Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық тұжырымдамасын іске асыру аясында елді мекендерді санитарлық тазарту бойынша кешенді іс-шаралар жалғасын тауып жатыр. 11 сәуірде өңір қалаларында «Таза қала» экологиялық акциясы өтіп, оның аясында ірі кәсіпорындар мен ұйымдар қоғамдық кеңістіктерді тазалау жұмыстарына белсене атсалысты. Ал 18 сәуірден аймақта «Тазалық айлығы» жарияланған еді. Оның шеңберінде «Таза аула» акциясы өткізілді. Іс-шара барысында ПИК, МИБ және жай серіктестіктердің өкілдері аулалар аумақтарын абаттандыр, тазалау жұмыстарын ұйымдастырды.
Фото: Павлодар облысы ақпарат және қоғамдық даму басқармасыБүгінгі сенбілік өзінің ауқымдылығымен ерекшеленіп отыр. Ертіс-Баян өңірі бойынша 200 мыңнан астам адам тазалық іс-шараларына атсалысып жатыр. Барлық аудан-қалаларда ағаш көшеттері отырғызылып жатыр. Аға буын мұндай экологиялық іс-шара жас ұрпақты қоршаған ортаны қорғауға баулуға үлкен сеп болады деген пікірде.
Фото: Павлодар облысы ақпарат және қоғамдық даму басқармасы- Бүгін жалпыоблыстық сенбілік ретінде жарияланған болатын. Оған 200 мыңнан астам адам мен 40 мыңдай ұйым қатысты. Тазалық жұмыстарына 600-ден астам арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 20 мың тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Барлық қатысушылар қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Тазалық айлығы аясында облыс полигондарында жеке тұрғындардан тұрмыстық қалдықтарды тегін қабылдау ұйымдастырылды, - деп атап өтті облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы тұрғын үй шаруашылық бөлімі басшысының міндетін атқарушы Әлішер Теміртас.
Өңірді көгалдандыруға ерекше назар аударылып отыр. Осы мақсатта бұл күні облыс бойынша шамамен 30 мың көшет отырғызылып жатыр. Соның ішінде Баянауыл ауданында «Жасыл ел» қозғалысының еріктілері Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың қатысуымен 500-ден астам қарағай екті.
Фото: Павлодар облысы ақпарат және қоғамдық даму басқармасыПавлодар қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Мақпал Қаржаубай атап өткендей, шаһардағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі сенбілікке қатысушыларды қажетті құрал-жабдықтармен және қоқыс шығаруға арналған арнайы техникамен қамтамасыз еткен. Ауқымды акцияға қатысушыларға палау, бауырсақ пен ыстық шай ұсынылды.
- «Таза Қазақстан» акциясы аясында бүгін жүздеген қала тұрғыны Жетекші ауылының маңындағы рұқсат етілмеген қоқыс үйіндісін тазалауға атсалысты. Павлодарда 18 сәуір мен 18 мамыр аралығында тазалық пен абаттандыру айлығы жарияланған болатын. Осы іс-шара шеңберінде экологиялық акцияларға қала тұрғындары, мемлекеттік орган өкілдері, бизнес қауымдастығы, қала кәсіпорындары мен бей-жай қарамайтын азаматтар белсенді түрде қатысып жатыр. Науқан басталған сәттен бастап 9 мың тоннадан астам қоқыс шығарылып, жұмысқа 200-ге жуық техника жұмылдырылды, - дейді ол.
Айтып өтейік, кейінгі жылдары облыс орталығының жастары «Таза Қазақстан» акциясына үн қосып, тазалық шараларын үзбей жүргізіп келеді. Ертіс, Усолка өзендерінің жағалауы, «Қазқонақ» табиғи ескертіші маңы, саябақтар мен скверлер, автожолдар мен көпір аумақтары, балалар алаңдары қоқыстан тазартылып, жастар қоршаған ортаның тазалығына бейжай қарамайтынын байқатты.
Фото: Павлодар облысы ақпарат және қоғамдық даму басқармасы- Көп адамдар «Таза Қазақстан» бұл әдеттегі сенбілік өткізу деп ойлайды. Дейтұрғанмен бұл акцияның мәні тереңде, ол біздің замандастарымызды экологиялық тұрғыдан тәрбиелеп, қоршаған орта жайлы білімін жетілдіреді. Өңірлік жастар бастамаларын дамыту орталығы жыл сайын экологиялық десант құрып, қаладағы көпшілік орындарды, үй аулаларын, саябақтарды көшелерді тазалауға шығады. Олар сауда үйлері мен көшелерде жұртшылыққа буклеттер де таратады. Парақшада қоқысты қалайша бөлек жинаудың қарапайым әдістері көрсетілген. Мәселен, пластик бөтелкелерді қайда тастауға болатыны айтылады, - дейді облыстық жастар бастамаларын дамыту орталығының директоры Ризат Рахымжанов.
Ал «Тандем-ПВ» ЖШС-ның жұмысшысы Алексей Скворцов елімізде игі дәстүрлерді жаңғыртуға арналған «Таза Қазақстан» акциясы тұрақты өтіп жатқанына қуанышты. Осындай бірлескен іс-қимылымыздың нәтижесінде қоғам өкілдері айналамызды үнемі мұнтаздай таза етіп ұстай алатыны анық деп санайды ол.
- Бұл біздің қаламыздың экологиясын жақсарта түсуге қосқан үлесіміз деп білемін. Қоғамдық орындардағы жасыл желекті көбейтіп әрі оны өзгелерге насихаттай отырып, біз жастарды табиғатты аялауға және адал еңбектенуге үйретеміз, - деді ол.
Бұған дейін Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» қозғалысына миллиондаған ерікті қосылғанын атап өткен.