Aikyn.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..
Қоғам мәселелерімен қатар, еліміздің ұзақмерзімді дамуына тікелей әсер ететін нақты міндеттерді жүктеді. Оның ішінде Құрылтайдың Қызылордада өткізілуінің маңызына айрықша тоқталып, өңірдің ел тарихындағы орны мен нақты нәтижелер аймағы ретінде бағаланатынын атап өтті.
Өз кезегінде Қызылорда халқы, оның ішінде Арал өңірі тұрғындары құрылтайдан теңіз тағдырына қатысты оң өзгерістер күткені жасырын емес. Келелі кеңесте Президентіміз де теңіз мәселесін айналып өтпеді. Бұл ретте Мемлекет басшысы: «Қызылордаға келіп тұрып, Арал мәселесіне тоқталмай кету мүмкін емес. Аралды құтқару – барша адамзат үшін әлі де өте өзекті міндет. Мен бұл мәселе туралы халыққа Жолдауымда айттым. Жылдар бойы жүргізілген жұмыстың арқасында Солтүстік Аралды құтқарып қалдық. Қашқан теңіз қайтып, Кіші Аралдың қалпына келе бастағанына біраз жыл болды», – деген болатын.
Сонымен қатар Президент Көкарал бөгетіне қатысты жайтты да айтты: «Қазір Көкарал бөгетін биіктету шаралары қолға алынып жатыр. Жоба осы жылдың соңында басталады. Кіші Арал суының көлемін айтарлықтай көбейтуге мүмкіндік болады.
Бірақ бұл тек біздің қолымызда тұрған мәселе емес. Қазақстандағы ірі өзендердің көбі бастауын көрші мемлекеттерден алады. Дарияның басында тұрған елдердің су саласындағы саясатына байланысты Сырдың суы теңізге әр кезде әртүрлі көлемде жетеді. Демек, көп түйткілдің шешімі су саласындағы шебер дипломатияға байланысты. Қазір Орталық Азия елдерінің бәрімен су ресурстарын бірлесе пайдалану туралы келісімдер жасалды. Түптеп келгенде, Арал ғана емес, Каспийдің, Балқаштың, Ертістің тағдырын шешу үшін көршілермен мәмілеге келіп, келісімдерге қол қоюымыз қажет», – деп шегелеп өткен болатын.
Негізінен, Арал өңірінің экологиялық ахуалы әлемдік мәселеге айналып тұрғаны хақ. Бұған дейін де теңіз түйткілін түбегейлі шешу мақсатында бірқатар халықаралық шаралар қолға алынғанымен, әлі де толғақты мәселе тақырыбынан түсер емес. Ел ішінде экологиялық дағдарыс салдарынан Арал халқының денсаулығы сыр беріп, аурушаңдық белгілері ұлғая түскені жиі айтылып жүр. Теңізді қайта қалпына келтіру мақсатында Аралды құтқару қоры құрылып, қор жұмысын үш жыл сайын Орталық Азия елдері үйлестіретін болып келісілгені де мәлім. Дейтұрғанмен, гидрологиялық жүйенің теңсіздігінен 60 жылдан астам уақыт бойына Арал тағдырынан қатысты мәселеге нүкте қойылмай тұр.
Бұл тұрғыда «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясы тарапынан «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» (САРАТС) жобасын жүзеге асыруға Дүниежүзілік банк тарапынан 64 млн АҚШ доллары бөлініп, ауқымды жұмыстар жүргізілгенін мәлімдейді. Нәтижесінде, Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалумен бірге, өңірдің экологиялық және экономикалық жағдайы едәуір жақсартуға негіз қаланғаны айтылады.
«Солтүстік Арал теңізі аумағын ұлғайтудың нұсқалары (бірдеңгейлі, екідеңгейлі) бойынша келіспеушілікке байланысты жоба жұмыстары бүгінге дейін созылып келді. Мемлекет басшысының 2019 жылғы облысқа жасаған жұмыс сапары аясында «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Солтүстік Арал теңізін сақтап қалу» жобасының екінші кезеңін іске асыруды тапсырған болатын. Дүниежүзілік банк тарапынан бөлінген 1,5 млн АҚШ доллары қайтарымсыз гранты есебінен 2020 жылдан бастап «Өңірлік дамыту және Арал теңізінің солтүстік бөлігін қалпына келтіру» жобасының техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу жұмыстары басталды», – деп мәлімдейді инспекция.
Былтыр Арал өңірінің халқы да теңізді қалпына келтіруге бағытталған жобаға өз үнін қосты. Соның негізінде халық тарапынан бірдеңгейлі нұсқаға қолдау танытқандар қарасы бой көрсетті. Соған орай 2025 жылдың басында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің қатысуымен осы жобаны жан-жақты талқылау мақсатында облыс халқымен арнайы кездесулер өткізілгені мәлім.
