Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..
Коллажды жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
Инфляция – құр статистика емес. Ол әр отбасының дастарқанынан, ай соңындағы бюджет есебінен, болашаққа құрған жоспарынан көрінеді. Баға өскен сайын ақшаның сатып алу қабілеті әлсірейді. Кеше жеткілікті көрінген табыс бүгін сол қажеттілікті өтеуге әрең жетуі мүмкін. Қаржыгер Тұрар Әбди көпшілік инфляцияның шынайы әсерін толық бағалай бермейтінін айтады. Оның пікірінше, ең үлкен қателіктің бірі – ақшаны қозғалыссыз сақтау. Көп адам инфляцияны тек бағаның өсуі деп қабылдайды. Шын мәнінде ол – әлдеқайда күрделі құбылыс.
«Егер жинағыңыз жай ғана есепшотта жатса, оның нақты құны жыл сайын азая береді. Яғни бүгін 1 миллион теңгеге сатып алуға болатын дүниені бірнеше жылдан соң сол қаржыға ала алмауыңыз мүмкін. Сол себепті жинақты сақтаудың өзі жеткіліксіз, оны инфляциядан қорғай білу қажет. Тарихқа қарасақ, инфляция күшейген кезеңдерде кейбір активтер құнын сақтап қана қоймай, табыс әкелген. Мәселен, ірі компаниялардың акциялары, алтын мен күміс секілді бағалы металдар, табыстылығы жоғары депозиттер мен облигациялар, жылжымайтын мүлік, сондай-ақ мұнай, газ, уран, мыс өндіретін компаниялардың бағалы қағаздары. Мұндай құралдар капиталдың құнсыздануын тежей алады. Ең бастысы – барлық қаражатты бір жерге жинамау. Қаржылық сауаттың негізгі қағидаларының бірі – әртараптандыру. Сонда ғана инфляция жинаққа ауыр соққы жасай алмайды», дейді қаржыгер.
Сарапшы көтерген мәселе тек бізге ғана тән емес. Әлемнің көптеген елінде инфляция – азаматтардың әл-ауқатына әсер ететін басты факторлардың бірі. Оның ерекшелігі – зардабы бірден байқала бермейді. Банктегі қаражат өзгермегендей көрінеді. Бірақ сол ақшаға сатып алуға болатын тауар мен қызмет көлемі жыл өткен сайын азая береді. Кейінгі жылдары отандастарымыздың қаржы құралдарына қызығушылығы артты. Бұрын халықтың басым бөлігі депозитпен шектелсе, бүгінде бағалы қағаздар нарығына, инвестициялық қорларға, алтынға назар аударатындар көбейген. Бұл қаржылық мәдениеттің біртіндеп қалыптасып келе жатқанын аңғартады.
Дегенмен, инфляцияның ықпалы инвестиция тақырыбынан әлдеқайда кең. Оның шынайы салдары күнделікті тұрмыстан анық байқалады. Ұлттық экономикалық зерттеулер бюросының сарапшысы Тоқтасын Бақберген осы мәселеге ерекше назар аударады.
Коллажды жасаған – Гүлмәрия ӘШІМХАНҚЫЗЫ, «EQ»
«Айталық, бірнеше жыл бұрын азамат айына 200 мың теңге табыс тапты делік. Сол кезде күнделікті қажеттілікке 150 мың теңге жұмсап, қалған қаражатты жинақтауға немесе өз дамуына бағыттай алатын. Уақыт өте жалақысы 350 мың теңгеге жетті. Сырттай қарағанда табысы едәуір өскендей көрінеді. Бірақ бұрынғы шығындардың өзі бүгінде 300 мың теңгеден асып кетуі мүмкін. Нәтижесінде, еркін жұмсайтын қаражат көлемі қысқарады. Мұнда негізгі мәселе – жалақы мөлшері емес, сатып алу қабілеті. Экономикада мұны нақты табыс деп атайды. Егер табыс өссе, бірақ баға одан да жылдам көтерілсе, адам шын мәнінде байыған жоқ. Оның қолындағы теңге саны ғана көбейді. Инфляцияның қауіпті тұсы да осында. Ол тек әмиянға әсер етпейді. Адамның болашаққа құрған жоспарын өзгертеді. Біреу баспана алуды кейінге шегереді. Біреу қосымша білімнен бас тартады. Біреу демалысын қысқартады. Кей жағдайда отбасы құру немесе бала тәрбиесіне қатысты шешімдердің өзі кейінге қалады», дейді сарапшы.
