Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..
Оның айтуынша, ғылыми ізденісін мал азығына арналған өсімдіктерді өсіру, жайылым шаруашылығы мен геоэкология саласын тұрақты дамытуға серпін берер өзекті мәселелердің түйінін табуға арнады. Мәселен, 1985–1990 жылдары Каспий теңізінің жағалауын кешенді зерттеп, тұзданған топырақта өсетін мал азықтық өсімдіктерді іріктеу жұмысын қолға алды. Өйткені теңіз жағалауының кейбір бөлігін тұз басқан.
«Мұндай топырақта тұздың улы иондарының жиынтығы 0,9%-дан асады. Тұзданудың әсерінен тозған жерді қалпына келтіру, мал шаруашылығын дамыту үшін жемшөп қорын көбейту бағытында зерттеу жүргіздім. Өйткені өзім ауылда өстім. Он алты жасымда кеңшарда шопан болып жұмыс істедім. Сол кезде мал санын көбейту үшін әуелі шабындық аумақты, жемшөптің мол қорын дайындау қажет екенін түсіндім. Бірақ жыл сайын қазақ даласы, әсіресе батыс аймақтағы жер тозып барады. Мәселен, Атырау облысы аумағындағы жердің 92 пайызы тұзданған. Демек мұндай жерде түрлі әдіспен егілген шөптің өнімділігі төмен болады. Топырақтағы тұз кетпей, сапалы өнім алу мүмкін емес», дейді ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Б.Мұхамбетов.
Ғалымның ғылыми зерттеулерінің нәтижелері «Scopus» және «Web of Science» базасында индекстелетін халықаралық ғылыми журналдарда жарияланып жүр. Агроөнеркәсіптік кешен үшін практикалық маңызы бар бірқатар патент мен селекциялық жетістіктердің авторы атанған ғалымның ғылыми жұмысының негізгі бағытының бірі – 2024–2026 жылдары жүзеге асырылып жатқан «Аридтік өсімдіктерді өсірудің тиімді технологияларын әзірлеу (жартылай шөлейт және шөлейт)» жобасы. Қазір аталған жоба аясында еліміздің батысындағы облыстардың күрделі табиғи-климаттық жағдайына бейімделген мал азықтық дақылдарды өсірудің заманауи әдістері әзірленіп жатыр.
Болат Мұхамбетовтің ұзақ жылғы ғылыми ізденісінің қатарында «Медовый» аталатын сары түйежоңышқа сортының тұқымы бар. Қазір бұл тұқым қолданысқа енгізілді. Тұқым Қызылорда облысында шөп, пішен және сүрлем өсіру үшін жеткізіліпті. Сондай-ақ тұзданған топырақтың құнарлығын қалпына келтіру мақсатында пайдаланылады.
«Түйежоңышқаның жаңа сорты көптеп өсірілсе, бір гектардан 600 килоға дейін бал алуға болады. Бұл ара шаруашылығы мен ауыл экономикасын дамытуға жаңа мүмкіндік береді. Қазақстанның батысында аридті өңірдегі шаруашылықтарда изенді (Kochia prostrata) өсіру, соның негізінде мал азығын дайындау технологиялары енгізіліп жатыр. Зерттеулер гранттық жоба аясында 40–50 гектар аумақта жалғасып, өндірістік деңгейде жүзеге асырылады. Былтыр дайындалған ғылыми-практикалық ұсыныстар фермерлер мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер тарапынан тәжірибелік нұсқаулық ретінде қолданылып келеді», дейді ғалым.
Әріптестері Болат Мұхамбетовтің әзірлеген ғылыми тұжырымдардың аграрлық секторды дамыту үшін маңызы ерекше екенін жоққа шығармайды. Өйткені оның бірнеше себебі бар. Ғалымның пікірінше, біріншіден, Батыс Қазақстандағы тозған жайылымдарды қалпына келтіруге ықпал етеді. Екіншіден, Каспий теңізі маңындағы тұзданған аумақта суармалы мәдени жайылымдар құрудың ғылыми негізін қалыптастырады. Үшіншіден, мал шаруашылығы үшін жемшөп қорын нығайту серпін береді. Төртіншіден, эрозиялық үдерістердің алдын алуға жол ашады.
Көп жылғы ізденісінің нәтижесінде түйежоңышқаның тұзды жерде өсетін ақ түсті «Аркас», сары түсті «Медовый» түріне назар аударып отыр. Бұл өсімдіктердің жаңа түрлері 1 метр 70 сантиметрге дейін өседі.
«Кейінгі үш жылда 17 түрлі өсімдік өсірдік. Соның ішінде түйежоңышқаны өсіруді дамытуға бет бұрдық. Бұл – үздіксіз өсетін өсімдік. Түйежоңышқаның бұл сорттарын Қызылорда облысының Сырдария, Жалағаш аудандарындағы шаруа қожалықтары өсіре бастады. Сол өңірдегі «Таң», «Абзал» шаруашылықтары бастапқыда 60 гектарға, кейін 120 гектарға өсіруді қолға алды», дейді Б.Мұхамбетов.
Атырау облысы