Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Сурет; abai.kz
Бүгінде Қытайдың Қорғас пен Достық шекара өткелдерінен шығатын жүктердің Ақтау мен Құрық теңіз порттарына дейін жетуі үшін тұтас құрлық дәлізін қалыптастыру маңызды. Ең бастысы, жаңа автожол пайдалануға берілгеннен кейін бұрынғы айналма бағыт шамамен мың шақырымға қысқарып, жүк жеткізу уақыты 4,5–5 тәуліктен 3 тәулікке дейін азаяды. Яғни тасымалдаушылардың шығынын азайтып, еліміз арқылы өтетін халықаралық транзиттің құнын төмендетеді. Соның нәтижесінде еліміз арқылы өтетін жүк тасымалының көлемі артып, транзиттік дәліздің тартымдылығы еселенбек.
Бейнеу ауданы үшін бұл жобаның маңызы ерекше. Өйткені ауданымыз ежелден тоғыз жолдың торабы саналады. Алдағы уақытта автомобиль, теміржол, теңіз логистикасы тоғысатын ірі көлік торабы ретінде дами түседі. Осылайша, инфрақұрылымның бір жерде шоғырлануы ірі мультимодальды көлік-логистикалық хаб қалыптастыруға мұрындық болмақ.
Жаңа автожолдың тағы бір маңызды тұсы – өңірдің туристік әлеуетін арттыруға ықпал етуі. Маңғыстау – еліміздің теңіз жағалауына ие жалғыз өңірі. Кейінгі жылдары облыстың табиғи көрікті жерлері мен тарихи-мәдени нысандары халықаралық деңгейде кеңінен насихатталып келеді. Жол қатынасының жақсаруы өңірге келетін туристердің санын көбейтіп, ішкі туризмнің дамуына жол ашады.
Жоба өңіраралық экономикалық байланысты нығайтуға да үлкен үлес қосады. Мәселен, оңтүстік өңірлерден Маңғыстауға көкөніс пен жеміс-жидек секілді ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу жеңілдейді. Ал Бейнеу ауданында өндірілетін ұлутас және басқа да құрылыс мате-риалдарын еліміздің өзге өңірлеріне тасымалдау әлдеқайда тиімді болады. Бұл кәсіпкерлер үшін жаңа нарықтарға жол ашып, өңіраралық сауда айналымын ұлғайтпақ. Сонымен қатар Ақтау және Құрық теңіз порттары арқылы Ираннан және басқа мемлекеттерден келетін жүктерді еліміздің оңтүстік пен орталық өңірлеріне жеткізу мүмкіндігі де кеңейеді.
Бейнеу тұрғындары бұл бастаманы жай ғана жол құрылысы емес, өңірдің болашағына салынған инвестиция деп қабылдайды.
Ардақ БОРАШ,
Бейнеу аудандық мәслихатының төрағасы
Маңғыстау облысы