Үлескерлердің төрт жылдық сергелдеңі

18.08.2026

Aikyn.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..

Өкініштісі сол, елорда іргесіндегі шаһар­да мұндай жағдайлар кейінгі уақытта тым жиілеп кетті. Үлескерлерден алған миллиардтарды қалтасына басқандар жазасыз қалып, баспананы аяқтауға асық­пай жатқаны халықтың шымбайына әбден батқан. Солардың қатарында осыдан 4 жыл бұрын Сарыарқа шағынауданындағы 22д мекенжайында салынуға тиіс тұрғын үйдегі пәтерлері үшін бар ақшасын салып жібер­гендер бар.

Құрылыс басталғанда бұл жерде иен дала болған. Ал қазір төбесі көк тіреген зәу­лім үйлер бой түзеген. Кейбірінде құры­лыс жұмыстары әлі жүріп жатыр. Тек орта­сында іргетасы басталғанымен аяқсыз қал­ған 12 қабатты нысан тұр. Баспана уәде етіл­гендей уақытында салынса, бұл жерде 226 отбасы қоныс тойын тойлауы керек еді. Оның ішінде 17 үлескер аттай 122 миллион тең­ге қаражатын салып жіберген.  

Бүгінде зейнетке шыққан Жұматай Тәжі­баев қазір ұлының құрқылтайдың ұя­сын­дай ғана кішкентай пәтерінде бірге сыйы­сып тұруға мәжбүр. Қария 2022 жылы жаңадан салынатын үйден жаңа пәтер ал­мақ болған. Қолда бар нәпақасының бәрін ипотекалық несиеге салып жіберген ақса­қал­дың ойы орындалмай, ақшасы желге ұшқан.

– Пәтердің бар ақшасын түгелдей тө­ледім. Ол кезде үйдің құны 12 миллион тең­ге болған. Жинағанымнан жетпегеніне не­сие алдым. Міне, қазір бес жылдан бері зей­неткермін. Соның төрт жылында осы не­сиені төлеп келемін. Мына аядай ғана тар пәтерден кеңірек жайлы пәтер аламыз деп ойлаған едік. Ал қазір ақшамыз да, бас­па­намыз да жоқ, – дейді Жұматай Тәжібаев. 

Ақсақалдың айтуынша, ол өзегін өр­теген осы мәселемен екі мәрте қала әкімі­нің қабылдауында болған. Қала әкімінен еш нәтиже шықпаған соң облыс әкіміне кіріп, мәселені ашық айтуды жөн көреді. Алайда екі жылдан бері облыс әкімінің қа­былдауына мүлде кіре алмапты. Қария өзі­нің төлеген сомасына баспана берілуін та­лап етіп отыр. Өйткені дәл қазір сол со­ма­ға тек жатақхана бөлмесін ғана ала алады.

Әбден сергелдеңге түскен тұрғындар мә­селені шешу үшін тіпті өздері аяқтап беру­ге келіскен құрылыс компаниясын да тап­қан. Бірақ ол да айтқан сөзінен танып тұр­ғын үйді салудан бас тартыпты. Өйткені бұрынғы құрылыс компаниясының бұл ғи­маратқа қойған бағасы тым жоғары бол­ған. 

Сегіз үлескердің мүддесін 2024 жылдан бе­рі қорғап келе жатқан заңгер Ілияс Бай­ғожин істің іс жүзінде алаяқтық екеніне еш күман қалмағанын жеткізді. 

– Біз өз тарапымыздан тексеріс жүргі­зіп, барлығы 17 үлескер бар екенін анықта­дық. Ал бұрынғы құрылыс салушы компа­ния тарапынан тұрғын үйдегі пәтерлер бойын­ша 37 үлескер және коммерциялық ны­сан бойынша бір үлескер бар деген ақ­парат берілген. Алайда ресми түрде рас­тал­ғаны – 17 адам. Оның тоғызы сотқа жү­гін­ді. Қазірдің өзінде олардың пайдасына сот ше­шімдері шықты. Бірақ одан еш нәтиже бол­м­ай отыр. Сот орындаушылары да еш­теңе істей алмайды, өйткені компанияның аты­­на тіркелген мүлік те, қаражат та жоқ, – дейді Ілияс Байғожин.

