Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..
Үш жылдан бері аталған лигаға қатысып келе жатқан жергілікті командалар бұл жолы тізімге ілікпеген. Қаладағы «Мұнайшы» стадионы жөндеу жұмыстарына жабылады. Томарлыдағы алаң лига талаптарының бірқатарына сәйкес келмейді. Ал былтыр жаңғыртылған «Судоремонтник» стадионындағы алаң дайын тұрса да әлі сертификаттаудан өтпеген.
Осыған байланысты лига ұйымдастырушылары «Атырау» командаларын қатысушылар қатарынан шығарған. Ата-аналардың айтуынша, мәселе бұған дейін де бірнеше рет көтерілген. Алайда уәде берген әкімдік өкілдері сезім сөйлеп, арық шыққан.
Фото: Нұрбибі Теміртасова/Kazinform- Бізге уәде берді. «Б жоспарымыз бар, керек болса Ақтауда ойнайсыздар» деді. Бірақ лига ұйымдастырушыларына біздің өңір атынан олқылықтың орнының толтырамыз деген кепілдік хаттың берілгеніне күмән бар. Ал алаңы толық дайын емес «Тараз» кепілдік хат беріп, лига ойындарына қатысайын деп жатыр. Осы жағдай көпті алаңдатып отыр,- деді ата-ана Гүлжанат Тәжімғалиева.
QJ League 2009–2012 жылы туған жасөспірімдер үшін маңызды алаң саналады. Мұнда ойыншылар тәжірибе жинап, кәсіби деңгейге көтерілуге мүмкіндік алады. Оның үстіне қатысу шығындарын лига ұйымдастырушылары өз мойнына алады.
Фото: Нұрбибі Теміртасова/Kazinform- 20 наурыз күні балаларымыз ойнатын «Атырау» командасының лига тізімінде жоқ екенін білдік. Бұл жаңалық бізді және балаларымызды есеңгіретін тастады. 100 бала бүгін ғана алаңға келмеді, олар алты жасынан бері кәсіби түрде дайындалып, барын салып дайындалып жүр. Облыстық спорт басқармасы, клуб басшылығы лиганың қашан басталатынын біледі. Алдын ала қам жасау керек еді. Салғыттық танытып, кем кетікті жасадық дегеннің өзінде ұйымдастырушыларға «кепілдік хат» жіберілмек, біз лигадан тыс қалдық деп ойлаймыз,-деді жас фтуболшының анасы Жібек Сейтаева.
Ал «Атырау» футбол орталығының жетекшісі Қуаныш Қабдолов алаңның жақын күндері сертификаттаудан өтетінін мәлімдеді.
- Қыс бойы алаң қар астында жатты. Өткен аптаның басында алаңға сертификаттауда өткізетін мамандар келіп тексерді. Алаңды тарау мәселесі қозғалды. Осы аптада олар қайта келіп, өздерінің аппараттарымен тексереді. ҚФФ атынан жарыстарды өткізуге болады деген сертификат береді,- деді ол.
Былтыр ғана жөндеуден өткен біздегі алаңды жауаптылар лига ойындары басталғанша толық дайындауға талпынып жатыр. Үлгермеген жағдайда Ақтаудағы стадионды жалға алу үшін келісім жасап қойған. Бұл мәселе бойынша біз ұйымдастырушылармен байланыстық. Ал олар ойынды басқа қалада өткізуге болмайды деп отыр.
- «Атырау» ФК тарапынан «Судоремонтник» стадионында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан кезеңде QJ League-тің төрт жас санаты бойынша командалардың үй матчтарын уақытша Ақтау қаласында өткізу ұсынысы түсті. Алайда Лига саясатына сәйкес, командалардың барлық логистикалық шығындары орталықтандырылған түрде Freedom QJ League қаражатынан өтелетіндіктен, елеулі форс-мажор жағдайлары болмаған жағдайда матчтар тек қатысушы команданың өз қаласында өткізілуі тиіс, - деп пікір білдірді QJ League баспасөз қызметі
Ала доптың айналасындағы айқау шу мұнымен бітпейді. Балаларды шыңдап жүрген жаттықтырушылар 2 айдан бері айлықсыз жұмыс істеп жүр. Соңғы жаңалық команданың, яғни жас өрендердің тауын қайтарып, жігерін құм қылған.
Фото: Нұрбибі Теміртасова/Kazinform- 2026 жылы осы лигада өнер көрсететін командалардың деңгейі біздің командамен шамалас деп ашық айтуға болады. Ал екінші лигада ойнайтын командалардың деңгейі, әрине, QJ лигадағы командалардай жоғары емес. Сондықтан жігіттер мықтылармен жарысып, өзара бақ сынасқысы келеді. Ешкімнің де қандай да бір адамдардың кесірінен, спорттық қағидаттарға емес, басқа себептерге байланысты төменгі лигаға түсіп қалғысы келмейді,-деді жаттықтырушы Абылайхан Каким.
Белгілі болғандай, биыл QJ лигада 12 команда ғана өнер көрсетеді. Қатысушылар тізімі Қазақстан футбол федерациясының Атқарушы комитеті тарапынан бекітілген және өзгертуге келмейді.Лига ойындары сәуір ойының ортасында басталуы тиіс.
- Чемпионаттың басталуына бір айдан аз уақыт қалды. Лига командалардың сырт алаңдағы матчтарына билеттерді сатып алып қоюды бастады, өтінім беру науқаны жүріп жатыр. Қатысушылар тізімі Қазақстан футбол федерациясының Атқарушы комитетімен бекітілгеннен кейін оған өзгерістер енгізу мүмкін емес. Сондай-ақ қатысушылар санын 14 командаға дейін арттыру мүмкін емес. Лига логистика мен тұру шығындарын толықтай өз мойнына алады. Ағымдағы маусымның бюджеті «А» дивизионында 4 жас санаты бойынша 12 команданың қатысуымен жарыстар өткізуге есептелген, - деп мәлімдеді QJ League баспасөз қызметі.
Ал Атырау облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы барлық дайындық жұмыстары толық жүргізілді, команданың лигаға қатысуы федерацияның ресми шешіміне байланысты деп отыр.
- «Судоремонтник» стадионы лига талаптарына толық сәйкес дайындалды. Алаң жабындысы (газон) 2025 жылғы желтоқсан айында толық жаңартылып, қазіргі таңда пайдалануға дайын күйде. Нысан 2026 жылғы 20 наурызда QJ лигасының барлық талабына толық дайын болды. Ал лига аясындағы алғашқы ойындардың басталу мерзімі 2026 жылғы 18 сәуірге жоспарланған. Стадион инфрақұрылымы UEFA стандарттарына толық сәйкес келеді: заманауи футбол алаңы, электронды табло, бейнетүсірілімге арналған арнайы мұнаралар және алаңды қоршайтын жарнамалық борттар, - деп хабарлады Атырау облыстық дене шынықтыру,спорт және туризм басқармасы.
Ата-аналар енді мәселені шешуге орталықтағы органдар мен лига басшылығы араласуын сұрайды. Олардың пікірінше, бұл тек бір команданың емес, өңірдегі жас футболшылардың болашағына тікелей әсер ететін жағдай.
Ақпан айында «Атырау» футбол клубы саттыққа шығарылды. Сатып алуға ниетті кәсіпкер әкімдіктің талабы бойынша кемінде 1 млрд теңгеге футбол академиясын салу керек.