Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..
Алдымен АҚШ-тың Инглвуд қаласындағы «Соу-Фай» стадионында өткен тартыста Испания құрамасы Бельгия футболшыларын 2:1 есебімен ығыстырып, жартылай финалға шықты. 70 мың көрерменді еркін сыйдыратын стадионда ине шаншар орын болмады. Фабиан Руистің 30-минутта соққан голынан кейін алға ұзаған испандықтар басымдықты уыстан шығармады. Бірінші таймның 41-минутында Бельгия құрамасының шабуылшысы Шарль Де Кетеларе таразы басын теңестірген. Алаңға 86-минутта шыққан Испания құрамасының жартылай қорғаушысы Микель Мерино араға екі минут салып жеңіс голын соқты. Бельгия құрамасының шабуылшысы Тибо Куртуаның жарақаты сыр беріп, 71-минутта алаңнан кетуі де командаластарына айтарлықтай соққы болды. Даңқты қақпашыны алмастырған Сенне Ламменс барын салғанымен ұжымды жеңілістен құтқара алмады. Испания құрамасы жартылай финалда Франция футболшыларына қарсы ойнайды.
Ширек финалдың кезекті тартысы Канзас-Ситидегі (АҚШ) «Эрроухед» стадионында өтті. 2022 жылы Қатарда өткен әлем чемпионатында кубок олжалап, жаһан үздігі атанған Аргентина құрамасы Швейцария футболшыларын экстра таймда жеңді. Матчтың 10-минутында Лионель Мессидің бұрыштамадан әуелетіп жеткізген пасын Алексис Мак Аллистер баспен дәл бағыттап есеп ашты. Швейцария футболшыларын шеңгелдеп ұстап, басымдықты уыстан шығармаған аргентиналықтардың қорғанысы 67-минутта сыр берді. Швейцария құрамасы ұрымтал сәтті мүлт жібермеді. Сол қапталдан шабуылды өрбіткен Дан Ндой командаласы Рикардо Родиригеске пас беріп, өзі қарсыластың айып алаңына өтіп алды. Рикардо да ала допты жер бауырлата Ндойдың алдына жеткізді. Әлем чемпионы атағына ие аргентиналық қақпашы Эмилиано Мартинес еш қайран көрсете алмады. Бұл ойынға португалиялық Жоау Педру Пиньейру қазылық етті. 44-минутта ескерту алған Швейцария құрамасының шабуылшысы Брил Эмболо 71-минутта алаңнан қуылды. Бір ойыншысы кем швейцариялықтар негізгі уақытта тең нәтижені сақтап қалған. Экстра таймда Лаутаро Мартинес 98-минутта екінші голды соқса, Хосе Лопес 114-минутта үшінші голды соғып, командасын жартылай финалға шығарды.
Майамидегі (АҚШ) «Хард Рок» стадионындағы Норвегия мен Англия тартысы 1:2 есебімен ағылшындардың пайдасына шешілді. 36-минутта Андреас Шельдеруптің соққан голы Норвегия құрамасын алға шығарған. Франциялық төреші Клеман Тюрпен бірінші таймға қосқан қосымша уақытта Англия құрамасының жартылай қорғаушысы Джуд Беллингем есепті теңестірді. Жеңіс голын да осы Беллингем соқты. Экстра таймның 93-минутында дубль авторы атанып, Англия құрамасы мундиальдің жартылай финалына шықты. Енді олар финалға шығар жолда Аргентина футболшыларымен тартысқа түседі.