Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
Кең тынысты транзит
Кейінгі жылдары ҚТЖ жаңа даму кезеңіне қадам басты. Магистралдар жаңарып, локомотивтер мен вагондар паркі кезең-кезеңімен толықтырылып жатыр. Жаңа теміржол желілері салынып, халықаралық көлік дәліздерінің мүмкіндігі кеңейіп келеді. Ақтау мен Құрық порттарының әлеуеті күшейді. Орта дәліз арқылы өтетін жүк ағыны еселеп артып жатыр.
Биыл алғашқы жартыжылдықта республика ішіндегі тасымал көлемі 82,2 миллион тоннаға жетсе, экспорттық бағыттағы жүк көлемі 45,6 миллион тоннаны құрап, бір жыл ішінде 2,9 миллион тоннаға артты. Бұл көрсеткіштер ішкі нарықтағы өндіріс қарқынының бәсеңдемегенін, отандық өнімнің сыртқы нарықтағы сұранысы жоғары екенін аңғартады. Негізгі жүктердің басым бөлігінде тұрақты өсім сақталған. Мәселен, алты айда 51,3 миллион тонна көмір тасымалданып, оның 35,4 миллион тоннасы ел ішіндегі тұтынушыларға жеткізілсе, 15,9 миллион тоннасы экспортқа жөнелтілген. Бұл көрсеткіштердің екеуі де өткен жылмен салыстырғанда жоғары.
Бүгінде сала ішкі тасымалмен ғана шектелмейді. Елдің географиялық орналасуы Еуропа мен Азия арасындағы ең қысқа құрлық жолдарының бірінде жататындықтан, еліміз халықаралық транзиттің маңызды буынына айналып келеді. Соның жарқын дәлелінің бірі – «Ресей – Қазақстан – Қытай» бағытындағы миллионыншы контейнердің жөнелтілуі. Инфрақұрылымды жаңарту мен теміржол әкімшіліктерінің үйлесімді жұмысының арқасында бұл маршруттағы контейнер тасымалы 2019 жылмен салыстырғанда 27 есе артқан. Егер жеті жыл бұрын небәрі жиырма футтық баламадағы 11 мың контейнер тасымалданса, өткен жылдың қорытындысында бұл көрсеткіш 301 мыңға жетті.
Желілер кеңейіп, жүктеме азайдыТранзиттік әлеуетті күшейтудің тағы бір маңызды бағыты – жаңа теміржол желілерін салу. Қазір Мемлекет басшысының тапсырмасымен бірден бірнеше стратегиялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Олардың қатарында «Мойынты – Қызылжар», «Бақты – Аягөз», «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желілері бар.
Соның ішінде ұзындығы 323 шақырымнан асатын «Мойынты – Қызылжар» теміржолының орны ерекше. Жаңа желі Ұлытау мен Қарағанды облыстары арқылы өтіп, Транскаспий халықаралық көлік бағытының маңызды бөлігіне айналады. Ең бастысы, бұл маршрут пойыздардың жүру қашықтығын 149 шақырымға қысқартпақ. Ал «Бақты – Аягөз» теміржол желісі еліміз бен Қытай арасындағы үшінші теміржол өткелін қалыптастырады. Ұзындығы 303 шақырым болатын жаңа бағыт іске қосылғаннан кейін оның өткізу қабілеті жылына 25 миллион тоннаға дейін жетеді. Еліміздің оңтүстігінде салынып жатқан «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісі өңірдің көлік жүйесіне тың серпін береді. Жоба аяқталған соң Мақтаарал мен Жетісай аудандары республикалық теміржол желісімен тікелей байланысады. Бұл Сарыағаш стансасындағы жүктемені шамамен 40 пайызға азайтып, «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық дәлізінің тиімділігін арттырады.
Заманауи локомотив – сенімді тасымалТеміржолдың тиімділігі локомотивтер мен жылжымалы құрамның техникалық мүмкіндігіне, қауіпсіздігі мен сенімділігіне де тікелей байланысты. Бүгінде ҚТЖ маневрлік және магистралдық локомотивтерді кезең-кезеңімен жаңартып жатыр. Әсіресе маневрлік паркке ерекше көңіл бөліне бастады. Осы мақсатта қытайлық «CRRC» компаниясымен «CKD6S» сериялы 100 тепловоз жеткізу жөнінде келісім жасалды. Оның 67-сі қазірдің өзінде Павлодар, Екібастұз, Астана, Қарағанды, Жаңаарқа, Балқаш өңірлерінде пайдаланылып жатыр. Жаңа техникалар пойыз қозғалысының қауіпсіздігін күшейтеді. «ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС бас директорының локомотив шаруашылығы жөніндегі орынбасары Константин Цой жаңа техниканы әзірлеу барысында теміржолшылардың тәжірибесі мен ұсыныстары толық ескерілгенін айтады.
«CKD6S»-тің басты артықшылығы – қысқартылған базасы. Локомотив ұзындығы 22 метрден 18 метрге дейін қысқарған. Соның арқасында ол кіші радиусты қисықтардан оңай өтеді және бұрын басқа сериялы локомотивтер қажет болған күрделі кірме жолдарда жұмыс істей алады», дейді ол.
