Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
Олжас Бектенов ел Президенті еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін нығайтудың кілті саналатын теміржол саласы мен инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өтті.
«Мемлекет басшысы еліміздің теміржол желілерін барынша дамыту айрықша маңызды міндет екенін айтты. Жаңа теміржол желілерін салу, вагондар мен локомотив паркін жаңарту, қолданыстағы жолдарды жаңарту, вокзалдарды реконструкциялау бағытында ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Президенттің тікелей тапсырмасында биыл бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобаны аяқтау жоспарланып отыр», дейді Үкімет басшысы.
Биыл аяқталатын жобалар қатарында «Дарбаза – Мақтаарал», «Мойынты – Қызылжар» жолдары бар. Премьер-министрдің тапсырмасы аясында аталған желілерде қозғалыс қараша айында іске қосылады. Бұл транзиттік тасымал көлемін биыл 55 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Үкімет жүзеге асырылып жатқан жобалармен ғана шектелмей, теміржол инфрақұрылымын дамытудың келесі кезеңін дайындауға кіріседі. Көлік министрлігі, «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстан темір жолы» компаниясы келешегі зор инфрақұрылымдық барлық жобада қаржыландыру көздерін айқындай отырып, техникалық құжаттама әзірлеуге тиіс.
Сондай-ақ мемлекетаралық өткізу пункттері тораптарын кеңейту экспорттық, транзиттік бағыттағы жүк тасымалын арттырады. Осыған байланысты Үкімет басшысы көршілес елдердің теміржол әкімшіліктерімен бірлескен шешімдер әзірлеуде тұрақты жұмыс жүргізуді тапсырды.
Сонымен қатар теміржол вокзалдарын жаңарту мен реконструкциялау жұмысын уақтылы аяқтау мәселесі қаралды. Премьер-министрдің тапсырмасында әкімдер нысандарды жаңғырту барысын әр апта сайын тікелей өздері бақылап, бекітілген кесте мен жұмыс сапасын қамтамасыз етуі керек.
Туындаған мәселелер бірден шешімін табуға тиіс. Қайта жаңартылған 30 вокзал 1 шілдеге қарай алғашқы жолаушыларды қабылдауын қамтамасыз етіп, Астана, Алматы және Түркістанның тарихи вокзалдарындағы реставрациялаудан басқа, қалған вокзалдарда жұмысты 1 қазанға қарай аяқтау жоспарланып отыр.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, кейінгі 5 жылда вагон паркін жаңартуға бағытталған бағдарламалар аясында салаға тартылған инвестиция көлемі айтарлықтай артқан. Соның нәтижесінде әлемдік теміржол техникасы нарығындағы жетекші компаниялар елімізде өндіріс орындарын аша бастады.
«Отандық машина жасау саласының басым бағыттарының бірі – теміржол машина жасау секторы. Бүгінде сектордың машина жасаудағы үлесі 13%-ды құрап отыр. Салада 60 кәсіпорын жұмыс істейді, онда 8 мыңнан астам адам еңбек етеді. Өткен жылдың қорытындысында өндіріс көлемі 22,5%-ға өсіп, 734 млрд теңгеге жетті. Жалпы, кейінгі бес жылда вагон паркін жаңартуға бағытталған бағдарламаларды іске асыру нәтижесінде салада инвестицияның өсуі байқалады. Соның нәтижесінде «Wabtec», «Alstom» және «Stadler» секілді жетекші әлемдік компаниялар елімізде де өз өндірістерін орналастырып жатыр. Өнімнің жекелеген түрлерінде локализация деңгейі 35–40%-ға жетті», деді министр.
Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»
Кеңесте жылжымалы құрамды жаңарту мәселесіне де ерекше назар аударылды. «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Талғат Алдыбергеновтің айтуынша, жүргізілген жаңарту жұмысы локомотив тапшылығын жоюға әрі жолаушылар вагондары паркінің тозу деңгейін төмендетуге мүмкіндік берген. Кейінгі үш жылда 433 локомотив сатып алынған. Соның нәтижесінде еліміздегі сүйреу құрам тапшылығы мәселесі толық шешіліп, магистралдық локомотивтердің орташа тозуы 66 пайыздан 58 пайызға дейін төмендеген. Ал жолаушылар секторында бес жыл ішінде вагондардың тозу деңгейі 46 пайыздан 36 пайызға дейін қысқарған.
«Біз жылжымалы құрамды кезең-кезеңімен жаңартуды жалғастырып келеміз. 2030 жылға дейін тағы 754 локомотив сатып алу жоспарланған, олардың қатарына жүк, жолаушы және маневрлік локомотивтер кіреді. Қызмет ету мерзімінің аяқталуына байланысты істен шығатын құрамды ескере отырып, шамамен 20 мың жаңа жүк вагоны сатып алынады. Сонымен қатар алдағы жылдары 746 жолаушылар вагонын жеткізу жоспарланып отыр. Қабылданып жатқан барлық шара теміржол тасымалдарының қауіпсіздігі мен сенімділігін түбегейлі арттыруға мүмкіндік береді», деді басқарма төрағасы.