Сол себепті базалық мөлшерлеме, теңге бағамы, мемлекеттік шығындар, халықтың несиелік жүктемесі секілді макроэкономикалық көрсеткіштер қарапайым азаматтан алыс дүниелер емес. Олар әр шаңырақтың тұрмысына тікелей ықпал етеді. Инфляция халықтан ақшаны ғана емес, ертеңге деген сенімді де тартып алады. Шынында, инфляцияның ең ауыр зардабы кейде ақшамен өлшенбейді. Адам табысының басым бөлігін азық-түлікке, коммуналдық төлемге, дәрі-дәрмекке жұмсаған соң өзіне мүмкіндік сыйлайтын шығындарды қысқарта бастайды. Әуелі демалыстан бас тартады. Кейін тұрмыстық техника алуды кейінге қалдырады. Одан соң білім мен денсаулыққа бөлінетін қаржы азаяды. Экономистер мұны «тұтынушылық мүмкіндіктің тарылуы» деп атайды. Азаматтың таңдау еркіндігі қысқарады. Сол себепті халық инфляцияны ресми есептегі пайызбен емес, күнделікті өмірдегі өзгеріс арқылы сезінеді.
Осындай жағдайда тұрғындарды тағы бір сауал мазалайды: жинақты қай валютада сақтау тиімді? Әсіресе теңге бағамы құбылған тұста бұл мәселе жиі көтеріледі. Экономист Руслан Сұлтанов әмбебап шешім іздеудің қажеті жоқ деп есептейді.
«Көпшілік доллар сатып алса, қаржысын толық қорғаймын деп ойлайды. Алайда өмір бұдан күрделірек. Егер отбасының негізгі шығыны теңгемен жасалса, барлық жинақты шетел валютасында сақтау әрдайым тиімді бола бермейді. Қазір банктердегі теңгелік депозиттердің сыйақысы жоғары. Сондықтан жақын уақытта қажет болуы мүмкін қаражатты теңгеде ұстаудың қисыны бар. Ал долларды тез пайда табатын құрал емес, ұзақмерзімді сақтандыру тетігі ретінде қарастырған жөн. Шетелде оқу, саяхатқа шығу немесе валютада ірі сатып алу жоспары болса, жинақтың белгілі бір бөлігін долларда сақтау орынды. Тағы бір маңызды мәселе бар. Қаржы нарығында эмоцияға ерген адам жиі ұтылады. Бір күні жаппай доллар сатып алуға асығады, келесі күні бар қаражатын жұмсап жіберуге тырысады. Мұндай әрекет отбасы бюджетіне көбірек зиян келтіреді. Тиімді стратегия көбіне қарапайым болады: қаражаттың бір бөлігі теңгеде, бір бөлігі валютада сақталады. Ең бастысы – сезімге емес, есепке сүйену», дейді экономист.
Бұл пікір қаржы әлеміндегі маңызды шындықтың бірін айқындап береді. Инфляциямен күрес инвестиция жасаумен немесе валюта айырбастаумен ғана шектелмейді. Мұнда тәртіп, ұзақмерзімді ойлау, тәуекелді бағалай білу секілді дағдылар шешуші мәнге ие. Экономикалық әдебиетте «инфляциялық шиыршық» деген ұғым бар. Баға өседі, халық жоғары жалақы талап етеді, кәсіпорын шығынын өнім құнына қосады, кейін баға тағы қымбаттайды. Осылайша, инфляция өзін өзі күшейтетін үдеріске айналады.
Инфляцияның салдары туралы әлемдік зерттеулер де осыны көрсетеді. Мәселен, америкалық экономист, Нобель сыйлығының лауреаты Milton Friedman инфляцияны «баршаға бірдей салынатын көрінбейтін салық» деп атаған. Оның пайымынша, бағаның тұрақты өсуі ең алдымен табысы төмен және жинағы аз азаматтарға соққы береді. Ал «International Monetary Fund пен World Bank» сарапшылары жүргізген зерттеулер жоғары инфляция кезеңінде халықтың тұтыну мүмкіндігі тарылып қана қоймай, ұзақмерзімді қаржылық жоспарлау қабілеті әлсірейтінін көрсетеді. Адамдар жинақ құрудан гөрі күнделікті қажеттілікті жабуға көбірек көңіл бөле бастайды.
Экономика ғылымында «ақша иллюзиясы» деген ұғым бар. Бұл тұжырымдамаға сәйкес, адамдар көбіне жалақының нақты емес, атаулы өсіміне назар аударады. Яғни айлығы 250 мың теңгеден 350 мың теңгеге көтерілгеніне қуанады. Алайда сол аралықта баға одан да жылдам өссе, оның нақты сатып алу қабілеті өзгермеуі, тіпті төмендеуі ықтимал. Гарвард, Чикаго және Лондон экономика мектебінің ғалымдары жүргізген зерттеулер де азаматтардың көпшілігі инфляцияның ұзақмерзімді ықпалын бағалауда қателесетінін көрсеткен.