Inform.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Кәсіпкерлердің айтуынша, олар бірнеше жыл бұрын жер телімдерін ресми қаулы негізінде заңды түрде алған. Сол кездегі әкімдіктің шешімі мен тиісті мемлекеттік органдардың келісімдері бар. Алайда қазір бұл құжаттардың күші жойылып, сот шешімімен жерлер заңсыз деп танылған.
Олардың әрқайсысы демалыс үйлерін салуға 30 млн-нан 300 млн теңгеге дейін қаржы жұмсаған. Бүгінде нысандардың бір бөлігі толық салынып бітсе, енді бірі туристерді қабылдауға дайын.
— Біз 2022 жылдың тамыз айында құрылыс жұмыстарын бастадық. 2023 жылы нысанды аяқтап, техникалық паспортын рәсімдеп, қабылдау актісін алдық. Сонымен қатар жарық, газ, жол және интернет желілерін өз қаражатымызға жүргіздік. Сол кездегі округ әкімі құрылыс алаңына келіп, жұмыстың барысынан хабардар болды. Егер іргетасы қаланып жатқан сәтте ескерту жасалғанда, мұндай шығынға батпас едік, — дейді кәсіпкердің бірі.
Түйткілді мәселеге байланысты кәсіпкерлер аудан әкімі Еркеғали Әлімқұловтың қабылдауында болып, наразылықтарын білдірді.
Аудан әкімінің мәліметінше, бұл мәселе бұған дейін де бірнеше рет көтерілген. Оның айтуынша, аталған нысандар бойынша облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы сотқа берген.
— Сот шешімі шыққан. Біздің қолымыздағы ақпаратқа сәйкес, кәсіпкерлер сотта жеңіліп қалған. Жер телімдерінің басым бөлігі жайылымдық мақсатта берілген. Алайда бұл аумақтарда демалыс аймақтары салынған, — деді аудан әкімі.
Кәсіпкерлер сот шешімімен келіспей, апелляциялық шағым түсірген.
— Заң бұзушылықтар сотта дәлелденді. Кейбір азаматтар жер телімдерін үшінші тұлғалардан сатып алған. Жердің нысаналы мақсаты сақталмаған, тиісті рұқсат құжаттары рәсімделмеген жағдайлар бар. Заңға сәйкес, сот өндірісіне қабылданған істер бойынша шешімді тек сот органы қабылдайды және оны басқа мемлекеттік органдар қарай алмайды, — деді аудан әкімі.
Ұзаққа созылған мәселе бойынша кәсіпкерлер облыс әкімдігіне барып, жауапты сала басшыларымен кездесті. Қазіргі таңда комиссия құрылып, зерделеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Аудан әкімдігінің мәліметінше, аталған жер учаскелері сот шешімдерінің негізінде мемлекеттік меншікке қайтарылған.
— 2020-2021 жылдары Төлеби ауданы Біркөлік елді мекенінде орналасқан 27 жер учаскесі азаматтарға саяжай құрылысы үшін берілген. Кейіннен уәкілетті мемлекеттік органдар тарапынан жүргізілген тексерулердің нәтижесінде аталған жер учаскелері жер заңнамасының талаптарын бұза отырып және мораторий қолданылған кезеңде берілгені белгілі болды. Заң бұзушылықтарды Түркістан облысы бойынша Жер ресурстарын басқару департаменті және Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті анықтаған. Осы фактілер бойынша қылмыстық іс қозғалып, тиісті тергеу әрекеттері жүргізілді, — делінген ресми мәлімдемеде.
Жиналған материалдар Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық сотына жолданып, сот шешімдерімен жер учаскелерін мемлекеттік меншікке қайтару туралы қаулылар қабылданған.
— Қазіргі таңда 12 жер учаскесі бойынша апелляциялық шағымдар Түркістан облыстық сотында қаралып жатыр. Барлық іс-шара заң талаптарына сәйкес және құқықтық алаң аясында жүзеге асырылады, — деп мәлім етті ведомство.
Бұдан бұрын Төлеби ауданы Бірінші мамыр ауылында тұрғындар балмұздақ өндіретін зауыттың кәріз суынан шығатын сасық иіске шағымданған болатын. Тұрғындар бұл мәселенің мазалап келе жатқанына 20 жылдай уақыт болғанын жеткізген еді.