Тоқаев Қазақстандағы стратегиялық көлік жобаларының іске асырылу барысы туралы айтты

08.10.2026

Qazaq24.com, Zakon.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..

Мемлекет басшысы өңір елдерінің шекара маңында құрылған сауда-логистика кешендері мен өнеркәсіп кооперациясы орталықтары ынтымақтастыққа мол мүмкіндік ашатынын атап өтті.

"Қосылған құнның өңірлік тізбегін құру үшін жақын арада оларды бір-бірімен байланыстыру қажет. Жалпы, елдерімізде инвестиция, энергетика, өндіріс салалары мен басқа да стратегиялық бағыттарда өзара ықпалдастыққа жағдай жасалған", – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан көлік инфрақұрылымын дәйекті түрде дамытып келеді. Бұл өңірлік байланыстарды кеңейтуге мүмкіндік береді.

"Мойынты – Қызылжар және Дарбаза – Мақтаарал теміржол желілерінің құрылысы аяқталуға таяу. Келесі жылы Бақты – Аягөз бағыты ашылады. Бұл – өте маңызды, тіпті стратегиялық сипаты бар бағдарлар. Қытайды Каспий теңізімен және Еуропа нарығымен байланыстыратын Арал – Каспий магистралінің құрылысы басталды", – деді Мемлекет басшысы.

Президент Қазақстанның көлік инфрақұрылымын ауқымды жаңғырту тұтас аймақтың транзиттік рөлін күшейтетініне сенім білдірді.

"Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамытуға баса мән беріледі. Соңғы жылдардың динамикасы Орта дәлізге сұраныстың артып келе жатқанын көрсетеді. Ресеймен ынтымақтастық тұрғысынан Солтүстік – Оңтүстік бағыты да Қазақстан үшін өзекті", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью