Aikyn.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
АҚШ президенті Дональд Трамп 14–15 мамыр күндері Бейжіңге барып, Қытай басшысы Си Цзиньпин келіссөздер өткізді. Сапар барысында тараптар сауда, Тайвань мәселесі, Ирандағы жағдай және технологиялық бәсекелестік тақырыптарын талқылады. Кездесу екі ел арасындағы қатынасты тұрақтандыруға бағытталған маңызды дипломатиялық қадам ретінде бағаланды.
Reuters агенттігінің жазуынша, келіссөздерден кейін нақты ірі келісімдер жарияланбаған. Дегенмен тараптар сауда қатынастарын тұрақтандыруға және кейбір тарифтік шиеленістерді азайтуға келіскен. Сонымен қатар АҚШ пен Қытай инвестиция және сауда бойынша арнайы үйлестіру алаңдарын құру мәселесін талқылаған.
The Washington Post басылымының мәліметінше, бұл кездесуде Қытай тарапы әсіресе Тайвань мәселесіне назар аударған. Си Цзиньпин АҚШ пен Қытай арасындағы қатынас дұрыс басқарылмаса, аймақта үлкен шиеленіс болуы мүмкін екенін ескерткен. Ал Трамп Тайваньға қару жеткізу мәселесіне қатысты нақты шешім қабылдамағанын айтқан.
Bloomberg басылымы келіссөздердің басты бағыттарының бірі экономика болғанын жазды. Трамп Бейжіңге америкалық ірі компания басшыларын ертіп барған. Кездесулер барысында Қытай америкалық бизнес үшін нарықты кеңірек ашуға дайын екенін білдірген. Әсіресе энергетика, жасанды интеллект және жоғары технология салаларындағы ынтымақтастық мәселелері көтерілген.
Reuters мәліметіне сәйкес, Трамп Қытайдан Иран мәселесінде қолдау күтті. Алайда сарапшылар Бейжің Вашингтонның барлық талабын толық қолдауға дайын емес екенін атап өтті. Қытай Таяу Шығыстағы тұрақсыздықтың ұлғаюына қарсы болғанымен, Иранмен байланысын әлсіретуге асықпай отыр.
Сарапшылардың пікірінше, Бейжіңдегі саммит екі ел арасындағы терең қайшылықтарды толық шешкен жоқ. Соған қарамастан АҚШ пен Қытай басшылары диалогты жалғастыруға және қарым-қатынасты бақылаудан шығармауға мүдделі екенін көрсетті