Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..
Израиль мен АҚШ-тың Иранға жасаған соққылары қас пен көздің арасында Таяу Шығыстың астаң-кестеңін шығарды. Сол аумаққа жақын елдердің шырт ұйқыдағы тыныштығы да әп-сәтте әлем-тапыраққа айналды. Қалай десек те, елді қырық жылға жуық билеп келген аятолла Әли Хаменеидің зымырандық соққылардың салдарынан қаза табуы әлем халқын екіге бөліп жіберді. Бірі «бұл ел дін құрсауынан құтылады» деп қуанса, екінші жақ «осылай мемлекет басшыларын оққа байлай берсе, әлемде әділет бола ма?» деп әбіржіді.
Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Әскери операция – күтпеген жерден болған тосын жағдай емес. Бұл – алып державалардың ондаған жылдардан бері келе жатқан мүдделік қақтығыстарының шарықтау шегі. Әсіресе былтырдан бері Газа секторындағы ахуалға алаңдаған Иран билігі Израильдің мысын басу мақсатында әуеден біраз соққы жасаған. Израиль де қарап қалмады. Маусым айындағы бұл қақтығыс 12 күнге созылды. Қақтығыс кезінде Израиль Иранның ядролық және әскери зымыран нысандарына жаппай шабуыл жасады. Иран Израильге 550-ден аса баллистикалық зымыран мен 100-ден аса дрон ұшыру арқылы жауап қайтарды. Артынша шиеленісті «реттеуге» АҚШ қосылып, Иранның ядролық нысандарына әуеден шабуыл жасап, шығынға батырды. Осылайша, бір-біріне қырғи-қабақ танытып, өшпенділікпен өрбіп келген текетірес 28 ақпан күні ақыры шегіне жетіп тынды.
Бәленің бәрі ядролық қаруда болып отыр. Былтыр 22 маусымда АҚШ әскері Иранның Фордо, Натанз, Исфахан сынды үш негізгі ядролық нысанына «Operation Midnight Hammer» («Түнгі балға» операциясы) деген код атымен соққы жасады. Әлемдік ақпарат агенттіктері бұл әрекетті аймақтағы қақтығыстың ең ірі әскери эскалациясы ретінде бағалап, соғыстың әрі қарай күшейе түсетін қаупі туралы сол кезде-ақ ескерткен еді.
Өздері ұлттық мақтанышы санайтын негізгі ядролық нысандары істен шыққанына қынжылған Иран билігі 2 шілде күні санкциялық қысым күшейсе, ядролық қаруды таратпау туралы шарттан шығуы мүмкін екенін ескертіп, мәлімдемесінде соғыс өртін қайта маздатқандай болды.
Көп ұзамай шілде айының соңында АҚШ Президенті Дональд Трамп егер Иран осыған дейін соққы алған ядролық нысандарын қайта қалпына келтіргісі келсе, олар біржола жойылатынын ескертті. Артынша Иран Сыртқы істер министрі Аббас Арагчи Тегеран АҚШ-тың шабуылдарына қарамастан уран байытудан бас тартпайтынын мәлімдеді.
Осылайша, өткен жылғы жаздан бері «ақпараттық соғысқа» ұласқан «ерегес» биылғы өткен айдан бері сөзден іске көшкендей болып еді. Яғни ақпан айында Оман билігінің араағайындығымен қос тарап Женевада бір үстел басында бірнеше мәрте бас қосып, ортақ келісімге келу мәселесін талқылаған. Келісімдердің кейбір тармақтары сәтті болса, тараптар кей шарттар бойынша ымыраға келе алмады. Екі елдің келіссөздері соңғы мәрте 27 ақпан күні Женевада өтті. Ал осы аптада Аустрия астанасы Венада техникалық келіссөздер өтуге тиіс-тін. Бірақ сол күні-ақ жағдай күрт ушығып кетті.
Иран Ислам Республикасының төңірегіндегі шиеленістің сақталуына байланысты сол күні Сыртқы істер министрлігі ондағы отандастарымызға жағдай тұрақталғанға дейін Иранға барудан уақытша бас тартуды ұсынды. Сонымен қатар ел азаматтарын Таяу Шығыс елдеріне сапарларды жоспарлау барысында қазіргі жағдайды және оның күрделену қаупін назарға алып, жауапкершілікпен қарауға шақырды.
Осылайша, 28 ақпан күні Израиль Тегеранға «превентивтік соққы» жасады. Көп ұзамай сол күні-ақ Трамп Иранға қарсы ауқымды әскери операция бастағанын мәлімдеді. АҚШ Президенті өзінің «Truth Social» платформасында сегіз минуттық бейнемәлімдеме жариялап, шабуылдар «Иранның ядролық арсеналын жоюға және Америка халқын қорғауға бағытталған» деді.
Бұған жауап ретінде Тегеран да дереу бірнеше баллистикалық зымыранды Израильдің солтүстік және орталық аймақтарына, сондай-ақ Иерусалимге бағыттады. «Әуе дабылдары Тель-Авивте, солтүстік қалаларда және астана аймағында естілді», деп хабарлады «The Times of Israel». Сондай-ақ Иран АҚШ-пен байланысы тығыз көршілес араб елдеріне де зымырандарын ұшырды. Парсы шығанағы елдеріне жататын Бахрейн, Кувейт және Иорданияда сиренаның дауысы естіліп, бірқатар елдің билігі азаматтарды жасырынуға және әскери нысандардан аулақ болуға шақырды. БАӘ астанасы Абу-Дабиде бір адамның қаза тапқаны расталды. Дубай халықаралық әуежайының операторы «Dubai Airports» компаниясының мәліметінше, шабуыл салдарынан төрт қызметкер жарақат алған.
Еліміздің Сыртқы істер министрлігі сол күні Ирандағы Қазақстан азаматтарының арасында зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ екенін мәлімдеді. Сол сәтте Иран аумағында 96 Қазақстан азаматы болғаны хабарланды.
Әп-сәтте-ақ астан-кестеңі шыққан Таяу Шығыстағы ахуалдың ушығуына байланысты еліміз Иран, Израиль, Сирия, Ирак, Иордания және Ливан әуе кеңістігінің үстінен, шегінде және маңында ұшуға толық тыйым енгізді. «Air Astana» компаниялар тобы 3 наурызды қоса алғанға дейін Таяу Шығыс елдеріне барлық рейсті тоқтатты.
28 ақпан күні түнде Пентагон «Эпикалық қаһар» деп айдар таққан Иранға бағытталған әскери операциясын бастады. Ал кеше Израиль шенеуніктері Иранның жоғарғы жетекшісі Хаменеидің қаза тапқаны туралы хабар таратты. Мұны Трамп та мәлімдеді. Дегенмен Иран билігі көсемнің дін аман екенін, көңіл күйі де жақсы екенін жариялап, алғашында бұл ақпаратты жоққа шығарды. Тек жексенбінің таңында Иранның мемлекеттік ақпарат агенттігі IRNA елдің Жоғарғы көшбасшысы аятолла Әли Хаменеидің отбасы мүшелерімен бірге қаза тапқанын хабарлады. Аятолланың қазасына байланысты елде 40 күндік жалпыұлттық аза тұту жарияланып, жеті күндік мемлекеттік демалыс белгіленді. Жергілікті БАҚ Хаменеидің 28 ақпан күні, зымырандардың алғашқы легінен-ақ қаза тапқанын жазды.
Сенбі күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Ғизат Нұрдәулетовке күштік құрылымдар мен салалық министрліктердің жетекшілерімен бірге Ирандағы ахуалдың ушығуына және еліміздегі тұрақтылыққа қатер төндіру ықтималдығына байланысты шұғыл шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды. Бұл туралы Президенттің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Айбек Смадияров хабарлады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен барлық күштік құрылымдар тәуліктік жұмыс кестесіне көшірілді. Үкіметте Сыртқы істер министрлігі жетекшілік жасайтын арнайы мониторинг тобы жұмысқа кірісті. Өңір әкімдеріне Таяу Шығыста болып жатқан жағдайды ескере отырып, шешім қабылдау тапсырылды.
Сондай-ақ Айбек Смадияров 1 наурыз күні Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Президенті Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы, Қатар, Бахрейн және Кувейт мемлекеттерінің басшыларына осынау қиын-қыстау кезеңде шынайы қолдауы мен тілектестігін білдіріп, хат жолдағанын хабарлады. Ресми ақпаратта Мемлекет басшысы достас әрі бауырлас елдердің тәуелсіздігі мен қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге бағытталған барлық әскери әрекетті батыл айыптайтыны айтылған.
Сондай-ақ Мемлекет басшысының Таяу Шығыстағы ахуалды жіті қадағалап отырғаны мәлім болды. Президенттің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Айбек Смадияровтің «Telegeram» арнасында таратқан ақпаратына сүйенсек, Қасым-Жомарт Тоқаев Иордания Королі ІІ Абдаллаға хат жолдап, Қазақстан қазіргідей сын сағатында бауырлас иордан халқына қолдау мен тілектестік білдірген.
Ал кеше Президент Қатар Мемлекетінің Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен телефон арқылы сөйлесіп, әңгімелесу барысында Таяу Шығыстағы ахуалды талқылады. Президент аймақта қақтығыстың өршіп кеткеніне алаңдаушылық білдіріп, осынау күрделі кезеңде Әмір мен бауырлас Қатар халқына тілектес екенін айтты.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы БАӘ Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен де телефон арқылы сөйлесті. Президент Таяу Шығыстағы ахуалдың ушығуына алаңдаушылық білдіріп, Әмірліктердің басшылығы мен барша халқына шынайы құрметін, қолдауы мен тілектестігін жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев қарулы қақтығыс барысында Біріккен Араб Әмірліктерінің азаматтық инфрақұрылымына зақым келгеніне қынжылатынын айтты.
Соңғы жаңалықтар
Зардап шеккендерге – жан-жақты жәрдем
Қоғам • Бүгін, 08:35
Аймақтар • Бүгін, 08:30
Аймақтар • Бүгін, 08:25
Спорт • Бүгін, 08:20
Flydubai әуе компаниясы Қазақстанға рейстерді қайта жандандырды
Оқиға • Бүгін, 08:16
Көрме • Бүгін, 08:15
Өнер • Бүгін, 08:10
Жәдігер • Бүгін, 08:05
Өнер • Бүгін, 08:00
Жасампаздыққа жетелеген жеті жыл
Саясат • Бүгін, 06:45
Берлин ИРИШЕВ: Біздің даламызда «кутюралық модельдер» 2500 жыл бұрын пайда болған
Қоғам • Бүгін, 00:35
Жыр алыбы – Жамбыл Жабаевтың туғанына 180 жыл толуына орай «Ата толғауы» салтанатты концерт өтті
Өнер • Бүгін, 00:20
Қоғам • Бүгін, 00:10
Өскемен әуежайының бұрынғы басшысы 8 жылға сотталды
Аймақтар • Кеше
Air Astana Медина мен Жиддаға репатриациялық рейстер орындауды жоспарлап отыр
Оқиға • Кеше