Заңгердің айтуынша, алдымен Ақмола об­лысының мемлекеттік сәулет-құрылыс ба­қылауы басқармасына сауал жолданған. Сол арқылы үлескерлермен келісімшарт жа­­­­сасқан компанияның бұл нысанның құры­лыс салушысы да, мердігері де емес еке­­ні анықталған. Құзырлы мекеме өз жауа­бында тағы екі компанияның атауын көр­сеткен.

Бастапқыда Көкшетау қаласының по­лициясы алаяқтық фактісі бойынша қыл­мыстық істі қозғаудан бас тартып, құрылыс ком­панияларының әрекетінен ешқандай «қылмыс белгілерін» таппаған. Алайда тұр­ғындар шағымдарын тоқтатпай, мәсе­лені түрлі деңгейде көтере берген. Нәти­же­сінде, 2025 жылғы қаңтардың соңында өткен кеңестердің бірінде қылмыстық істі бәрібір қозғау туралы тапсырма берілген. Заң­гердің айтуынша, іс 2025 жылдың соңы­на дейін тергелгенімен, кейін тағы да қыл­мыс құрамының болмауына байланыс­ты тоқтатылған.

Тұрғын үй құрылысының тапсырыс беру­шісі саналатын М-Group Asia серік­тес­тігі және үлескерлермен келісімшарт жа­сасу операторы болған Build Group Kokshe компаниясының заңгері Елдар Хи­самутдиновтің айтуынша, жоба алғаш басталған 2021 жылы компания үлес­кер­лер­дің қаражатын тартуға Қазақстандық тұр­ғын үй компаниясының кепілдігін ал­ған.

– Сол кезде бізде «Тұрғын үй құрылыс жи­нақ банкімен» осы жобаны жеңіл­детіл­ген ипотекалық несие бағдарламасы ая­сын­да ілгерілету жөнінде келісім болған. Біз үлескерлердің қаражатын тарта бас­та­дық. 2021 жылы Көкшетауда үлескерлердің ақшасын тартуға құқығы мен рұқсаты бар жал­ғыз компания болдық. Кейін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» жеңілдетілген не­сиелеудің барлық бағдарламасын тоқ­тат­ты. Ал 2022-2023 жылдары Көк­ше­тау­дағы жылжымайтын мүлік нарығында то­қырау болды. Барлық компанияда саты­лым күрт төмендеді. Оның басты себебі – жеңіл­де­тілген несие бағдарламаларының тоқта­тылуы еді. Осыған байланысты біздің де қара­жат тартуға берген рұқсатымыз кері қай­тарылды. Сәйкесінше, құрылыс та тоқ­тап қалды, – дейді Елдар Хисамутдинов.

Оның айтуына қарағанда, бұдан кейін ком­пания құрылысқа қаржы салатын жеке ин­весторларды іздей бастаған. Бірқатар инвестор қызығушылық танытқанымен, нақты іске көшкендері болмаған.

– Былтыр қыркүйек айында Ал­ма­ты­дағы инвестициялық компаниялардың бірі­м­ен келісімге де келдік. Бірақ түсініксіз се­бептермен әлі күнге дейін ақша салынған жоқ. Алматыға үш рет ұшып барып, келіс­сөз жүргіздім. Алайда әзірге нәтиже жоқ. Инвестор нысанға кірген жоқ. Қазір Көк­шетаудағы құрылыс компанияларының бірі­мен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Бұл ком­пания бізге қала әкімдігінің алаңында өт­кен кездесуде ұсынылды. Сол жерде қала прокуратурасының өкілі де болды, – дейді ком­пания заңгері.

Осылайша, төрт жылдан бері пәтер­лері­нің кілтін күткен 226 адамның тағдыры әзірге тағы да инвестордың келуіне бай­ла­нып тұр. Үлескерлердің айтуынша, уақыт өткен сайын олардың бастапқы салған ақшасының құны да құнсызданып барады. Төрт жыл бұрын баспана алуға жеткен қа­ра­жат бүгінде сол көлемдегі пәтерді сатып алуға қауқарсыз. Ал олардың көпшілігі әлі күнге дейін несие төлеп келеді.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью