Inform.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
Бұл туралы Дубай қаласынан тікелей байланысқа шыққан travel-блогер Ғабит Қаматай Jibek Joly арнасындағы «Бүгін live» бағдарламасына берген сұхбатында мәлімдеді.
- Қазіргі уақытта Дубай қаласында жағдай тұрақты. Әлеуметтік желіде тараған ақпараттар мен бейнежазбалар 28-ші ақпан күнгі оқиғалар. Ал 1-ші наурыздан бастап жағдай біртіндеп қалыпқа келіп, 2-ші наурызға қараған түн тыныш өтті. Жалпы ахуал жақсарып келеді. Қазіргі таңда алаңдауға негіз жоқ. Алдағы күндері әуе қатынасы толық реттеледі деген үміт бар. Алдын ала мәліметке сәйкес, рейстер ертеңнен бастап кезең-кезеңімен ашыла бастайды. Әуе жолдары қалпына келтірілген соң елге ораламыз, - деді Ғабит Қаматай.
Отандасымыздың айтуынша, қазіргі уақытта БАӘ-де тек байланыс тұрақсыз. Бірқатар әлеуметтік желі уақытша жұмыс істемей тұр. Осыған байланысты тұрғындар жақындарымен елдің арнайы қосымшалары арқылы хабарласып жатқаның мәлімдеді.
- Қала аумағында әлеуметтік желілерге уақытша шектеу қойылған. Атап айтқанда, WhatsApp пен Telegram желілері бұғатталған. Осыған байланысты жергілікті жерден байланысқа шығу үшін Botim және Comera қосымшаларын пайдалану ұсынылады. Туыстарымен хабарласқысы келген азаматтар аталған қосымшаларды жүктеп, хат жіберіп, қоңырау шала алады, - деді travel-блогер.
Осы тұста Ғабит Қаматай Дубайға саяхаттап барып, елге қайта алмай қалған азаматтарға елшілік тарапынан көмек көрсетіліп жатқанын да айтты.
- Қазақстан Елшілігі алғашқы күннен бастап белсенді жұмыс жүргізуде. Арнайы Telegram және WhatsApp топтары ашылып, жедел ақпарат таратылуда. Дубайда қалған қазақстандықтарға жан-жақты қолдау көрсетіліп жатыр. Атап айтқанда, медициналық көмек ұйымдастыру, қонақүйге орналастыру және елге қайтару мәселелері бақылауға алынған, - деді ол.
Мұнан бөлек, Jibek Joly арнасындағы «Бүгін live» бағдарламасына ресми турагент өкілі Назгүл Тұрысбекова да сұқбат берді. Турагенттің айтуынша, шетелде қалған туристерге барлық қажетті жағдай жасалып жатыр.
Фото: Видеодан алынған скрин- Қазіргі таңда біз Дубай қаласындамыз. Бастапқы жоспар бойынша 28-ші ақпан күні Қазақстанға ұшуымыз керек еді, алайда рейстер тоқтатылды. Сол күні түнгі 00:30 шамасында қонақүйдің маңынан кішкене жарылыс дауыстары естілді. Сирена дабылы қосылды, барлығымыз қонақүйдің бірінші қабатына түстік. Қысқа уақыт ішінде жағдайды тұрақтанды. Турагент арқылы ұшқан туристер үш күнге қонақ үй және тамақпен қамтамасыз етілді. Қазір бастысы – елімізге аман-есен жетуімізді тілеп отырмыз, - деді Назгүл Тұрысбекова.
Еске сала кетейік, Қазақстаннан БАӘ, Қатар, Сауд Арабиясына барған 4 мыңнан астам турист бар.