Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
Былтыр мамыр айынан бастап, баспана алуға кезекке тұрған ел азаматтарының дерегі жергілікті әкімдіктерден «Отбасы банкіне» өтіп, бұл құрылым тұрғын үйдің кезегі мен есебін жасайтын, пәтерлерді бөлетін ұлттық даму институты болып қайта құрылған еді. База деректерін кезең-кезеңімен тексеріп шыққан банк біраз жайттың бетін ашқан.
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Былтыр елімізде тұрғын үй саясатын реформалауға бағытталған жаңа заң күшіне енгені белгілі. Оның басты мақсаты – мемлекет есебінен жалға берілетін және жеңілдетілген ипотекалық несиемен рәсімделетін баспаналардың «бармақ басты, көз қысты» әрекеттердің жетегінде кетпей, оған шынымен мұқтаж жандардың арасына әділ бөлінуін қамтамасыз ету.
Жаңа заңда тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар арасында баспананы бөлу тетігінен басқа, осы саланы толық цифландыру, ақпараттық жүйелерді жаңғырту, оның электрондық базасын қалыптастыру сынды мәселелерге маңыз берілді.
Былтырғы қазан айынан бастап іске кіріскен «Отбасы банкке» жергілікті органдар 640 мыңнан астам кезекте тұрған адамның деректерін жолдаған. Олардың әрқайсысын жіті қарап, тиісті талаптарға сәйкестігін тексерген ұлттық институт біраз олқылық тапқан. Деректерді талдау барысында сарапшылар жүйедегі ретсіздік пен азаматтардың жеке мәліметтеріне қатысты қателіктерді анықтаған. Атап айтқанда, қағаз есептен электрондық есепке өткен кезде кейбір деректер жоғалып кеткен. Баспанаға мұқтаж ретінде есепте тұрған кей азамат мекенжайын басқа өңірге ауыстырғаны белгілі болған. Сондай-ақ отбасы құрамын тіркеген кезде кеткен қателіктер мен әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтарға, олардың заңды өкілдеріне қатысты мәселелер де жетерлік.
База деректеріне жүргізілген талдаманы саралай келе, «Отбасы банк» азаматтардың құқын қорғау, оларды тұрғын үй кезегінен негізсіз шығармас үшін бірнеше шешім қабылдапты.
Оның біріншісі әлеуметтік осал топтар, соның ішінде жетім балаларға қатысты болды. «Мектеп бітіргеннен кейін жетім балалар көбіне басқа қалаға оқуға немесе жұмысқа кетіп, тіркеуін өзгертеді, кейде тіпті уақытша тіркеусіз қалатын кездері болады. Осындай жағдайда оларға «тұрғын үй бөлінбейді» немесе «мүмкін емес» деген жауаптар беріліп отырған. Осыған байланысты біз мынадай шешім қабылдап отырмыз: енді бұл санаттағы азаматтар тұрғын үй алуға қай өңірде кезекке тұрса, сол өңірден баспаналы бола алады. Тіркелген мекенжайы маңызды емес», дейді «Отбасы банк» басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.
Кейбіреулерде әке-шешесінен мұра болып қалған немесе жекешелендірген үйде үлесі болады. Мұндай азаматтар бұған дейін баспана кезегіне тұру құқынан қағылып келді. Енді пәтерде немесе үйде шағын үлесі барлар мемлекет тарапынан берілетін пәтерге кезекке тұра алады, оларды ешкім де кезектен ысыра алмайды. Яғни биыл ақпаннан бастап, үлестің болуы тұрғын үй кезегіне тұруға кедергі емес. Кезекте тұрғандар үлесі болса да, жалға берілетін тұрғын үй немесе жеңілдетілген ипотека ала алады.
Бірақ «Отбасы банк» мамандары үлес пен бірлескен меншік ұғымын шатастырмау керектігін ескертті. Үлестік меншік дегеніміз — тұрғын үйдің белгілі бір бөлігіне ие болу. Мысалы, пәтердің төрттен бір бөлігі болуы мүмкін. Қалғаны сол отбасының басқа мүшелеріне тиесілі. Ал бірлескен меншік – некеге тұрған кезде сатып алынған жылжымайтын мүлік. Бұл пәтер әйелінің не күйеуінің атында болса, онда екінші жақ автоматты түрде сол үйдің иесі болып есептеледі де ол мемлекеттік бағдарламаларға қатыса алмайды.
