Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
Батыс Қазақстан облысында көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстары қазірден басталып кетті. 2 мыңға жуық тұрғын үй мен 15 мың саяжайды су астына қалдырған 2024 жылдың сабағы ұмытылар емес.
Дегенмен 2024 жылғы су тасқыны халықтың бірлігін күшейткен кезең болды. Мемлекеттік мекемелер мен қарапайым халық қоян-қолтық қимылдап, Жайық өзені бойындағы 84 ауылды, Орал қаласын тілсіз жаудан қорғап қалды. Зардап шеккен тұрғындарға Президент тапсырмасына сәйкес материалдық көмек уақтылы көрсетіліп, баспанамен қамтамасыз етілді. 13 мың отбасы 4,8 млрд теңге көлемінде біржолғы төлем алса, 10 мың отбасына 4,1 млрд теңге материалдық өтемақы төленді. 1374 үй мен саяжайды жөндеуге 4,3 млрд теңге қаражат жұмсалды. 3 мыңға жуық пәтер сатып алынып, 900-ден астам жаңа тұрғын үй пайдалануға берілді.
Облыс аумағында кейінгі екі жылда су тасқынына қарсы жұмыс қарқынды жүргізілді. Өңір басшысы Нариман Төреғалиев 2024–2025 жылдары бағдарламалық құжаттар аясында су тасқынына қарсы жұмыстарға 7,5 млрд теңге жұмсалғанын айтады. Соның ішінде жалпы ұзындығы 155 км болатын 90 қорғаныс бөгеті орнатылып, 10 км канал қазылған. 94 шақырым арық жүйесі, Чирово, Жаңа өмір, Кемер, Ұзынкөл, Ақжайық, Мұратсай суқоймалары жөндеуден өткен. Жеті өзеннің арнасы кеңейтіліп, Орал қаласында Жайық өзенінің 700 метрлік жағалауы нығайтылған. Автожолдарға 58 су өткізу құбыры орнатылып, облыс аумағында 238 шақырымдық магистралды каналдар тазартылған. Тасқала ауданында Деркөл өзенінің 5,3 км арнасын тереңдетіп, тазарту жұмысы басталып кетті. Бұған 622 млн теңге қарастырылған.
Ел көлемінде белең алған цифрландыру үрдісі енді тілсіз жаумен күресуге де көмектеседі. «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ-ның көмегімен тасқын қаупін алдын ала болжайтын «Тасқын» ақпараттық жүйесі жасалды. Қорғаныс бөгеттері цифрландырылып, 64 гидроқұрылыстың параметрлері тұрақты бақылауға алынды. Мониторингті жақсарту мақсатында жаңадан 10 гидробекет ашылған. Оның ішінде Жайық, Шаған, Деркөл өзендерінде автоматтандырылған 3 бекет тұр. Биыл өңірде тағы да 2 жаңа гидробекет құрылысы басталады.
Президент 2024 жылы көктемде кей тұсы өткел бермей кететін Қалдығайты, Жақсыбай, Шыңғырлау өзендерінде тұрақты көлік қатынасын қамтамасыз ету жөнінде тапсырма берген болатын. Қазір Қаратөбе мен Шыңғырлау аудандарында салынатын үш көпірдің жобасы әзірленді. Көпірлердің жалпы құны – 7,5 млрд теңге. Құрылыс-монтаж жұмысын жүргізуге республикалық бюджеттен қаржы бөлінеді.
Тасқынның бір себебі – өзен мұзының дер кезінде сөгілмей, тасыған суды бөгеуі. Былтыр өңірде 23 мың шаршы метр аумақта мұз жару жұмысы жүрді. Биыл да осы мақсатқа қазынадан 230 млн теңге бөлінген. Қауіпті тұстар анықталған.
Елді мекендерде қар шығару жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Бұған жергілікті бюджеттен 6,1 млрд теңге жұмсалмақ. Бұл былтыр бөлінген қаржыдан әжептәуір артық. Қазірдің өзінде 203 мың шаршы метр шығарылды.
Облыс аумағындағы негізгі су артериясы – Жайық өзені бастауын шекараның арғы жағынан алатын болғандықтан, Ресей Федерациясындағы жағдайды да жергілікті төтеншеліктер бақылап отыр. Соның ішінде Иреклі суқоймасындағы жағдай басты назарда. «Ресейлік әріптестерімен арадағы мәселелерді талқылау үшін биыл да ақпан айында Ресейдің Орынбор облысына іссапар жоспарлап отырмыз», дейді өңір басшысы.
Мемлекеттік тапсырыс бойынша жаңадан ашылған «Батыс Ирригация» мекемесіне 1,1 млрд теңгеге 31 арнайы техника сатып алынған. Бұдан бөлек, тікелей су шаруашылығы қызметіне жауапты «Қазсушар» мекемесі де 1,7 млрд теңгеге 51 жаңа техника алды. Өңірде жалпы су тасқыны салдарын жоюға 4 573 адам, 2 040 техника, 194 жүзу құралы, 487 су сору техникасы дайын тұр. 7 мың тоннадан аса инертті материал, 336 мың дана қап, 423 тонна құм әзірленген.
Батыс Қазақстан облысы