Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып келе жатқан көпвекторлы және прагматикалық сыртқы саясат еліміздің халықаралық аренадағы беделін арттырып қана қоймай, Орталық Азиядағы өзара тиімді ынтымақтастықтың жаңа моделін қалыптастыруға жол ашып отыр.
Осы тұрғыдан алғанда Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық әріптестік – Орталық Азиядағы тату көршілік пен өзара тиімді ынтымақтастықтың жарқын үлгісі.
Ақтау қаласында өткен Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы Өңірлер басшылары кеңесінің бірінші отырысы және «Қазақстан – Өзбекстан: бірлескен жобалар және өсудің жаңа мүмкіндіктері» тақырыбындағы бизнес-диалог екі ел арасындағы қарым-қатынастың жаңа сапалық деңгейге көтерілгенін көрсетті. Маңызды жиынға Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов, Өзбекстан Республикасының Премьер-министрі Абдулла Арипов, екі елдің мемлекеттік органдары, өңірлері мен бизнес қауымдастығының өкілдері қатысты.
Өңірлер басшылары кеңесінің алғашқы отырысында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастық мемлекеттер басшылары айқындаған стратегиялық бағыттың нақты нәтижесіне айналып отырғанын атап өтті.
Түркістан облысы мен Өзбекстан арасындағы сауда-экономикалық қатынастар да жыл санап кеңейіп келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өңір мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 511 млн АҚШ долларынан асты. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 109 пайызға өскен. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің айтуынша, негізгі мақсат – сауда көлемін арттырумен қатар, бірлескен өндірістердің санын көбейтіп, жоғары қосылған құны бар өнім шығаруға көшу.
Қазір «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы аумағында жалпы құны 234 млн АҚШ долларын құрайтын алты инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалар жаңа өндірістерді іске қосып, жұмыс орындарын ашуға және екі ел арасындағы өндірістік байланыстарды нығайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Түркістан облысында өзбек капиталының қатысуымен жалпы құны 73 млн АҚШ долларын құрайтын тамшылатып суару жүйелерін өндіру, ет кластерін құру, балық шаруашылығын дамыту, туристік инфрақұрылымды жетілдіру және металл өңдеу салаларындағы жобалар жүзеге асырылып жатыр.
Ақтауда өткен бизнес-диалогтың Түркістан облысы үшін де маңызы зор болды. Іс-шара қорытындысында Түркістан облысы әкімдігі мен өзбекстандық серіктестер арасында жалпы құны 78 млн АҚШ долларын құрайтын инвестициялық меморандумдарға қол қойылды. Келісімдер аясында металл өңдеу зауытын салу, күнбағыс майын өндіру, жүгеріні терең өңдеу, ет өңдеу кешенінің өнімдерін халықаралық нарыққа шығару және заманауи балық шаруашылығы кешенін құру жобалары көзделген.
Атап айтқанда, құны 47 млн АҚШ долларын құрайтын жоба аясында профлист, металл құбырлары, сэндвич-панельдер және жеңіл болаттан жасалған жұқа қабырғалы конструкциялар өндіретін кәсіпорын салынбақ. 2 млн АҚШ долларын құрайтын жоба бойынша күнбағыс майын өндіретін зауыт іске қосылады. 5 млн АҚШ долларына бағаланған жоба жүгеріні терең өңдеу өнімдерін өндіруге және экспорттауға бағытталса, 12 млн АҚШ долларын құрайтын жоба аясында ет өңдеу кешенінің өнімдерін халықаралық нарыққа шығару жоспарланған. Сондай-ақ 12 млн АҚШ долларына тұқым өсіруге арналған заманауи балық шаруашылығы кешенін құру жөнінде келісім жасалды.
Бұл жобалардың барлығы бір ғана экономикалық көрсеткіштермен өлшенбейді. Олар жаңа жұмыс орындарын ашуға, өндірістік кооперацияны кеңейтуге, экспорттық әлеуетті арттыруға және Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өзара тәуелділікті экономикалық тұрғыдан нығайтуға мүмкіндік береді.
Түркістан облысының экономикалық дамуында да бұл бағыт айқын байқалады. Өңір шикізатты сыртқа шығаруға негізделген модельден оны терең өңдеп, жоғары қосылған құны бар дайын өнім өндіруге бағытталған индустриялық экономикаға кезең-кезеңімен көшіп келеді. Мақта-тоқыма, ет және жүгері кластерлерінің қалыптасуы – осы саясаттың нақты нәтижесі. Өңірге өткен жылы 4 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылып, оның жартысына жуығы шетелдік инвестициялардың үлесіне тиесілі болды. Бұл көрсеткіштер Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын ғана емес, елдің халықаралық серіктестерімен өзара тиімді экономикалық байланыстарды дамытуға деген ұстанымының тұрақтылығын да көрсетеді.
Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастықтың тағы бір маңызды бағыты – су ресурстарын тиімді пайдалану. Орталық Азия үшін су мәселесі тек экономикалық немесе экологиялық мәселе емес, өңірлік қауіпсіздік пен тұрақты дамудың стратегиялық факторы болып саналады. Сондықтан мемлекеттер арасындағы ашық диалог пен өзара келісімге негізделген су дипломатиясының маңызы жыл сайын артып келеді. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстанның су үнемдеу технологияларын енгізуге басымдық беруі – ұзақмерзімді тұрақты даму саясатының бір бөлігі.
Түркістан облысында бүгінде су үнемдеу технологиялары 164 мың гектар алқапқа енгізілген. Оның 37 мың гектары биыл іске асырылған. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті тағы 13 мың гектарға ұлғайту жоспарланып отыр. Бұл жұмыстар ауыл шаруашылығының тиімділігін арттырып қана қоймай, трансшекаралық су ресурстарын ұтымды пайдалану жөніндегі өңірлік ынтымақтастыққа да өз үлесін қосады.
Қазақстанның халықаралық бастамаларының өзегінде бейбітшілік, өзара сенім және тұрақты даму идеясы жатыр. Елдің БҰҰ аясындағы бітімгершілік қызметі, ядролық қарусыздану бастамалары, халықаралық және өңірлік ұйымдардағы белсенді дипломатиялық ұстанымы Қазақстанның жаһандық және аймақтық деңгейдегі жауапты мемлекет ретіндегі беделін нығайтып келеді.
Бүгінде Қазақстан өзінің сыртқы саяси басымдықтарын бейбіт дипломатия, тату көршілік және өзара тиімді экономикалық серіктестік қағидаттарымен сабақтастыра отырып жүзеге асыруда. Бұл – Қазақстанның халықаралық және өңірлік деңгейдегі бастамаларының нақты іспен ұштасып, елдің сыртқы саясатының басты мақсаты бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтай отырып, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталғанының айқын дәлелі.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Түркістан облысы