Бұрынғы тәртіп бойынша кезекте тұрғандарға мемлекет тарапынан үй беріліп, ол адам кредиттік немесе жалға берілетін тұрғын үйден бас тартса, онда жүйе оны кейінгі 5 жылда тұрғын үйі бар деп есептеп, тұрғын үйге тіркеу мәртебесін тоқтататын. Ал қазіргі жаңа ереже негізінде әлгі үй берілген адам шынымен сол баспанада тұрмағаны дәлелденсе, онда қайтадан кезекке тұрып, мемлекеттік үйге қол жеткізе алады. Ол үшін қолында әкімдікпен жасалған келісімді ресми түрде бұзу туралы құжаты болуы керек.
Бақша шаруашылығына арналған үйі бар адамдарға да жеңілдік беріліп отыр. Жаңа тәртіп бойынша олар да жеңілдікпен берілетін баспанаға үмітті бола алады.
«Отбасы банк» мамандары база деректерінде көптеген қателік кеткенін алға тартты. Мысалы, қамқоршыларды тәрбиеленушілермен ауыстырған, ата-аналардың орнына бала жазылып кеткен. «Құжаттағы қателерді өтініш жазып немесе әкімдік хатымен, сот шешімімен түзеу керек. Кейбір деректерде отбасының құрамында бөтен адамдар көрсетілгенін анықтадық. Кезекте тұрғандар жүйеде туысы емес адамды отбасы мүшесі ретінде тіркеген. Мұндай азаматта арыз бен растайтын құжаттары бойынша отбасы құрамынан шығарылады. Тұрғын үйді ескірген деректер бойынша бөлу жағдайлары да кездесті. Мысалы, шын мәнінде жоқ отбасыларға пәтер бөлінген. Соның салдарынан одан кейін тұрған азамат кезегін ұзақ күтіп қалған. Сондықтан жалға берілетін немесе жеңілдетілген ипотекалық үй құжаттары түгел, деректері жаңартылған адамдарға ғана бөлінеді», дейді банк мамандары.
«Отбасы банк» барлық қабылданған шешім Қазақстан Республикасы заңнамасы шеңберінде жүзеге асатынына сенім білдірді.
«Кезектегі әр жазбаның артында отбасының өмірі, үміті тұрғанын жақсы түсінеміз. Біздің міндет – әр жағдайды әділ бағалау. Бұрын жүйеде қателік болса, оны бүгін түзетуіміз керек. «Отбасы банк» халықтың мұң-мұқтажын естіп отыр және ел тұрғындарының өмірін нақты жақсартатын шешімдер қабылдауын жалғастырады», деді Л.Ибрагимова.
Ұлттық институт келешекте бір үйге мұқтаж болып отырған ел азаматтарының өмір сапасын жақсарту мақсатында арнайы тұрғын үй комиссиясы құрылуы мүмкін екенін де айта кетті.
Соңғы жаңалықтар
Күрделі кезеңдегі іргелі бетбұрыс
Сараптама • Бүгін, 08:15
Саясат • Бүгін, 08:10
Стратегиялық маңызды теміржол желісі іске қосылады
Саясат • Бүгін, 08:05
Газ саласын реттейтін құжат талқыланды
Саясат • Бүгін, 08:00
Елена Рыбакинаның 20 жетістігі
Теннис • Кеше
Жеңіл атлеттер Қытайда жеті жүлде олжалады
Спорт • Кеше
Дзюдошылар Парижде үш қолаға қол жеткізді
Спорт • Кеше
Қазақстандық биатлоншылар 2026 жылғы Олимпиадада жекелей сайыста өнер көрсетті
Олимпиада • Кеше
Ертең елордада мектеп оқушылары мен колледж студенттері қашықтан оқиды
Ауа райы • Кеше
Олимпиада-2026: Шыңғыс Ракпаров шаңғы қоссайысында 35-орынға жайғасты
Олимпиада • Кеше
Алматыда хирургтер 31 магнит жұтып қойған баланың өмірін сақтап қалды
Оқиға • Кеше
Жаңа Конституция: Сарапшылар қоғамдық тұрақтылық пен дамуға қолдау білдірді
Ата заң • Кеше
Президент азаматтардың құқығын қорғау және қоғамдық тәртіпті сақтау мәселелері бойынша жиын өткізді
Президент • Кеше
Ерлан Қарин: Жаңа Конституция тұңғыш рет алдымен қазақ тілінде әзірленді
Ата заң • Кеше
Қостанай облысында интернет-алаяқтықтың жолы кесілді
Аймақтар • Кеше