалиев, саясаттанушы:
- Өткен жылдың негізгі, ең маңызды сәті Мемлекет басшысының сапарларымен байланысты болды. Алдымен Бейжіңге кейін Вашингтонға, одан соң Мәскеуге, кейін Токиоға ресми сапарлар жасалды. Бұл – шешуші мәнге ие сапар сериясы болды. Соның нәтижесінде Қазақстан экономикасына ондаған миллиард доллар көлемінде инвестиция тарту жөнінде келісімдерге қол жетті. Сондай-ақ Қазақстанмен әрі қарай ынтымақтастықты дамытуға және еліміздің болашағына қатысты белгілі бір кепілдіктер берілді.
Цитата:
Түркістан газеті: Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Сыртқы саясатқа қатысты жоғары деңгейдегі іс-шаралардың көптігі Қазақстанның абырой-беделі өсіп, халықаралық құқық субъектісі ретіндегі рөлі арта түскенін көрсетеді. Шетелге жасаған сапарларымнан бөлек, Азия, Еуропа және Таяу Шығыс аймақтарындағы ықпалды мемлекеттердің басшылары Астанаға сапармен келді. Әрбір келіссөзде экономикалық және инвестициялық ықпалдастыққа, әлемдік аренадағы қарым-қатынасқа қатысты маңызды мәселелер көтеріледі.
2025 жылдың ішінде елге 50 шетелдік делегация мүшелері келіп, арадағы алыс-беріс пен барыс-келіс көлемін арттыру жайын талқылады. Әсіресе Орталық Азия елдерінің өкілдері қарқынды сапарлады. Сондай-ақ, БҰҰ, Еуропалық кеңес секілді бірлестіктердің басшылары да қазақ еліне ат басын арнайы бұрды.
Марғұлан Ермағанбетұлы, сарапшы:
- Халықаралық байланыстарда дипломатия орнатуда Орта Азия ерекше аймақ болып табылады. Себебі Орта Азияның ішінде халық саны өсуде және ішкі өнім өсуі өте үлкен. Бұл әлем назарындағы геосаяси алаң болып табылады. Осы алаң ішінде Қазақстанның жалпы әлеуеті зор. Әлем назарында Орталық Азияға қатысты бір мәселе туындаса бірінші кезекте Қазақстанның пікіріне сүйенеді.
Биыл да байырқалы бастамаларға толы болмақ. Соның бірі қазақ тарапы Еуроазиялық экономикалық одақтың органдарына жетекшілік жасайды. Қазақстан жасанды интеллект ісін ілгерлетіп, логистиканы цифрландыруға бейілді. Бұл жайлы қазақ басшысы баса айтты.
Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Мұрат Әріпханов