Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әділетті Қазақстанды құру, Заң мен тәртіп қағидатын орнықтыру, адам құқығын жан-жақты қорғау жөніндегі стратегиялық бағытына сәйкес құқықтық және сот салаларында өзара іс-қимылды дамыту жүйелі жүзеге асырылып келеді. Еліміз Таяу Шығыстағы маңызды серіктесінің бірі – БАӘ-мен ынтымақтастықты одан әрі нығайтып, екі ел арасындағы стратегиялық әріптестік экономикалық, инвестициялық және құқықтық бағыттарда белсенді дамып жатыр.
Кездесу барысында БАӘ өкілдеріне еліміздегі прокуратура органдарының негізгі міндеттері, қызметінің басым бағыттары мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету саласындағы атқарылып жатқан жұмысы таныстырылды.
Тараптар екіжақты ынтымақтастықты күшейту аясында заң үстемдігін қамтамасыз ету, адам құқығын қорғау, сондай-ақ қылмыстық істер бойынша іздеуде жүрген адамдарды беру мәселелерін талқылады. Бұл – қылмыстық жауаптылықтың бұлтартпастығын қамтамасыз етудің және екі ел азаматтарының заңды мүддесін қорғаудың маңызды тетігі саналады.
Бұдан бөлек, шетелдік әріптестерге Бас прокуратураның цифрлық трансформациясының деңгейі мен оның негізгі нәтижелері таныстырылды. Оның көмегімен прокуратура органдары цифрлық есепке алудан құқық бұзушылық тәуекелдерін алдын ала болжау, талдау мен олардың алдын алу құралдарына көшті.
– Бүгінде қылмыстық істердің 94%-ы арызды тіркеуден бастап сот үкімін орындауға дейін электрондық форматта жүргізіледі. Іс жүзінде сот төрелігі толықтай цифрлық жүйеге көшіріліп жатыр. Сонымен қатар әкімшілік іс жүргізу, бизнесті қорғау, азаматтардың өтініштерін қарау мен басқа да бағыттар толық цифрландырылған, – деді қадағалау органының басшысы.
Мәселен, қазіргі уақытта мемлекеттік органдардың 300-ден астам ақпараттық базасымен интеграцияланған 7 ведомствоаралық IT-жүйе жұмыс істейді. Қазақтелекоммен бірлесе республикада алаяқтардың қоңырауларын анықтап, тоқтатуға бағытталған Антиколл-орталық іске қосылды. Бір жыл ішінде оның көмегімен 1 миллионнан астам күмәнді қоңырау бұғатталды. Қабылданған шаралар қылмыс деңгейін төмендетуге оң ықпал етіп жатыр.
Бас прокуратураның цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын енгізу бағытындағы тәжірибесі шетелдік әріптестер тарапынан жоғары бағаланды. Кездесу екі елдің құқық қорғау және сот органдары арасындағы өзара сенімнің жоғары деңгейін көрсетті.
Қол жеткізілген уағдаластықтар Қазақстан мен БАӘ азаматтарының мүддесі үшін трансшекаралық сот төрелігі тетіктерін одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді.
Айта кету керек, кейінгі үш жыл ішінде БАӘ Қазақстанға іздеуде жүрген 15 адамды тапсырды. Осылайша, қылмыскерлерді беру, қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету мен инвесторлардың құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жалғасып келеді.
– Қазіргі заманда қылмыскер үшін қауіпсіз орын жоқ. Қазақстан барлық халықаралық серіктестерімен заң үстемдігі мен адам құқығын қорғау қағидаттары негізінде өзара іс-қимыл орнатып жатыр. Прокуратура органдары халықаралық деңгейде еліміздің мүддесін қорғау және ел ішінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты күшейтті, – деді Б.Асылов.