Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
Ілгеріде мақта өндірісін дамытуға қажетті деңгейде мән берілмеуі салдарынан өңдейтін өндіріс ошақтары қалыптаспағаны, «ақ алтын» өсіретін бірден-бір өңір – Түркістан облысындағы өзекті мәселелерді сараптап, газетімізге «Тоқыма өнеркәсібі тоқыраудан қашан шығады?» тақырыбында мақала жазған едік.
Сол сараптамада зауыттардың дені тек мақта талшығын өңдеп сатумен ғана айналысатыны туралы жазылған болатын.
«Egemen Qazaqstan» газетінде жарық көрген мақаламызда жиналған мақтаны өңдеп, жіпке, матаға айналдырып, одан киім-кешек өндіретін деңгейге жете алмай отырғанымыздың себебін сараптадық, мамандардың пікір-ұсыныстарын келтірдік.
Көршілес Өзбекстан бұл жағынан бізден көш ілгері екенін, олардың халықаралық нарыққа көп жалтақтамайтынын жеткіздік.
Арада біраз уақыт өткенде бұл бағытта оң өзгерістер байқала бастады. Соның бір көрінісі – жаңа өндіріс орындарының ашылуы.
Жуырда Отырар ауданына қарасты Қарақоңыр ауылдық округінде орналасқан «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің заманауи мақта өңдеу зауыты пайдалануға беріліп, 279 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.
Яғни тоқыма өнеркәсібі тоқыраудан шыға бастады десек, қателеспеспіз.