Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..
Театрдың 92-маусымын қорытындылаған айтулы жоба өнерді тек сахнадан ғана емес, оның ішкі болмысымен бірге танытуды мақсат етті. Театрға келген әрбір қонақ өзін жай ғана көрермен емес, шығармашылық ұжымның бір күндік серігі ретінде сезінді.
Жобаның екінші күні театр ішінде жалғасты. Бес жүзден астам адам ғасырлық тарихты бойына жинаған қасиетті өнер ордасының ішкі кеңістігін аралап, тарихи залдарды, репетиция бөлмелерін, гримдеу орындарын, сахна сыртындағы қызу тіршілікті өз көзімен көрді. Әдетте көрермен назарына ұсынылмайтын бұл кеңістіктер театр өнерінің қандай қажырлы еңбекпен дүниеге келетінін айқын аңғартты.
Сахна сыртында бәрі өзгеше. Бір бұрышта әнші дауысын баптап жатса, енді бір жерде балет әртістері қимылдарын қайталайды. Музыканттар аспап үнін үйлестіріп, жарық қоюшы мен декорация жасаушылар әр қойылымның мінсіз шығуына атсалысады. Осындай сәттерді тамашалаған көрермен театрдың әр спектаклі жүздеген адамның ортақ еңбегінен туатын тұтас өнер туындысы екенін терең сезінді.
Кештің шырайын театр декорациялары арасында ұйымдастырылған камералық концерт аша түсті. Сахналық кеңістіктің өзінде өткен музыкалық кеш көрерменге академиялық өнерді бұрынғыдан әлдеқайда жақын қабылдауға мүмкіндік берді. Бұл жолы өнер мен көрерменнің арасын бөліп тұратын дәстүрлі шекара жойылып, музыка барынша табиғи, барынша шынайы естілді.
Екі күндік мәдени жобаға театрдың жетекші солистері, жас орындаушылар, симфониялық оркестр мен хор құрамын қоса алғанда екі жүзден астам өнерпаз қатысты. Олар кәсіби шеберліктерін ғана емес, театрға деген адалдық пен шығармашылық жауапкершіліктің қандай болатынын да көрсетті.
Бүгінде театр жаңа көрерменді тәрбиелеудің түрлі жолдарын іздеп келеді. «Опера түні» – сол ізденістің жарқын жемісі. Ашық аспан астындағы концерттер, сахна сыртындағы экскурсиялар, камералық музыкалық кештер классикалық өнердің тек таңдаулыларға ғана емес, барша жұртқа ортақ рухани қазына екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Театр шамдары сөнгенімен, өнердің сәулесі өшпейді. «Опера түні» осы ақиқатты тағы бір мәрте ұқтырды. Өйткені театр – қойылым көрсететін орын ғана емес, уақытпен бірге өмір сүретін, дәстүрді жаңашылдықпен сабақтастыратын, адам жанына сұлулық пен ізгілік нәрін құятын киелі мекен. Ал сол мекеннің түнгі тынысын сезінген жанның жүрегінде опера өнеріне деген ықылас бұрынғыдан да арта түсері сөзсіз.