Жаңа буын тепловоздары тек техникалық сипаттамасымен емес, машинистердің еңбек жағдайын жақсартуымен де ерекше. Олар қауіпсіздікті бақылайтын заманауи жүйелермен жабдықталған. Кабинада ауа баптағыш, тоңазытқыш, тағам жылытуға арналған құрылғылар орнатылған. Бұл ұзақ сапар кезінде локомотив бригадаларының жайлы жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
Теміржол саласының дамуына елеулі үлес қосқан қызметкерлер марапатталды
Компания магистралдық локомотивтерді жаңартуды да қатар жүргізіп келеді. Астанадағы «Alstom« зауытында шығарылған KZ8A сериялы екі жүзге 200-ге жуық электровоз бүгінде «Астана – Арыс – Алматы» бағытында ауыр жүк пойыздарын тартып жүр. Ал «Wabtec» кәсіпорны өндірген «ТЭ33А» сериялы 551 магистралдық тепловоз елдің шығыс пен батыс өңірлеріндегі негізгі бағыттарға қызмет көрсетеді. Локомотивтерді сатып алу – жұмыстың бір ғана бөлігі. ҚТЖ олардың ұзақмерзімді әрі үздіксіз жұмыс істеуі үшін сервистік инфрақұрылымды қатар дамытып келеді.
Каспий қақпасының қуаты артып келеді«Біз жаңа локомотивтерді сатып алып қана қоймай, оларға қызмет көрсету жүйесін де қатар қалыптастырып жатырмыз. Техниканы жеткізумен бірге сервистік инфрақұрылым дамиды, персонал оқытылады, қосалқы бөлшектер қоры жасақталады. Мұның бәрі локомотивтердің бүкіл пайдалану кезеңінде сенімді жұмыс істеуін қамтамасыз етеді», дейді К.Цой.
Құрлықтағы тасымал теңіз логистикасымен ұштасқанда ғана халықаралық көлік дәліздерінің тиімділігі артады. Сондықтан ҚТЖ Ақтау мен Құрық порттарын жаңғыртуға ерекше мән беріп келеді. Ақтау портында жылына 140 мың жиырма футтық баламадағы контейнерді өңдеуге арналған заманауи контейнерлік хаб салынды. Болашақта оның қуаты 240 мың контейнерге дейін ұлғайтылады. Сонымен қатар биыл порт акваториясын тереңдетудің алғашқы кезеңі аяқталып, алдағы жылы айлақ инфрақұрылымы кеңейтіледі. Қазір «Ақтау – Баку» бағытында жеті кеме тұрақты жүрсе, 2028 жылға қарай олардың саны он беске дейін көбеймек. Ол үшін алты жаңа әмбебап контейнер тасымалдаушы кеме салынып жатыр.
Құрық портының әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыс та кезең-кезеңімен жүзеге асып жатыр. Акваторияның тереңдігі 8 метрге жеткізіліп, порттың өткізу қабілеті артты. Тиімділікті арттырған тағы бір жаңалық – №1 және №2 айлақтардағы көтергіш өткелдердің жаңғыртылуы.
ҚТЖ алдағы жылдары «Құрық – Баку» бағытындағы паром флотын да кеңейтуді көздеп отыр. Жоспарға сәйкес 2030 жылға қарай паромдар саны 17-ге дейін ұлғаяды.
Қауіпсіздік – басты қағидаСапарға шыққан жолаушының жайлылығы мен қауіпсіздігі де – саланың даму деңгейін айқындайтын маңызды көрсеткіштердің бірі. Жылжымалы құрамды жаңарту жұмысы мемлекеттік қолдаудың арқасында жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Егер 2023 жылы ұлттық тасымалдаушы 94 жаңа вагон алса, 2024 жылы олардың саны 118-ге жетті. Ал өткен жылы парк тағы 170 жаңа вагонмен толықты. 2030 жылға дейін ұлттық тасымалдаушының вагон паркі толық жаңарады.
Жолаушылар тарапынан сұранысқа ие болған қызметтердің бірі – әйелдер вагондары. Биыл 2 қыркүйектен бастап №81/82 «Нұрлы жол – Орал» бағытындағы пойыздың құрамына да әйелдер вагоны енгізіледі. Соның нәтижесінде мұндай қызмет көрсетілетін бағыттардың саны 13-ке жетеді.
Елде ауқымды бағдарлама аясында 121 нысан қайта жаңартылып жатыр. Оның ішінде 113 вокзал ғимараты мен жолаушылар платформасы, жеке платформалар мен конкорс өткелдері бар. Бүгінде 70-ке жуық нысанда құрылыс-монтаж жұмысы аяқталған.
Шығыс Қазақстанда жаңғыртудан өткен алғашқы теміржол вокзалдары пайдалануға берілді
Теміржолдағы қауіпсіздік – үздіксіз жүргізілетін жұмыс. «ҚТЖ» ҰК» АҚ Қозғалыс қауіпсіздігі департаментінің директоры Руслан Дәулетов бұл бағыттағы бастамалардың түпкі мақсаты қоғамда қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру екенін айтады.
«Біздің басты міндетіміз – оқыс оқиғалардың алдын алу. Теміржолдағы қауіпсіздік – тек теміржолшылардың емес, әрбір азаматтың жауапкершілігі. Қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтау арқылы адам өмірін сақтап қалуға болады. Алдағы уақытта да түсіндіру іс-шараларын, бірлескен рейдтер мен профилактикалық акцияларды жалғастыра береміз», дейді ол.