Жобаны талқылау барысында Арал ауданының тұрғындары тарапынан бірдеңгейлі нұсқаға қолдау білдірген. Бұл бірдеңгейлі нұсқа бойынша Көкарал бөгетін балтық жүйесі бойынша 48 метрге дейін емес, 44 метрге дейін биіктету мәселесі бойынша шешім қабылданған. Осы арқылы сулылықтың болжамын ескере отырып, ТЭН жобасында негізгі нұсқа ретінде Көкарал бөгетін барынша биіктету жолымен бірдеңгейлі су айдынын құру, яғни қолданыстағы Көкарал бөгетін балтық жүйесі 42 метрден 44 метрге (2 метр) биіктету қарастырылады.
Жалпы, кейінгі кездері теңіздің күйі қаша бастағаны жайында ақпарат ел ішінде желдей есіп тұр. Бұған қоса, Сырдария өзенінің мүшкіл халі, әсіресе вегетация кезеңіндегі жағдайы көп жылдан бері көпті толғандырып келеді.
«2022 жылдың қазан айында Кіші Арал теңізінің су көлемі 18,5 млрд текше метрге азайған болатын. Қазір су деңгейінің көлемі 22,8 млрд текше метрге дейін ұлғайды. Ал 2025 жылдың маусым, шілде, тамыз айларында Арал теңізіне орташа есеппен түскен су секундына 15 текше метр болды. Негізінен, теңізге 2024 жылы 2,6 млрд текше метр су түссе, 2025 жылдың 1 қаңтарынан 2026 жылдың 1 қаңтарына дейін Кіші Арал теңізіне түскен су көлемі 1,8 млрд текше метр құрады. Ал былтырдан 821 млн текше метр су аз түскені нақтыланды», – дейді Арал аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөліміндегілер.
«Тұран ойпаты-Арал теңізі» қоғамдық бірлестігі Арал өңіріндегі теңіз мәселесін ұдайы қаузап жүрген ұйым саналады. Бірлестік тарапынан тартылған теңіз тағдырына алаңдаушылық танытып, түрлі басқосу ұйымдастырылып тұрады. Соның негізінде Арал проблемасын еңсерудің тиімді тетіктерін талдап, әрдайым құзырлы орындарға жеткізіп келеді.
Жыл басында Қызылордадағы Құрылтайда көтерілген теңіз мәселесіне қатысты тұжырым тұрандықтарды да бейжай қалдырмады. Бұл жайында бірлестіктің атқарушы директоры өзіндік үн қосты.
Негізінен, БҰҰ аясында үлкен су хабын құруға қол жеткізе алсақ, Арал теңізін қоректендіріп тұрған жалғыз артерия-Сырдария суынан тиесілі лимитімізді түгел алуымыз мүмкін. Сондай-ақ Астана саммитіне де артар үмітіміз зор. Аралды құтқару қорына бұрынғыша Қырғызстан мемлекеті де мүше болса, мемлекеттер су мәселелерін бірлесе шешер еді. Президенттің «Қазір Көкарал бөгетін биіктету шаралары қолға алынып жатыр. Жоба осы жылдың соңында басталады. Кіші Аралдың суының көлемін айтарлықтай көбейтуге мүмкіндік болады. Бірақ бұл тек біздің қолымызда тұрған мәселе емес», – деп бөгет құрылысының тезірек басталуына да алаңдаушылық білдіріп, мәселенің су саласындағы шебер дипломатияға байланысты екенін атап өтуінде үлкен мән бар. Ендігі кезекте Президент көтерген Арал мәселесін тиісті жауапты органдар іске асыруға тиіс. Бұл тұрғыда тек Сыр суына ғана тәуелді болмай, Солтүстік өңір сулары мен атмосфералық ылғалға да назар аударған жөн болар еді. Су стратегиясын қатаң бақылау – бүгінгі күннің өте өзекті мәселесі.
Негізінен, мәліметке сәйкес, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Солтүстік Аралды қалпына келтірудің екінші кезеңін жүзеге асыру жобасы аясында Көкарал бөгеті қайта жаңғыртылатыны айқын. Бұл теңіз деңгейін жоспарлы межеге жеткізуге мүмкіндікті арттырады деген болжам бар. Яғни, бөгетті биіктету арқылы теңіз ауданын ұлғайту көзделуде. Соған орай Көкарал бөгетін биіктету жобасы осы жылдың соңында бастау алады деп жоспарланып отыр.
Жалпы, бүгінде құрғаған теңіз ұлтанын тіршілік нәріне толтыру барша адамзат тағдыры үшін маңызды міндет болып тұр. Сондықтан да Құрылтайда көтерілген маңызды міндеттер межеге сай жүргізілсе, өңірдің экологиялық ахуалы мен халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуына жол ашары сөзсіз.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы