Egemen.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
Юиыл туғанына 125 жыл толып отырған саңлақ өнерпаздың мерейтойына орай Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы ұйымдастырған «Сайра, бұлбұл» концерті көрерменді Манарбек мұрасымен қайта қауыштырған рухани кешке айналды.
Манарбек Ержанов – қазақтың дәстүрлі ән мектебі мен кәсіби музыкалық мәдениетінің арасын алтын көпірдей жалғаған қайраткер. Өнер иесінің орындауындағы әр ән – халықтың жүрек лүпілі, әр күй сайын даланың самалы, әрбір сахналық бейне қазақ рухының көркем келбеті еді. Сахна саңлағының өнер жолы ауыл арасындағы қарапайым ән кештерінен басталғанымен, тас жарған тамаша таланты көп ұзамай-ақ елге тез танылды. Он алты-он жеті жасынан Біржан сал, Ақан сері, Естай, Жаяу Мұса, Шашубай әндерін нақышына келтіріп орындаған жас талапкердің бойындағы табиғи дарын жұртшылықты тәнті етті.
Иә, ауылда қой бағып жүріп ән салған бала кейін қазақ өнерінің заңғар биігіне көтерілді. Ол өнерге деген алғашқы құмарлықты анасы Нақбаладан алды. Ал кәсіби қалыптасуына Күсенбай, Шашубай Қошқарбайұлы, Әміре Қашаубаев секілді алыптардың ықпалы зор болды. Бір жыл бойы Әміренің шаңырағында бірге тұрып, оның өз аузынан отызға жуық ән үйренуі – қазақ мәдениетіндегі сирек кездесетін тағылым мектебі. Сол себепті Манарбектің орындауында Біржанның асқақтығы, Ақанның сыршылдығы, Естайдың лиризмі мен Арқа әнінің кең тынысы табиғи үндестік тапты.
Қазақ театры тәй-тәй басқан кезеңде Манарбек Ержанов ұлттық сахнаның қалыптасуына да өлшеусіз еңбек сіңірді. Өнер иесінің сомдаған кейіпкерлері жай ғана рөл емес, тұтас дәуірдің көркем шежіресіне айналды. 1928 жылдан бастап ұлттық театр сахнасында еңбек еткен Манарбек Ержанов қазақ операсының қалыптасуына өлшеусіз үлес қосты. Әсіресе «Айман – Шолпан», «Қыз Жібек», «Ер Тарғын», «Жалбыр» сынды музыкалық қойылымдардағы актерлік шеберлігі театр өнерінің жаңа белесін айқындады. Ал Абай атындағы Опера және балет театры сахнасында Жарас, Әзім, Естай, Шеге сияқты күрделі образдарды сомдап, актерлік пен әншіліктің тұтас мектебін қалыптастырды.Оның жарқын дәлелі 1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігі Манарбек шығармашылығының ең биік белестерінің біріне айналды. Қазақтың төл өнері күллі Одаққа танылған тарихи сәтте әншінің күміс көмей дауысы ұлттық мәдениеттің беделін асқақтатты.
Біртуар тұлға өмірінің соңына дейін халық әндерінің қадір-қасиетін жоғалтпай, оны жаңа ұрпаққа жеткізуді өзінің азаматтық парызы санады. Қазақ мемлекеттік филармониясында қызмет еткен жылдары халықтық терме мен желдірмені, кең тынысты әндерді жаңа көркемдік деңгейге көтерді. Әншінің орындауындағы шығармалар уақыт тезінен сүрінбей өтіп, бүгінгі күнге дейін ұлттық музыканың алтын қорында сақталып келеді.
Манарбек Ержанов композитор ретінде де қазақ музыкасына мол мұра қалдырды. Оның «Жетісу», «Астана», «Батыр жорығы», «Күсенбай», «Өрнек», «Шалқар көл», «Аққу көлі» секілді күйлері мен хорға арналған шығармалары кәсіби музыканың көкжиегін кеңейтті. Ал «Сайра, бұлбұл», «Әнші Біржан», «Шегенің термесі», «Көкшенің әні», «Қуанышым», «Бақыт жыры» сияқты әндері халық жүрегінен берік орын алды.
Өнер иесінің сондай жарқын туындыларының бірі – «Паровоз» әні. Бұл шығарманың дүниеге келу тарихының өзі қазақ өнеріндегі тағылымды оқиғалардың біріне айналған. 1936 жылы Мәскеуде өтетін Қазақ әдебиеті мен өнерінің алғашқы онкүндігіне аттанған өнер керуені отарбада жүйткіп келе жатады. Сол сапарда жыр алыбы Жамбыл Жабаев айналасына жиналған жас өнерпаздарға: «Балаларым, неге осы паровоз туралы ән шығармайсыңдар?» деп ой тастайды. Жыр алыбының осы сөзі шығармашылық шабыттың қайнарына айналып, аз уақыттың ішінде ақын Әбділдә Тәжібаев пен Манарбек Ержановтың әйгілі «Паровоз» әнінің өмірге келуіне себеп болады. Жаңарған дәуірдің тынысын, уақыттың екпінін, елдің алға ұмтылған жігерін бейнелеген бұл шығарма кейін қазақ ән өнерінің классикалық үлгілерінің қатарына қосылды.
Манарбек Ержанов пен Жамбыл Жабаевтың шығармашылық үндестігі мұнымен шектелмейді. Жыр алыбы халықтық «Көк көгершін» термесін Манарбектің өзіне үйретсе, Манарбек Жамбылдың «Жетісу» өлеңіне ән шығарып, ақын сөзіне жаңа тыныс береді. Осылайша, жыраулық дәстүр мен кәсіби композиторлық өнердің табиғи сабақтастығы қалыптасып, қазақ музыкасының өрісі кеңейе түсті.
Манарбектің өнердегі биігін көзі көрген замандастары да ерекше бағалады. Академик Ахмет Жұбанов Манарбектің өмір жолына баға бере отырып, оның жетімдіктің тауқыметіне мойымаған қайсар мінезін, өнерге деген адалдығын ерекше ілтипатпен жазады. Ал көрнекті музыка зерттеушісі Борис Асафьев Манарбектің дауысын «қазақтың сайын даласының үнін Мәскеудің төріне жеткізген құдірет» деп бағалайды. Мұндай жоғары пікірлер кездейсоқ туған жоқ. Өйткені Манарбек Ержановтың орындауындағы әндер уақыттың сынынан сүрінбей өтіп, ұлттың рухани жадына айналды. Олар – өткеннің естелігі ғана емес, бүгін де тыңдарман жүрегін тербейтін, ертеңге аманат болып жалғасатын мәңгілік өнердің асыл мұрасы.
«Сайра, бұлбұл» концерті осы мол мұраның өміршеңдігін дәлелдеген ерекше мәдени оқиға болды. Кеште «Халық қазынасы» ұлттық өнер орталығының әншілері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Ерлан Рысқали, Құмарбек Қалқатай, Медет Салықов, Нұрболат Арзамасұлы, Клара Төленбаева, күйші Қайрат Айтбаев пен «Astana sazy» қазақ мемлекеттік фольклорлық ансамблі Манарбектің шығармаларын жаңа тыныспен орындады. Арнайы қонақтар Нұрболат Тапалов пен Берік Омаров та халық музыкасының алтын қорындағы туындыларды көпшілік назарына ұсынды. Домбыраның қоңыр үні, қобыздың күңіренген сазы, сыбызғының сырлы әуені бір-бірімен үндесіп, көрерменді өткен ғасырдың алтын дәуіріне жетелегендей әсер қалдырды. Бұл кеш өткенге тағзым ғана емес, ұлт жадының жаңғыруы, мәдени сабақтастықтың салтанаты болды.
Иә, Манарбек әні үзілген жоқ. Ол бүгін де сахнада шырқалып келеді. Жас әншілердің үніне қуат, ұлттық өнердің тамырына нәр беріп тұр. Уақыт талай өнерпаздың атын көмескілендіргенімен, Манарбек Ержановтың үні көмескі тартқан жоқ. Себебі Манарбек әні – уақыттан озған дауыс. Оның орындауындағы әрбір шығармада қазақ даласының самалы, халықтың жан дүниесі, ұлттық болмыстың асқақ рухы сақталған. Манарбек мұрасы – тыңдарман жүрегінен орын тауып, ұлт руханиятын байытып келе жатқан мәңгілік мәдени қазына.