Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..
Кейінгі жылдары қашықтан білім алу қалыпты үрдіске айналды. Ал осыдан бес-алты жыл бұрын онлайн оқуды көпшілік аса мойындай қоймаған еді. Сол уақытта батыл қадамға барып, білім саласына білек сыбана кіріскен жастың бірі – Жұлдызай Мұсаева. Қазір ол негізін қалаған «JUZ40» компаниясы бүгінде еліміздегі ең ірі «EdTech» жобалардың біріне айналды. Аталған компания жыл сайын мыңдаған талапкердің ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары балл жинап, қалаған оқу орнына грантқа түсуіне жол ашып келеді.
«Біздің осы жолдағы басты мұратымыз – білім мен тәрбиені қатар беріп, саналы ұрпақ қалыптастыру», дейді Жұлдызай Мұсаева. Бәлкім, содан да шығар жыл сайын ұлттық бірыңғай тестілеуден ең жоғары 140, 139 балл алатын оқушылардың дені – осы компанияның түлектері.
Бір қызығы, кейіпкеріміздің өзі 2015 жылы тестілеу тапсырғанда нәтижесі жаман болмаған. Бірақ грантқа бір балы жетпей қалыпты. Университеттің алғашқы курстарын ақылы негізде оқығанымен, 3-курста грантқа ауысқан. Әрине, оның қадірін грантқа бір балы жетпеген талапкер ғана шын түсінеді. Бұл сезім олимпиадада төртінші орын алған спортшының күйіндей шығар, бәлкім. Мұны жақсы білетін Жұлдызай оқуға түсуге бір балы жетпеген оқушыларға жыл сайын өз атынан грант тағайындап келеді. Осы күнге дейін ол берген 34 грант 34 оқушының сөнгелі тұрған үмітін қайта жақты.
Жұлдызайдың жас та болса екі жарым мыңнан астам маманды жұмыспен қамтып, дәл қазір қырық мыңға жуық оқушыны тестілеуге дайындап отырған ауқымды жобаның тетігін ұстауы – үлкен жауапкершілік. Бұл – құр статистика емес, әр санның артында мыңдаған отбасының үміті тұрғанын көрсететін нақты факт. Ел дамуына ешқандай дабырасыз, үнсіз ғана үлес қосып жүрген Жұлдызай секілді жігерлі һәм жасампаз жастар қашанда үлгі.
Пайдасы көпке тиген жобаның жүйесі де мықты болса керек. Ұжымның басым бөлігі жастардан құралған. Көпшілігі бір кездері осы жобада өзі де оқып, кейін сол ортаға қызмет етуді таңдаған. Сондықтан олар талапкердің көңіл күйін, қарқынын, қай тақырыпта қиналатынын жақсы біледі.
«Дарынсыз шәкірт болмайды, дарынды аша алмайтын мұғалім болады. Балаға сенім артып, шырағын жаға білуіміз керек. Біздің онлайн жүйеде қызмет етуіміз де оқушының әлеуетін толық ашуға бағытталған. Біріншіден, бұл талапкердің уақытын үнемдейді. Жолға кететін уақыт қысқарған соң, оқушы апта сайын қосымша 3-6 сағатты дайындыққа арнай алады. Екіншіден, нәтиже көзден таса қалмайды. Әр тестілеуден кейін жүйе қай жерде қате кеткенін, қанша уақыт жұмсағанын, қай тақырыптың әлсіз екенін өздігінен шығарып береді. Үшіншіден, оқу материалы әрдайым қолжетімді. Бейнежазба, теория, тапсырма тәулік бойы ашық тұрады, бала қажет болса бір бөлімді қайта-қайта қарап, бекіте береді. Ең құнды артықшылықтың бірі – географиялық шектеу де жойылады. Маған бұл өте маңызды, өйткені мықты мұғалімнің сабағына тек қаладағы бала ғана емес, елдің кез келген өңіріндегі талапкер де қол жеткізе алуға тиіс. Бұл ауыл мен қала арасындағы білім алшақтығын азайтуға қызмет етеді», дейді ол.
Компанияның алдағы көп жоспарының бірі – 9-10 сынып оқушыларына арналған JUZ40 олимпиадасын өткізу. Мұндағы мақсат ҰБТ-ға жақындағанда ғана қамшы баспай, баланың қабілетін ертерек байқап, олардың бағытын дер кезінде айқындауға көмектесу.
«Егер білім беру тек бағдарлама мен тапсырмадан тұрса, ол жай ғана пән болып қалар еді. Ал балаға ең алдымен қолдау қажет. Бізге оқушылар көбіне мектепте немесе үйде таба алмаған қолдау үшін келеді. Олар кураторлармен ашық сөйлесіп, өз қиындықтарын жасырмай жеткізе алады. Сондықтан біз үшін ең маңыздысы – тек білім беру емес, оқушының жанында болып, оны түсіне білу», дейді Жұлдызай Мұсаева.
Соңғы жаңалықтар
Шахмат • Бүгін, 09:00
Спорт • Бүгін, 08:55
Спорт • Бүгін, 08:50
Спорт • Бүгін, 08:45
Қоғам • Бүгін, 08:40
Аймақтар • Бүгін, 08:35
Әйел әлемі • Бүгін, 08:30
Әйел әлемі • Бүгін, 08:25
Әйел әлемі • Бүгін, 08:20
Әйел әлемі • Бүгін, 08:15
Қоғам • Бүгін, 08:10
Қоғам • Бүгін, 08:05
Серіктестік сұлуларына ілтипат
Мереке • Бүгін, 08:00
Қазақстан құрамасы дзюдодан Австриядағы Гран-придің алғашқы күнінде бір қола медаль жеңіп алды
Қазақстан • Кеше
АҚШ Ирандағы мектепке жасалған соққыға қатысы бар екенін мойындады
Әлем • Кеше