Кеңес қорытындысында Премьер-министр Олжас Бектенов мемлекеттік органдар мен жауапты ұйымдарға бірқатар нақты міндет жүктеді. Ең алдымен теміржол инфрақұрылымын дамыту мен вагон, локомотив паркін жаңарту жалғасады. Үкімет басшысы халықаралық жүк ағындарын ел аумағына тарту үшін терминал желісін кеңейтудің маңызын атап өтті. Осыған байланысты Көлік министрлігі мен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына 2027 жылғы 1 шілдеге дейін Астана қаласында, сондай-ақ Әзербайжандағы Алят, Беларусьтегі Свислочь және Ресейдегі Селятино қалаларында салынып жатқан терминалдарды іске қосуды аяқтау тапсырылды. Сонымен қатар Будапешт, Чэнду және Констанца қалаларындағы жаңа терминал жобаларын жүзеге асыру басталуға тиіс.
Премьер-министр жолаушылардан вагондардың жай-күйіне қатысты түсіп жатқан шағымдарға да назар аударды. Осыған орай Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне «Қазақстан темір жолы» компаниясымен және «Stadler» компаниясымен бірлесіп, қауіпсіздік талаптарын толық сақтай отырып, жаңа жолаушылар вагондарын қысқа мерзімде жеткізуді қамтамасыз ету міндеттелді. Жыл соңына дейін теміржол саласына 215 жаңа локомотив пен шамамен 1,5 мың жүк және жолаушылар вагоны жеткізіледі. Бұдан бөлек, 1 қыркүйекке дейін отандық кәсіпорындарда өндірілетін 13 мың жүк вагоны мен 500 жолаушылар вагонын сатып алуды көздейтін бесжылдық бағдарлама бекітіледі.
Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев теміржол саласының ел экономикасындағы маңызына тоқталды. Оның айтуынша, бүгінде еліміздегі жалпы жүк айналымының 57 пайызы теміржол көлігі арқылы жүзеге асады. Сонымен қатар сала көлік кешенінің жалпы өнімінің үштен бірін қамтамасыз етіп отыр. Министрдің мәліметінше, қазір жүк вагондары нарығы толықтай бәсекелестік ортада жұмыс істейді. Елдегі вагон паркінде шамамен 147 мың вагон бар, олардың басым бөлігі жеке операторлардың иелігінде.
«Инфрақұрылымды одан әрі дамыту өнеркәсіптің өсуіне, экспорт көлемінің ұлғаюына әрі мемлекеттің транзиттік әлеуетінің нығаюына тікелей әсер етеді. Теміржол саласында біз үш негізгі бағытты бөліп қарастырамыз, олар – локомотивтер паркі, вагондар паркі және магистралдық желі. Мұндағы жұмыс кезең-кезеңмен жүргізіліп жатыр, ал басты мақсат – өткізу қабілетін арттыру және тасымалдауға болашақ сұранысты қамтамасыз ету. 2014–2019 жылдар аралығында сүйрегіш жылжымалы құрамды сатып алу көлемінің төмен болуына байланысты локомотив тапшылығы қалыптасқан. Бұл мәселені шешу мақсатында кейінгі жылдары ауқымды жаңарту бағдарламасы қолға алынған. Бүгінде отандық өндірістің жаңа локомотивтерін пайдалануға беру жалғасып жатыр. Үдеріс 2028 жылға дейін кезең-кезеңімен жүзеге асады. Қазір жаңартылған парк тасымалдау саласының сұранысын толық қамтамасыз етіп отыр», деп атап өтті министр.
Кеңесте теміржол саласын цифрландыру мәселесіне де ерекше назар аударылды. Бүгінде әлемнің жетекші елдері жасанды интеллект мүмкіндіктерін пойыз қозғалысын жоспарлауға, тасымал тиімділігін арттыруға әрі кідірістерді азайтуға кеңінен қолданып келеді. Осыған байланысты Көлік министрлігіне «Қазақстан темір жолы» компаниясымен бірлесіп, жыл соңына дейін көлік-логистика тізбегін нақты уақыт режімінде басқаруға мүмкіндік беретін бірыңғай цифрлық деректер базасын құру жөнінде шаралар қабылдау тапсырылды.
Сондай-ақ министрлікке теміржол көлігіндегі қызмет сапасын жақсарту, транзиттік тасымал көлемін ұлғайту және экспорттық жүк ағындарын арттыру бағытындағы жұмысты күшейту жүктелді. Үкімет басшысы салаға қатысты барлық шешім ел экономикасының ұзақмерзімді сұранысын ескере отырып қабылдануы қажет екенін айтты.